Руханият • 08 Маусым, 2024

Рухани бағдардың елдік мұраты

101 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деп атап өтті.

Рухани бағдардың елдік мұраты

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Бүгінгі таңда саналы азаматтарды елі­міздегі экономикалық өсімнің қар­қын ала алмай келе жат­қандығы нарық қыс­пағына байланысты туындаған қиын­дық­тар мен күрделі мәселелер ғана емес, сонымен бірге мәдени-рухани байлықтың орталанып, төмендеп бара жатқаны да ерекше алаңдатады. Адам тағдыры – қоғам тағдыры. Сол себепті адам танудан ақша тану басымдау болып тұрған мына заманда оның материалдық жағын ғана емес, рухани жағын да ойлап, ойлы да жүйелі жұмыс жүргізуіміз қажет.

Ең алдымен білім, мәдениет, ағарту мекемелері, әрбір отбасы санасы сергек, ойы озық, талғамы биік, қиялы жүйрік, ұлттық рухани құндылықтарды бағалай, зерделей білетін қоғамымыздың болашақ азаматтарын тәрбиелеуге ерекше мән беруге тиіс. Бұл – ешқандай да дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

«Тәрбие – тал бесіктен» деп атам қазақ бекер айтпаған. Ұлттық тәрбиенің негізі ананың әлдиінен басталатынын өмірдің өзі, ғылымның көзі – халықтың педагогика әлдеқашан дәлелдеген. Бірақ бүгінде, өкінішке қарай, біз сол ата-әжелердің бойымызға сіңірген тәлімінен, тәрбиесінен мүлде алшақтап, ажырап бара жатқандаймыз.

Бұған Бауыржан Момышұлы­­ның мына бір айтқан аталы сөзі дәлел: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже жоқ».

Иә, батыр Баукеңнен артық не айту­ға болады? Жарайды, ертегі білмейді екенбіз, білсек, жөндеп айтып бере алмайды екенбіз, онда неге бір сәтке күйбеңі таусылмайтын тіршіліктен саңылау та­уып, немерелеріміздің ұйқыға бас қояр сәтінде қазақ, әлем ертегілерін, тәрбиелік мәні зор, балдырғандардың болмысын, ұғымын ашып, дүниетанымын кеңейтетін қысқа әңгімелер мен өлеңдерді кітаптан, балаларға арналған баспасөз беттерінен оқып бермеске? Мұны айтып отырған себебім, осындай жолмен балаларды кішкентай кезінен-ақ кітап оқуға ынталандыруға, сол арқылы рухани байлықтың ең биігі – көркем әдебиетті сүюге баулыр едік.

Әдеби көркем шығармалар өзінің оқырмандарын жағымды кейіпкерлері арқылы жақсы әдепке үйренуге жетелесе, жағымсыз кейіпкерлері арқылы оларды жаман әдеттен жиренуге насихаттайды. Сондықтан әрбір адам өзінің өміріне рухани азық, бойына күш-қуат, ойына қиял, көңіліне арман беретін, адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинаған білім бұлағы – кітаппен достасып, оны өмірлік серігі етуі керек. Ол пенде біткенді бүкіл іске қасіретін тигізетін ой таяздығынан, талғам жұтаңдығынан құтқарады. Біліміңді жан-жақты толықтырады, тіл байлығыңды арттырады, мәдениетіңді қалыптастырады, қиялыңа, арманыңа қанат бітіреді. Бір сөзбен айтқанда, сені еріксіз руханият әлеміне жетелейді.

