Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Елімізде жоғары оқу орындарындағы құқықтық білімнің жағдайына, заңгер мамандардың сапасына қатысты сын пікірлерді, әсіресе жұмыс берушілердің заң факультетінен шыққан түлектердің даярлығына көңілі толмайтындығы жиі айтылады.
«Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің сәуір айындағы жиынында еліміздегі құқықтық білім мәселелерін анықтап, оларды шешу мақсатында құқықтық білімді дамытудың тұжырымдамасын жазу ұсынылды. Жоспар бойынша елімізде заңгерлерді даярлайтын 60 университеттің осы саланы дамытуға қатысты, тұжырымдамаға енгізетін ұсыныстары алдын ала жиналып, сұрыпталады. Одан соң тұжырымдаманың құрылымы жасалып, Астанада өтетін стратегиялық сессияда барлық университет өкілдері жұмыла талқылап, тұжырымдама жобасының соңғы нүктесін қоймақ болып келісілді.
Жақында Maqsut Narikbayev University-де «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестік ұйымдастырған стратегиялық сессия өтті. Бұл іс-шараға құқық саласындағы жетекші мамандар, академиялық қауымдастық өкілдері, 52 жоғары оқу орны, мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Сессияның басты мақсаты – еліміздегі құқықтық білімді дамытудың негізгі бағыттары мен басымдықтарын айқындайтын бірыңғай тұжырымдама әзірлеу. Сессияға дайындық барысында заң факультеттері жіберген ұсыныстар жүйеленіп, қазіргі жағдайдың SWOT және PESTL талдаулары жүргізілді.
Университеттер ұсынған деректер мен ұсыныстарды негізге ала отырып, тұжырымдама жоспары әзірленді. 52 жоғары оқу орны өкілдері саланың мәселелерін анықтап, шешу жолдарын, дамытудың негізгі бағыттарын талқылап, тәжірибелерімен алмасты.
Тұжырымдаманы талқылау барысында проблемалар да сөз болды.
Біріншісі – оқу бағдарламалары сапасының төмендігі. Еліміздегі 60 университет сан түрлі бағдарламамен заңгер даярлайды екен. Оған қоса көптеген университетте білім бағдарламаларының теориялық және жария құқықтық сипаты басым. Оқу орнында берілген білімде практика мен нарықтың қажеттілігі ескерілмегендіктен түлектер жұмысқа тұрғанда теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруда, нарыққа қажетті құқықтық мәселелерді шешуде қиындыққа кездеседі.
Екіншісі – кадр мәселесі. Елімізде білікті оқытушылардың инфрақұрылымы жақсы, ірі қалаларда шоғырланғаны белгілі. Басқа шаһарларда орналасқан университеттерде жоғары білікті оқытушылар, халықаралық тәжірибесі бар мамандар тапшы. Алайда маман аздығына қарамастан, елімізде 60 жоғары оқу орны заңгер даярлап жатқанын айта кеткен жөн. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы, техникалық, педагогикалық бағыттағы университеттер де бар. Кадр мен бағдарлама сапасына, оқу орнының профиліне қарамастан, сұраныс бар екен деп барлығы құқық жүйесіне кадр даярлайды. Сонда берілген білімнің сапасы, түлектің құзыреттілігі қайда қалды? Тиісті ынталандырудың жеткіліксіздігінен, университеттерде ұрпақтар сабақтастығы үзіліп, жас оқытушыларды жетілдіретін ғылыми мектеп жүйесі тоқырай бастаған.
