Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазір атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшері (XIX ғасырдағы 270-280 ppm көрсеткіштен биыл мамыр айында 426.90 ppm-ге) шырқау шегіне жетті десек болады. Яғни 1880-жылдан бергі аралықта жердің температурасы шамамен 1,6ºC өсіп отыр. Соның салдарынан ғаламдық жылыну, биоалуантүрліліктің азаюы, топырақ құнарлылығының төмендеуі, шөлейттену, су тапшылығы, мұхит суының қышқылдануы, таудағы мұздықтардың еруінен туындаған жер сілкінісі, су тасқыны сияқты бұрын болмаған тосын, төтенше жағдайлар болып жатыр. Бүгінде жер бетіндегі ауа райының шапшаң өзгерісінің алдын алу адам баласы БҰҰ деңгейінде Тұрақты даму мақсаттары мен Париж келісімдерін қабылдады. Құжатта жер бетінде жүздеген, мыңдаған жыл бойы қалыптасқан биосфералық гомеостазды мейлінше сақтауға ұмтылыс жасай отырып, жасыл экономика, айналмалы экономика және биоэкономика негіздеріне көшу арқылы тұрақтылыққа жету көзделген.
Адам өркениеті дамыған сайын ормандар ығысып барады. Қазір құрлықтың 31 пайызын орманды алқаптар құрайды. Онда өсімдіктер мен жануарлардың 80 пайызы тіршілік етіп жатыр. Ал ормандарды шабу – жалпы биомассаның басым бөлігі шоғырланған мыңдаған тіршілік көзінің жойылуына соқтырады. Жалпы, жердегі биорта және топырақтарда 2 000-2 300 гигатонна көміртегі қордаланған десек, ол атмосферадағы көмірқышқыл газындағы көміртегіден 3 еседен көп. Сондықтан көміртегіні ағаштар мен топырақ бойында сақтау аса маңызды. Себебі ғаламдық жылыну мен ауыл шаруашылығы алқаптарының қарқынды қолданысынан туындап отырған жердің тозуы жыл сайын миллиардтаған тонна жылыжайлық газдардың бөлінуіне әкеледі.
Осы орайда ағаш егудің экологиялық, әлеуметтік және экономикалық пайдасы ұшан-теңіз. Ағаш егіп, орманды алқаптарға айналдыру арқылы еліміздегі көміртегінің ауаға таралуын барынша жеңілдетуге болады.
Көрші Қытай елі соңғы 40 жылда 78 млрд ағаш еккен болса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 млрд-қа жеткізбекші. Моңғолияда осы кезеңге дейін 1 млрд ағаш егуді көздейді. Жалпы, БҰҰ тарапынан 2021-2030 жылдары кем дегенде 350 млн гектар тозған жерлер мен су айдындарын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Кейінгі кездері қалпына келтіру аумағын 1 млрд гектарға жеткіземіз деген батыл бастамалар да айтылып қалуда. Біз де осы үрдістен қалыспай, еліміздің барлық өңірінде жасыл желекті көбейтуге атсалысуға тиіспіз.
Бақытжан ЕЛІКБАЕВ,
биология ғылымдарының докторы, профессор