Мәдениет • 07 Маусым, 2024

«Түрік» сөзі хақында бірер сөз

113 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тарихи таным үнемі жаңғырып, жаңарып отыратын үдеріс десек, бүгінде «түрік» этнонимінің төңірегінде түрлі ой айты­лып, термин таным таразысына қайта түсіп отыр. «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған пікірлер осыны аңғартады. Бұл өзі бұрын сөз болған, бірақ нақты ғылыми шешімін тап­па­ған мәселе болғандықтан күн тәртібіне қайта қойылып отыр. Бай­қасақ, бүгінде «түрік» сөзіне байланысты пікірлер екіге жарылған. Біреулері «түркі» сөзжасамын дұрыс санаса, екін­шілері «түрік» деген қолданысты құп көреді. Бірақ «түрік» сөзі­нің этимологиясы мен семантикасына қатысты жаңаша пікір­лер айтып жатқандары аз. Әркім өз ұстанымын орта­ға салып, өзге мәселелерге мән бермейтін сияқты.

«Түрік» сөзі хақында бірер сөз

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Түрік сөзінің этимологиясы­ түрко­логия ғылымында бір­шама зерттелген. В.Бартольд, А.Баскаков, А.Бернштам, Г.Вамбери, Ф.Гор­деев, А.Зайончковский, А.Коно­нов, М.Қашқари, Ю.Немат, В.Мах­пиров, Р.Фрай сияқты ға­лымдар оны арнайы сөз еткен. М.Қашқари «түрік» сөзін антропоним ретінде қабылдаса, В.Бартольд VI ғасырдағы көшпелі ел атауы, Г.Вамбери «адам», «жаратылу», Ю.Немат «күш, қуат» деген мағынада түсінгенін көреміз. А.Кононов бұл терминге байланысты бірнеше болжам жасаған. Бірінде бұл атауды «төркін» сөзі­мен байланыстырады. Екіншісінде, түрік сөзінің алғашқы буыны түр-түс ұғымының фонетикалық өзге­ріске түскен көрінісі деген бол­жам ұсынады. Соңғы «к» - көп­шілік жинақтаушы аффикс. Осы негізде атауды түрік әскері­нің жинақтаушы атауы деген тұ­жырым жасаған.

«Түрік» сөзіне қазақ ғалым­да­ры да ой бөлді. Өзінің «Түрік» сөзінің тегі неде?» (БжЕ, 1979, №12) атты мақаласында Ә.Қоңыратбаевтың түрік сөзінің моңғолда түркот, қытайша – түкюс, санскритше – туруска, грекше тойркот, санскритше – туруска, соғдаша – түрк екенін жинақтап, оны тархан, түркан атауларымен байланыстырғаны бар. Одан бөлек бұл мәселеге қатысты арнайы мақала жазған зерттеушілер бола қойған жоқ.

Өзінің «Түрікмен шежіресінде» Әбілғазы Мәуереннаһр аймағына бар­ған оғыздардың түрік, ал бұ­рынғы түріктердің түркманенд деген атауға ие болғанын көрсет­кен. Мұндағы түрк – этноним бол­са, маненд – түрікке ұқсас деген семан­ти­каға ие. Осыған жуық пі­кір И.Березин басылымынан да кез­деседі.

Түрік сөзі туралы деректерді М.Қашқари сөздігінен де табамыз. Онда бұл этнонимді алғаш А.Македонскийдің қолданғаны айтылған. Әбілғазы шежі­ресінде turk+man деген мәлімет келті­ріл­се, енді бір деректерде атау «турк iman» болып, исламға бейімделген. Осы аймақтағы парсылармен тілдескен түріктер өздерін turk+man деп атағанын Вамбери де жазған. Бірақ парсы сөзінің фарси ретінде жұмсалғаны секілді түрік атауы түрки формасында қолданысқа көп түсе қоймаған.

«Түрік» сөзінің мағынасы әр алуан.­ Түрік – этноним, түрік – эпоним, түрік – антропо­ним, түрік – түрік тектес тайпалардың ортақ атауы. Ғасырлар бойы жинақ­тал­ған осы деректерді назарға алар болсақ, «түркі» тұлға­сын­да қолданысқа түскен этноним, эпо­ним, антропонимдердің болма­ға­нын көреміз.

В.Бартольд және оның заман­дастарының еңбектерінде түркі-моңғол деген қосарлы этнонимдер кездесіп отырады. Рашид ад-Дин, Әбілғазы жазбаларымен жақсы таныс болған В.Бартольд түріктер мен моңғолдардың тектестігін ескеріп, «түрік» сөзін жалқы емес, «түркі-моңғол» деген қосарлы этноним үлгісінде пайдаланған.