Білікті, халықаралық тәжірибеге ие мамандардың жоқтығы – үшінші мәселенің туындауына себеп. Жаңашыл, тың көзқарастың жоқтығынан кейбір жоғары оқу орындары заңгер мамандығының заманауи рөлін жете түсінбейді. Бүгінде әлемнің дамыған елдеріндегі заң факультеттері, ең алдымен, бизнестің сұранысына жауап беретін, озық технологиялардың, жасанды интеллектің, смарт келісімшарттардың, блокчейн мен трансұлттық корпорациялардың құқықтық мәселелерін шешетін заңгер даярлайды. Ал біздің заң факультеттеріміздің көпшілігі әлі күнге Кеңес одағында қалыптасқан менталитеттен, қылмыстық құқық пен теорияның басымдылығынан арыла алмай келеді. Сондықтан бұл университеттер өнімінің басты тұтынушысы бизнес немесе халықаралық заң фирмалары емес, көбінесе ішкі істер органдары немесе мүлдем басқа салалар.
Төртінші мәселе – қазақ тіліндегі құқықтық білімнің мүшкіл жағдайы. Құқық жүйесінің тілі орысша қалыптасқан. Заңдарымыздың қазақ тіліндегі нұсқасындағы қателер, бірізді құқық терминологиясының жоқтығы, қазақ тілінде сабақ беретін мамандар мен оқу материалдарының тапшылығы сияқты кемшіліктер студенттердің сапалы білім алуына, кейін түлектердің тәжірибеде құқықты дұрыс қолдануына кедергі келтіреді.
Бұған қоса еліміздегі құқық жүйесінің Ресей құқық доктринасына шамадан тыс тәуелділігі де назар аударатын фактор. Қазақстандағы құқықтық білім, доктрина, құқық қолдану, заң шығармашылығы ресейлік стандарттар мен практиканың ықпалында. Өкінішке қарай, бұл жағдай еліміздің тәуелсіз және өзіндік құқықтық жүйесінің дамуын тежеп отыр. Мемлекеттік тілдің құқық жүйесінен тысқары қалып қоюының басты себебі де осы.
Стратегиялық сессия барысында құқықтық білім тұжырымдамасының негізгі бағыттары айқындалды. Бірінші бағыт білім бағдарламаларының сапасын көтеруді көздейді. Ең алдымен, ортақ стандарттар мен құзыретілігі қарастырылған бірыңғай түлек профилін енгізу көзделіп отыр. Жоғарыда атап өткендей, құқықтық білім саласында университеттердің білім бағдарламалары әртүрлі. Бірыңғай бітіруші профилін әзірлеу және бекіту арқылы заң факультеттеріне сапалы түлек даярлауға басымдық беріледі.
Сондай-ақ бакалавриат түлектеріне кәсіби қауымдастық тарапынан ұйымдастырылатын бірыңғай біліктілік емтиханын енгізу ұсынылады. Қазіргі кезде әрбір жоғары оқу орнында оқу бағдарламасының мазмұны, оқыту әдістемесі, жалпы студенттерге қойылатын талаптар әртүрлі болғандықтан, нәтижесі де сан қилы. Бірыңғай біліктілік емтиханын енгізу түлек сапасын институционалды деңгейде реттеп, сапасыз түлектерді мамандықтан шеттетуге мүмкіндік береді. Десе де, бұл ұсыныстың тұжырымдамаға енуіне түсінікті себептермен, университеттердің көпшілігі қарсы болды.
Жаһандану, технологиялар мен жасанды интеллекттің даму жағдайында болашақ заңгерлердің Soft Skills, басқа да заманауи құзыреттіліктерін дамыту да негізгі ұсыныстың бірі болды. Қазір түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге құқық саласымен қатар, олардың қосымша дағдыларын қалыптастыру, тілдерді игерту өте маңызды. Осы тұрғыда заңгерлерге ағылшын тілі мен мемлекеттік тілдің қажеттілігі ерекше екенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар құқықтың тек теориясымен шектелмей, практикасына да баса назар аударылады. Құқықтық пәндер бойынша қазақ тілінде сапалы оқулықтар әзірлеу де – басым бағыттың бірі. Сондай-ақ оқыту бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, заңгердің дүниетанымын кеңейтетін жаңаша форматта құқық философиясы және салыстырмалы құқық әдістемесін қосу, көптілді траекторияларды дамыту да ұсынылды.
