1-қатарда (солдан оңға қарай): Қ.Сәтбаев, А. Шорманов, А.Сәтбаев, Г.Сәтбаев, 2-қатарда (солдан оңға қарай): Б.Әбікейұлы, А.Бектұров, Р.Әбікейқызы
Алаш тұлғаларын жауапты қызметтен алу, оқу-ағарту жұмысына араластырмау, оларға қарсы қуғын-сүргін ерекше қарқын алған 1927 жылы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев педтехникум директорлығынан босатылды. Алайда ол жастар арасына Алаш идеясын таратып, олардан отаншыл азаматтар даярлау бағытындағы жұмысын жалғастыра берді. Әбдірахманов, Мусин, Бегалин, Ұзақов, басқа да Семей жастары елдегі маңызды мәселелерді шешу жолдарын Әбікей Сәтбаевпен кеңесе отырып шешті. Директорлық қызметке дейін де облыстық земство басқармасының оқу бөлімін, губерниялық оқу бөліміндегі қазақ мектептері бөлімін басқарған, мұғалімдер семинариясында сабақ берген Ә.Сәтбаевқа қазақ балаларының мектепке тартылуы, қажетті оқулық құралдарымен қамтылуы сияқты білім саласындағы аса күрделі мәселелер жақсы таныс болатын.
Педтехникум жастары Ә.Сәтбаевтың кеңесімен Губерниялық атқару комитетіне, Губерниялық халық ағарту мекемелеріне барып, жастарды оқуға орналастыруды талап етті. Демонстрация ұйымдастырып, Губерниялық атқару комитетінің төрағасы Досовқа, Губерниялық халық ағарту мекемесінің басшысы Сейдалинге, Губерниялық халық ағарту мекемесінің бөлім басшысы Әміржан Сыдықовқа өз талап-тілектерін білдірді.
Әбікей Сәтбаев және Ахмет Байтұрсынұлы. Қызылорда. 1927 жыл ақпан
Бұл істің басы-қасында болған Мұқан Әбдірахманов – Әбікей Сәтбаевтың шәкірті. Ол 1901 жылы Қарағанды облысы бұрынғы Қарқаралы округі Қу ауданының 3-ауылында туған.
Арғы аталары Ақмола губерниясын мекен еткен текті әулеттен. Атасы Кенесары батырдың досы, өзі де батыр болған кісі. Нағашылары Қоянды жәрмеңкесін ұйымдастырушылардың бірі, атақты бай-кәсіпкер, ағартушы-меценат, Алаш қозғалысының көрнекті өкілі Хасен Ақайұлы, белгілі ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы да анасы жағынан туыс.
БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Ф.Голощекин Қазан төңкерісі қазақ аулындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды бұзбады, төңкеріс «ауылдың жанынан құйындай өте шықты-мыс» деп көрсетті. Ауылды кеңестендіруді, егіндік және шабындық жерлерді қайта бөлуді және басқа шараларды ауылдағы төңкерістің алғашқы нышандары ғана деп білді. Патриархалдық-феодалдық қатынастар мен рушылдық қалдықтардың ықпалын асыра көрсетті. Бұл пікірлер Өлкелік партия конференцияларының, БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің 20-жылдардың екінші жартысында болған бірқатар пленумының шешімдерінен де орын алды.
1927–1928 жылдары Қазақстанда қарқынды жүргізілген ірі байларды тәркілеу, ұжымдастыру кезінде Мұқан Әбдірахманов, басқа да жастар топ құрып, кеңестік биліктің асыра сілтеу саясатына қарсы тұрды. Мұқанның өзі ата-анасының большевиктерден көрген қысымы мен қорлық, зорлығы туралы: «Менің әке-шешем бай болғанымен, олардың барлық малын алғашқы бөлініс (1919–1920, 1921), ет дайындау (1926–1929), салық салу кезінде билік иемденген. Биліктің барлық әрекеті менің оған деген өшпенділігімді тудырды, мен оны жек көре бастадым. Неге екені белгісіз, билікке деген ашуым әлі де бар», деп жазды.