ХХ ғасырдың 40-жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жүзеге асырмақ болған «Қазақ әдебие­тінің тарихы» атты жобаның екінші кітабына көне түрік жазба ескерткіштері мен Түрік қағанаты туралы танымдық материал­дар енуге тиіс болған. Институттың архив деректерінен бұл тақырып­тардың Ә.Қоңыратбаев еншісіне тиіп, республикамыздағы мерзімді баспасөз беттерінде Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, т.б. жазба мұраларына байланыс­ты мақалалары жарық көр­генін байқаймыз. Аталған тақы­рып­тарды ғылыми оралым­ға қос­қаны үшін ғалым сая­си сынға ілігіп, нәтижесінде, ғалым­дарымыз түркологиялық ізденіс­тер­ден бас тартуға мәжбүр болған. 40-50-жылдары тарихи танымға шек­теу қойылып, тарихи мектеп тәжірибесі теріс бағаланды. Көне түрік тарихын сөз еткен ғалым­дар­ға «пантүркист» деген саяси айдар тағылып, қудалауға түсті.

Мәселе саяси сипат ал­ған кезде зерттеушілеріміз «түрік» сөзін екі түрлі формада қол­да­нуға мәжбүр болған. Оның бірін­шісі (түрік) Анадолы түрік­теріне, екіншісі (түркі) Алтайды мекендеген түрік тектес тайпаларға қатысты қолданысқа түскен. Мұны 1926 жылы Бакуде өткен түркологиялық басқосудан соң жүзеге асқан деушілер де бар. Бірақ 30-жылдарғы еңбек­терден түрік және түркі деген бөлі­ністерді кездестіру қиын. Көне түріктер, көне түрік жазбалары деген тіркестер қолданысқа тү­с­се де, түрік және түркі деген бөлініс 40-жылдарғы әдеби-тарихи ізденістерден байқала бермейді. «Пантүркист» деген саяси қалпақ бұл екі терминді қолдан­ғандарға емес, Алтайдағы түрік тай­паларының тарихы мен жазба мәдениетін зерделегендерге кигізілген еді.

Бір этнонимнің екі түрлі үлгіде қолданысқа түсуіне В.Бартольд еңбек­теріндегі «тюрко-монгол» деген тіркестің негіз болғанын айттық. Екінші жағынан, бұл терминдер «капиталистік» Түркияны кеңес одағының құрамындағы түрік тектес халықтардан ажырату үшін қолданылған. Осылайша, кеңес одағының құрамына енген халықтардың атауы «түркі», ал Ана­долы жұрты «түрік» аталып кете барған. Бірақ бұл 30-50 емес, 60-80-жылдары жүзеге асқан үдеріс. Осы кезде түркология ғылы­мы дамып, көне жазба­ ескерт­кіштер зерттеле түсті. Ә.Қоңырат­баевтың «Көне түрік поэ­зиясы және қазақ фольклоры», М.Жол­дасбеков, одан соң А.Қыраубаеваның көне жазба ескерткіштерге байланысты ізденіс­тері жүзеге асырылды. Бұл тақырыпты Қ.Өмірәлиев сияқты тілшілер де зерделеді.

Бүгінде көне түрік жазбаларын зерттеушілер қатарына түркология мәселелерімен кештеу айналысқан ғалымдарды қосу байқалып жүр. Қар­сы­лық жоқ, бірақ оларды түркология ғылымының іргетасын қалады деп дәріп­теуден аулақ болғанымыз жөн. Себебі бүгінгі зерттеушілер оның ақ-қарасын оп-оңай анықтап алады.

Түрік тайпаларының жазба­ ес­кер­­ткіштеріне қайта оралу өткен ғасыр­дың 60-жылдары И.Стеблеваның «Поэзия тюрков VI-VIII веков» атты еңбегінен соң басталған еді. «Күлтегін» жазбасының ғылыми оралымға түсетін кезі – сол. И.Стеблева еңбегінің ізімен қазақ ғалымдары да орхон жазба ескерт­кіштеріне байланысты зерттеулер жүргізді. Бұл бағыттың басында сонау 40-жылдардан бастап Ә.Қоңы­рат­баев тұрып, негізгі ойларын «Қазақ ауыз әдебиетінің ис­ламға дейінгі дәуірі» деген мәсе­ле аясында ғылыми оралымға тү­­сір­ген болатын. 60-жылдары М.Жол­дас­­­­беков, А.Қыраубаева сияқты жас кадр­­­ларды даярлау ісіне Б.Кен­же­баев­­­тың қосқан үлесі де болды.

Жарты ғасырдан астам уақыт түрік сөзі ғылыми әдебиеттерде түрік, түрүк, түркү, түркүт түрін­де қолданылып келсе, тегі бір халықтарға бірде «түрік», бірде «түркі» деген калькалық терминді қолданудың жа­сандылығы айқын. Әрине, жарты ғасыр­ға жуық қолданыста болып, құлағымызға әбден сіңіп кеткен бұл терминдерді бір сәтте өзгерте қою оңай емес. Өйткені кеңес заманында талай зерттеулер осы ізде жазылды. Дегенмен бұл тақырыпты ғылыми негізде арнайы сөз етіп, «түрік» сөзінің табиғи, ал «түркі» атауының жасанды, калькалық сипатын ашатын кез келді. Мұны бір кездері түркология ғылымында жіберілген кемшіліктерімізге қайта бір оралу, түзету, яғни герменевтикалық пайым деп түсінген ләзім.

 

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,

филология ғылымдарының докторы, профессор