Тұжырымдамадағы келесі бағыт – кәсіби қауымдастықпен интеграцияны күшейту.
Заң факультеттерінің негізгі тұтынушысы – жұмыс берушілер, оның ішінде заңгерлердің кәсіби қауымдастықтары екені белгілі. Оларды академиялық ортаға тарту оқу үдерісінде теория мен тәжірибені ұштастырмақ. Сол себепті жұмыс берушілерді білім бағдарламаларын әзірлеу мен жетілдіруден бастап, пәндердің мазмұнын жаңартуға, лекция оқуға, клиника жұмысы мен халықаралық үдерістік ойындарға тарту, яғни оларды заңгер кадрлар даярлау жүйесіне іс жүзінде қатыстыру өте маңызды.
Үшінші бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және академиялық адалдықты дамыту.
Заңгер кадрларды даярлаудың ең басты талаптарының бірі академиялық адалдық стандарттарын қатаң сақтау екендігі мәлім. Сол себепті болашақ заңгерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық дағдылары университетте қалыптасқаны абзал.
Ғылым және ғылыми кадрлар сабақтастығына қатысты бағыттың да орны бөлек. Осы бағытқа қатысты маңызды ұсыныстың бірі – жастарды оқытушылық, ғылым, академиялық мансапқа ынталандыру жүйесін енгізу. Бүгінде университетте, академиялық салада жұмыс істеу жас мамандарға тартымды кәсіп емес. Құқықтануды ғылым ретінде жаңғырту үшін ғылыми мектептер мен ғылыми кадрларды даярлау, оларды қолдау жүйесін қайта қалпына келтіру қажет.
Ғылымда ұрпақтар сабақтастығын қалпына келтіру де – аталған бағыттағы өзекті мәселенің бірі. Құқық ғылымының кенжелеп қалуының басты себебі – ғылыми кадрлар сабақтастығының болмауы. Ол профессорлардың жолын жалғайтын шәкірт даярлауы арқылы жүзеге асады. Ғылым жолына, академиялық салаға келген жас мамандардың алдында түсінікті, сенімді, жақсы жалақымен қамтамасыз етілген айқын жол картасы болғанда ғана олар бұл салаға бет бұратыны сөзсіз.
Стратегиялық сессия барысында, өкінішке қарай, жиынға қатысқан кейбір жоғары оқу орындарының өкілдері тұжырымдамаға қатысты ұсыныстарын берген жоқ, құрылымдық диалогке белсенділік танытпады. Кейіннен талқылау нәтижесінде шыққан құжатқа сенімсіздік танытуға тырысты. Дегенмен басқа да жоғары оқу орындары белсенділігінің арқасында жұмыс сәтті аяқталды. Стратегиялық сессияда 52 университет өкілінің үш күндік еңбегінің нәтижесі ретінде шыққан құқықтық білімді дамыту тұжырымдамасының жобасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне жіберілді.
Стратегиялық сессияның алдына қойылған мақсат орындалды деуге толық негіз бар. Мәселеге тікелей қатысы бар университет өкілдерінің ортақ жұмысының нәтижесі ретінде еліміздегі құқықтық білімді дамыту тұжырымдамасының жобасы дайындалды. Бұл тұжырымдама заңгер кадрларды даярлаудың сапасын арттыруға, кәсіби қауымдастықпен қарым-қатынасты тереңдетуге, заманға сай білім технологияларын енгізуге, ғылыми кадрлар даярлайтын ғылыми мектеп жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат болмақ. Құқықтық білімді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу – еліміздегі құқықтық білім беру жүйесін жетілдіру жолындағы маңызды қадам. Стратегиялық сессия болашақ заңгерлерді даярлаудың тиімді тәсілін қалыптастыруға негіз болып, еліміздің құқықтық жүйесінің дамуына тың серпін беретініне сенімдіміз.
Марат Ахмади,
Maqsut Narikbayev University ғылыми қызмет және зерттеулер жөніндегі вице-провост