Әбікей Зейінұлы Сәтбаев (1881-1937) – Семей педагогикалық техникумының тұңғыш директоры,
Алаш ұлт-азаттық қозғалысына қатысушы
Мұқан Әбдірахманов, басқа да жастар биліктің қазақ байларына қарсы қолданып отырған мал-мүлкін тартып алу, жер аудару науқандарының қателігі жөнінде насихат жұмыстарын жүргізді. Губком, Горком, басқа да кеңес мекемелерінен келген белсенді коммунистер Семей жастары тобын контрреволюциялық-ұлтшыл деп атап, жастарды «сәтбаевшылдықпен» айыптады. Мұқан Әбдірахманов, Төлеужан Мусин, Сапарғали Бегалинді техникумнан, комсомол қатарынан шығару туралы қаулы қабылданды.
Қазақстан өлкелік партия комитетін Ф.Голощекин басқарған 1925–1933 жылдарда Қазақстанда «жікшілдік», «ұлтшылдық» ұраны ушыққан және оларды жазалау жалпы сипат алған кесірлі кезең болғаны белгілі. «Сәтбаевшылдықты» айыптау Алаш зиялысы Әбікей Сәтбаевтың шәкірттерін қуғындау мақсатында жасалды. «Сәтбаевшылдық», «сәдуақасовшылдық», «қожановшылдық», тағы басқа «шылдықтар» Ф.Голощекин бастаған коммунист белсенділердің ұлттық бағыттағы қазақ интеллигенциясымен күрес әдісі болатын.
1926 жылдың қараша пленумында қазақ зиялыларына қарсы шабуылын өрістете түскен Ф.Голощекин алашордалықтардың екі буынын анықтап: «Алашордалықтар туралы айтқанда біз шатасып жүрміз. Алашордалықтардың екі түрі бар: ескі басшылары мен алашордалықтардың жаңа буыны. Бұлардың өзара үлкен айырмашылықтары бар. Егер біз ескі тәртіптегі алашордалықтарды алсақ, маған олардың өткенде бірдемесі бардай көрінеді. Олар өткен уақытта, қазақ болмысында революционер, буржуазиялық революционерлер болды. Ал жастарда ол жоқ, оларда ашу-ыза басым, олар кеңестік билікпен күресте есейді» деп сипаттады.
Ф. Голощекин мойындағандай, алдымен патшалық билікке, соңынан өңін өзгерткен кеңестік отарлау саясатына қарсы күрескен Алашорда қайраткерлері мен ұлттық интеллигенцияның С.Сәдуақасұлы, С.Қожанұлы, Ы.Мұстамбайұлы, Ж.Сұлтанбекұлы, А.Мұқанов сынды келесі жас буынының отаршылдықтың жаңа кеңестік түріне қарсы күресінде қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде алдыңғы Алаш интеллигенциясы қойған мақсаттар кездесіп отырды.
Әбікей Сәтбаев Семей жастары көтерген мәселенің дұрыстығын, Қазақстандағы бай-құлақтарды тәркілеу кезіндегі заңсыздықтарды Мәскеуге дейін жеткізу керектігін айтып, ара түсті. Шалғайда орналасқан Қазақстанда болып жатқан саяси-экономикалық науқандардың олқылықтарын, жастардың жазықсыз оқудан, комсомол қатарынан шығарылуы туралы ол жастарға екі өтініш жаздырды. Өтініштерді Мәскеуге апарып, тиісті адамдарға тапсыру Мұқан Әбдірахмановқа жүктелді.
Мұқан Мәскеуге келіп, өтініштерді М.С.Калининнің қолына табыстады. Дәл сол кезде Киселев бастаған арнайы комиссия жасақталып, Қазақстанға жүргелі тұр екен. М.С.Калинин ол өтініштер туралы комиссия басшысына арнайы тапсырма беріп, өлкедегі ахуалды реттеуді бұйырды.
М.Әбдірахманов 1929 жылдан Шыңғыстау ауданында мұғалім болып қызмет етіп, 1930 жылдың жазына дейін атақты бай Медеу Оразбаевтың аулында тұрды. Ол мұнда Медеу Оразбаев, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы, басқа да Шыңғыстау елінің зиялыларымен жиі кездесіп, елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік ахуал туралы өзара ой-пікір бөлісіп отырды.
Мұқан Әбдірахманов Шыңғыстауда атақты Ике Әділовпен танысты. Ике Әділов бұл кезде Шыңғыстауда жасырынып жүрген болатын. Бір күні түнде М.Оразбаевтың үйіне Ике Әділов келеді. Медеу ұйқыда жатқан Мұқанды оятып, Икемен таныстырған. Ике таңға дейін Медеудің үйінде болып, елдегі жағдай туралы пікірлесіп, ертемен жолға шығып кетеді.