Біз қазіргі бала кітап оқымайды дейміз. Дұрысы, соны оқыта алмай жүрміз-ау... Мәселен, одақ кезіндегі мектептің оқу бағдарламаларында жоғары класс оқушыларына көркем әдебиеттің тізімі беріліп, оны оқу жылы ішінде оқып шығу міндеттелінетін. Кезінде аудандық білім бөлімінде қызмет атқарған өз тәжірибемнен байқағанымдай, бұл талап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім­дері тарапынан орындала бермейтін. Шәкіртінің жылдық бағасы қорытындылар кезде оның көрсетілген әдебиетті оқыған, оқымағандығы ескерілмейтін. Қазір де солай. Пән мұғалімдері оқушылардың қолына тізімді берумен ғана шектеледі. Оны оқушы оқып жатыр ма, оқымай жатыр ма, шаруасы жоқ. Осыдан келіп, «оқушылар көркем әдебиетті жанына серік етпейді, оған деген қызығушылық сезімі жоқ» деп, шәкірттерді кінәлаймыз. Бұған тікелей тек қана пән мұғалімдері мен үйден бақылау жасамайтын ата-аналар кінәлі екенін бүгіп қалуға болмайды. Сондықтан барлық деңгейдегі білім бөлімдері, оның әдістемелік кабинеттері жіберілген олқылықтардың орнын толтыру үшін әдебиет пәнінің мұғалімдеріне қатаң талап қоюлары, оның орындалуын тұрақты түрде бақылауға алулары керек. Сонда ғана біз өскелең ұрпақтың көркем әдебиетке деген қызығушылығын оятып, оны сүю сезімін оқушылардың бойына сездірмей сіңдіре білер едік.

Сондай-ақ адамның жан дүниесін рухани жағынан байытатын қазынаның бірі – бұқаралық ақпарат құралдары. Ұлт зиялысы Ғұмар Қараш «Газет – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз. Газет – біздің қараңғыда жарқ етіп, тура жолға салатын шамшырағымыз» деп бекерден-бекер айтпаса керек. Жыл сайын отбасымызға жаздырып алатын 8–10 түрлі республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдардың ішінен алдымен қолымызға «Еgemen Qazaqstan» басылымын аламыз. Өйткені газет беттерінде өнеге аларлықтай мазмұнды, мағыналы материалдар көп жарияланады. Ұлттық маңызы бар саяси-әлеуметтік, тарихи-танымдық мәселелерге басымдық береді. Экономикамыздың өсуі мен оның дамуының бағыт-бағдарын оқырманға қарапайым тілмен жеткізеді. Елдің дамуы жолындағы кемшіліктер мен олқылықтар да қаламгерлер назарынан тыс қалмайды. Өз басым газеттің «Саясат», «Экономика», «Руханият» айдарымен шығатын беттерін жібермей оқып тұрамын. Ендігі жерде аға басы­лымның жақсы істердің, жағымды жаңалықтардың жаршысы болуымен қатар, ретті жерінде әділ де өткір сынның семсерін сілтей білгенін қалар едім.

Бұған дейін белең алған, әлі де айыл­дарын жимай келе жатқан әртүрлі ком­паниядағы жекелеген тұлғалар мен биліктің жоғарғы эшелонындағы жемқорлар туралы, күннен-күнге өріс алып бара жатқан заңсыздықтар туралы нақты фактілерге негізделіп жазылған мақалаларды халық өздерінің сүйікті басылымының бетінен оқығылары келетіні анық. Республикалық көлемде бірді-екілі, өте аз тиражбен шығатын оппозициялық газеттердің жазғандарын оқымақ түгілі, оның беттерін ашып та қарамайды жемқорлар.

«Мен алты қатар әскерден емес, алты беттік газеттің идеологиясынан қорқа­мын» деп, азулы да айбарлы Напо­леон Бонапарттың мойындауында үлкен гәп бар. Жемқорлар қорықса, халықтың назарынан, толқуынан қорқады, қаймықса, тиражы көп, ауылдық жерден бастап, Ақордаға дейін оқитын, орны да, жөні де бөлек бас басылымнан қаймығады. Олардың халықтың есебінен байыған үстіне байи түсу, дүниеқоңыздық, жемқорлық, парақорлық пиғылдары күшейген сайын елдің рухани қуатының да әлсірей беретіні сөзсіз.