Ел іші мазасыз, халық толқу үстінде болатын. «Тобықтының ержүрек халқы малын тартып алып, тәркілеуді жалғастыра берсе, кеңес өкіметіне қарсы шығады» деген сөз жиі естілетін еді. Халықтың айтқаны болды. 1931 жылдың басында Медеу Оразбаев, Санияз Медеуов, Оспан Бегімбетовтер қатысқан Шыңғыстау көтерілісі басталды. Медеу Оразбаев және басқалар Шыңғыстау көтерілісін ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылды.
Мұқан Әбдірахманов білімін жалғастыруды мақсат етіп, 1930 жылдың күзінде Алматыға оқуға түскен еді. Көп ұзамай анасы мен бауыры, ауыл-аймақ түгел ашығып жатқаны жөнінде хат-хабар алды. Сөйтіп, 1932 жылы елге қайтып оралды. Семей жеріндегі аштық пен аурудан туған анасы мен қарындасының қайтыс болуы оған үлкен қайғы-қасірет әкелді. Семейде ОблЗУ-ға, Комвузға өтініш жазып, оқытушылық жұмысқа тұрды.
Мұқан Әбдірахманов Семейде Қадыр Қадаубаев, Жұмағали Омаров, Ділдаш Шақабаев, Қалиақпаров деген оқытушылармен танысып, оларға кеңес билігінің жүргізіп отырған саясатының дұрыс еместігін ашық айта бастады. Жоғарыда аттары аталған азаматтардың барлығы дерлік партия мүшесі болғандықтан, өз пікірлерін алғашында ашық білдірмегенімен, уақыт өте келе елдегі ауыр ахуалға алаңдап, батыл қимылдай бастады.
Экономикалық күйзеліс пен аштықтан әбден қалжырап, қажыған халықты аман сақтап қалу мақсатында Семей интеллигенциясы әртүрлі шараға барды. Соның бірі – Ораз Исаевтың Семейге келген кезіндегі жергілікті интеллигенцияның толқуы. Олар: «Қазақ халқының өліміне Исаев пен Голощекин ғана емес, Сталин де кінәлі, соңғы екеуі қазақты аямайды. Қазақ Исаев мансап үшін қазақ халқын құрбан етеді ...» деп, оны жылы қабылдамаған. Әсіресе Ділдаш Шақабаев батыл қимылдап, О.Исаевты үш күн аңдып, оған қарсы әрекет етуді ойластырған. Алайда қолайлы сәті келмеген. Қазақстандағы аграрлық қайта құрулардың салдарынан миллиондаған адамның өмірі қиылып, халық қасірет шегіп жатқанда бірінші басшы Ф.Голощекин қазақ интеллигенциясын ұлтшыл, топшыл, оңшыл, т.б. деп айыптап, көтеріліске қатысқан адамдардың соңынан түсіп қуғындады.
Облыстық сот төрағасы Даутов, облыстық сот төрағасының орынбасары Сүлейменов, облыстық қаржы бөлімінің басшысы Жұмағалиев, Ділдаш Шақабаев, Шаймерден Имамбаев, Қадыр Қадауов, Бастами Біржанов, Басар (Ізбасар) Ибраев және басқалар жиналыстарда: «Қазақ иттей қырылып жатыр, құрып кетуге партия мен үкіметтің өзі жағдай жасап отыр», деп партия мен кеңес билігін сынға алып, асыра сілтеу саясатына ашық қарсы тұрды. Орталықтан келген жауапты қызметкерлерді «қазақты құрту үшін Голощекиннің жіберген елшісі» деп қабылдады, халық шыбындай қырылып жатқанын көрген халықтың басқадай тұжырым жасауы мүмкін емес еді.
И.Сталин мен А.Вышинскийге, елдегі қуғын-сүргінге ашық қарсы болған Арон Сольц Семейге келгенде Қ.Қадауов, Д.Шақабаев және басқалар «қазақ халқының тарихында мұндай шыбындай қырылған апат болмаған» деп елдегі аштық апаты туралы ашық айтты, Қазақстанда орын алған сүреңсіз оқиғаларға шара қолдануды сұрады. Мәскеу Қазақстандағы ахуалға назар аударған кезде қазақ халқының жартысы аштықтан қырылып, шетел асып, ауыр азаптан әбден әлсіреді.
Ф.Голощекиннің орнына келген Л.Мирзоян экономикалық сауықтыру шараларын қолға алғанымен, тоталитарлық жүйенің қысымы мен қуғын-сүргіні жалғаса берді. Мәселен, жастар қозғалысының белсенді мүшелерінің бірі Төлеужан Мусин 1933 жылдан Семей қаласы интеллигенциясы мен студент жастарынан құрылған контрреволюциялық ұлтшыл ұйымға қатысы бар, республикадағы ұлтшылдардың көбімен байланыста деген күдікпен бақылауға алынды. 1934 жылы Алматы қаласында Т.Мусиннің ұйымдасқан ұлтшыл-контрреволюциялық топпен байланысы тексерілді.
Мұқан Әбдірахманов Алматыда 1929 жылдан жақсы таныс шыңғыстаулық жастармен байланыс орнатты. Олар: ҚазМУ студенті, кәмпескеге ұшыраған ірі байдың ұлы Аниял Сабалақов, бұрынғы алашордашы, Каменское платода орналасқан демалыс орнында есепші, ірі байдың ұлы Санияр Мұқашев, Медеу Оразбаевтың ұлы, дәрігер Қабыш Оразбаев, Мемлекеттік банк қызметкері, байдың ұлы Ғани Әлжанов, КазЦИК қызметкері Мұқан Абылайханов, оның ағасы Төлеуғазы Абылайхановпен де жақсы қарым-қатынаста болған, ол кейіннен Қытайға кеткен, музтеатр қызметкері, Хасен Ақайұлының немере інісі Абадин Таукелев, оның әкесі де ірі бай болған, 3 жылға жер аударылған, Ауыл шаруашылығы институтының (СХИ) оқытушысы, Хасен Ақайұлының немере інісі Маскеев, Семей педтехникумында оқыған, өзінің мектептес досы, 1928 жылы Семейде құрылған комсомолдардың кеңестік асыра сілтеуге қарсы құрылған тобында болған Бегалин, Госбанк қызметкері, әкесі 1928–1929 жылдары контрреволюциялық әрекеті үшін атылған ірі бай Мұхаметкәрім Ахметов, Алматы Казторг базасында жұмысшы Жонқабай Тәжин, В/К ОблЗУ-да агроном, ВХСХШ-да оқытушы, 1928 жылы Семейде құрылған комсомолдардың кеңестік асыра сілтеуге қарсы тобында болған Төлеужан Мусин, Наркомземда қызмет жасаған, бай баласы Ормаш Сәулебеков, Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, бай баласы Шәкір Қоқымбаев және басқалармен қарым-қатынаста болған. Аталған азаматтардың барлығы дерлік контрреволюциялық ұйымға мүше деген күдікке ілінді. Мұқан Әбдірахмановты 1936 жылдың 4 қыркүйегінде Қазақстан УГБ УНКВД тұтқындады. Оған ішкі тергеу абақтысында қамауға алу түріндегі жазалау шарасы қолданылды. 40-жылдары да Семей қаласында 1935–1936 жылдары жасырын әрекет еткен контрреволюциялық ұйымды, оған мүше болғандарды іздестіру жалғаса берді.
Төлеужан Мусин 1941 жылы Қазақ мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институты тәжірибе стансасында директор болып қызмет ететін. Ол 1943 жылдың 30 шілдесінде Шымкент қаласында қайта тұтқындалып, Оңтүстік Қазақстан облыстық соты оған (58-14 РСФСР УК) 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне үкім шығарды. Қасірет бүкіл отбасын, туған-туыстарын да шарпыды. Адамдарды жауапты қызметке орналастыру кезінде оның өзі, туыстары тексеруден өтті. Т.Мусиннің зайыбы Семей облыстық комсомол комитетінің хатшысы Халитова 1946 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған кезде Т.Мусиннің өткен жолы қайта қаралды.
Алаштың аяулы азаматы Әбікей Сәтбаев педтехникум тыңдаушыларына сапалы білім берді, оларды азаттық рухында тәрбиеледі. Жастар рухани кемелденіп, ұлтқа қызмет етуді үйренді. Семейдегі «сәтбаевшылдықпен» айыпталып, қуғындалған жастар қазақ халқының азаттығы жолында күресті.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев: «Ғылым-білім жолына жастай түскенім үшін ескі зиялы, немере туысым Әбікей Сәтбаевқа шексіз қарыздармын!» деп жазды. Қазақ елінің мерейі мен мақтанышына айналған Жүсіпбек Аймауытұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан және басқа да қазақ зиялылары Семей педтехникумында оқып білім алды.
Данагүл Махат,
тарих ғылымдарының докторы