Сондықтан біз бүкіл халық болып адамдардың рухы әлсіреп, саналарын құлқындары жеңіп жатқан қазіргі уақытта оларды рухани жұтаңдықтан құт­қа­ратын білім мен жан-жақты тәрбие­нің қайнар көзі, асыл досы әрі серігі – көркем әдебиет пен баспасөздің рөлін арттыратын тиімді әрі пайдалы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізе білуіміз керек. Дегенмен әңгіменің ақиқатын айтар болсақ, бүгінгі күні кітапқұмарлар саны көп емес. Тіпті өздері жаздырып алатын газет-журналдарды оқымайтындар да бар. Біздің кезіміздегідей мектеп кітапханасында кезекке тұрған оқушыларды да көре бермейсің. Мүмкін, қарыштап дамыған қоғамның әсерінен бүгінгі таңда интернеттің «құлағында ойнап», ғаламтор әлеміне еркін еніп, барынша соған тәуелді болып, іздегендерін содан тауып, кез келген жерде, кез келген уақытта оқуға ыңғайлы электронды кітапты дұрыс деп есептейтін, саналарын смартфон жаулаған қазіргі жастарды кінәлауға да болмас. Бірақ оның пайдалы жағымен қатар, жасөспірім психологиясына кері әсер ететін, олардың санасын улайтын қажетсіз, тіпті зиянды ақпараттардың да бар екенін ескере бермейтініміз өте өкінішті. Ғаламторға шырмалып, интернеттің сиқырына арбалып қалған жас жеткіншектердің келешекте рухани жағынан мүгедек болып қалмасына кім кепіл? Қалай десек те, жедел қарқынмен дамып бара жатқан әлеуметтік желілер тасқынының тасасында көркем әдебиет пен күнделікті баспасөздің елеусіз қалуы тіпті де мүмкін емес екенін ұмытпаған жөн.

Ел-жұрттың рухын көтеру бағытын­дағы атқарылатын жұмыстарды барын­ша жандандырып, тиімділігін арт­тыруда халықтың мәдени-рухани өмірі­не қан жүгіртетін білім, мәдениет ми­нистр­ліктерінің, ішкі саясат бөлім­дерінің атқаратын рөлі өлшеусіз. Барлық деңгейдегі әкімдердің тек қана жалаң цифр қуалап кетпей, руха­ният мәселесіне оң көзбен қарайтын уақыттары жетті. Жыл қорытындысымен облыс әкімдерінің еңбектерін жан-жақты бағалайтын рейтингтің бір көрсеткіші ретінде облыстың рухани жағынан өсуін есепке алып отырса, құба-құп болар еді.

Бұл туралы Президент: «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», деген болатын.

Рухани күш-қуаты толысқан жаңа Қазақстанның жас ұрпағын тәрбиелеу – ұстаздар қауымы мен ата-аналардың, мәдени-ағарту саласы қызметкерлері мен шығармашылық ұжымдарының ең басты, жауапты міндеттерінің бірі. Өйтпеген жағдайда рухани қуатымыз әлсіреп, адам бойындағы жаман қасиеттер күш алып, өрши түседі. Қауіп қайдан деуге болмайды. Уақыт ағымымен ілесіп келе жатқан өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын алға тарта бермей, барға тәубе ете отырып, кітап пен бұқаралық ақпарат құралдары, руханият орталықтары арқы­лы бойымыздағы рухани күш-қуаты­мызды арттыруға, азаматтық ар мен адамдық қасиеттерімізді қалыптастыруға ұмтылайық. Олай болмаған күнде ой-өрісі­міз дамымаған, өреміз, пиғылы­мыз тар, ізгілік пен тазалық­тан ада, дүниеқо­ңыздық, енжарлық пен селқостық белең алған, кесапат заманның рухани ашаршылығына тап болатынымыз анық.

 

Әнес ӘУЕЗОВ,

Арал ауданының құрметті азаматы