Кино • 15 Маусым, 2024

«Ойжұмбақтың» тағдыры өз қолымызда

188 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тоғыз жыл бұрын түсіріліп, жарыққа шыға сала «жылдың үздік фильмі» атанып, Оскарды иеленіп, шартараптағы киносүйер қауымды әлі күнге тамсандырып келе жатқан «Ойжұмбақ» анимациялық туындысының жалғасы болатыны жарияланғанда, әлем көрермені оны асыға күтті. Атағы дүркіреген фильмнің бірінші бөлімін әлемнің көптеген елі жалма-жан өз тіліне аударып алып, ұрпағының дұрыс дамуына кәдеге жарайтын көмекші құрал есебінде ұсынып жатты. Әлемдік кинематографияның табысты туындыларының бірі саналатын «Ойжұмбақ 2» фильмінің қазақ тіліне тәржімаланып, қазақтілді аудиторияға жол тартуы – руханиятымыздағы елеулі оқиға. Кино әлеміне нағыз жаңалық болып енген фильмді қазақтілді көрерменге жеткізу үшін Disney студиясы дубляжды алғаш рет өз есебінен қаржыландырып отыр.

«Ойжұмбақтың» тағдыры өз қолымызда

Фильмдерді түрлі елдерге бейім­­деп, дубляждау – Disney ком­паниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайы­н әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қо­сылуы, сүйікті фильмдердегі өзімізге жақсы таныс кейіпкерлердің бізбен бірге бір тілде сөйлеуі – өте маңызды қадам. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Disney студиясының бұл бастамасына қолдау білдірді және оны басқа да контент жасаушыларға үлгі болатын өте жақсы бас­тама деп таниды.

«Фильмдерді әртүрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясындағы контент әзірлеу жұмысының ажырамас бөлігі әрі бұрыннан қалыптасқан үрдісі. Сол себепті Disney Character Voices International ұжымы әр фильмнің түрлі тілдерге ауда­рылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Осы нұсқалардың әрқайсысындағы кейіп­керлердің бірегей бейнесін сақтай отырып, оны көрермендерге «жақын» әрі түсінікті етіп аударатын, дубляждайтын дарынды шығармашылық кеңесшілер мен техникалық мамандар тобы жұмыл­дырылады», дейді Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моң­ғолиядағы Disney компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.

Disney мен Pixar студияларының «Ой­жұмбақ 2» анимациялық фильмі жасөспірім шаққа аяқ басқан Райлидің өзгеріске түсіп, қалыптаса бастаған мінезін шытырман оқиға желісімен баяндайды. Жасөспірім болу оңай емес. Өз болмысына үңілу, әлеуметтік ортаны тану, үлкендермен түсінісе алмау – кереғар сезімдердің қайшылығында жүріп, өзіне беймәлім әлемнің жетегіне ерген жас қыздың жан арпалысы әр адамға таныс. Балалық шақ пен ересек өмірдің өлара кезеңінде тұлғалық тұр­паты жаңа қасиеттермен толыға бас­тағанда, жасөспірімдер өзіне ұқсамай, ата-анасының көз алдында басқа адамға айналады. Бойжетіп келе жатқан қыз өзіне бейтаныс эмоцияларды қабылдай алмай, сана қауашағында күн сайын қар­сыласып, арпалысқа түседі. Фильмнің бірінші бөлімінде жасы 11-де болған әдемі Райли 13-ке қадам басқан шақта бе­тінде сүйкімсіз бөрткен безеу пайда болып, қисық тістері брекетке байланып, жаңа көңіл күй реңктерін қабылдауға дайын болмай, ішкі дағдарысын сыртқа көрсеткісі келмей тырысып бағады-ақ. Бұған дейін Райли көрерменге қуаныш, мұң, ашу, қорқыныш сезімдерінің арпалысында көрінсе, «Ойжұмбақ 2»-де ойы да, бойы да өсіп келе жатқан оның мінезіне мазасыздық, қызғаныш, үрей, ұят, енжарлық, жиіркеніш келіп қосылып, мидағы «штаб-пәтерде» шиеленіс, бү­лік басталып, түрлі эмоциялардың құр­сауында қалған жасөспірім қызға міне­зін басқару қиынға соғады. Ойы мен әрекетінің арасында дұрыс таңдау жасай алмай қиналып жүргенде, басқалардың алдын орап көшбасшылық міндетті өз қолына алған үрей қызды біржола билеп алады. Бұрынғы таныс эмоцияның бәрін тықсырып, Райлидің сенімін тас-талқан етіп, «қолымнан ешнәрсе келмейді», «мен адамның қорымын, сорымын» деген кертартпа оймен өзіне тәуелді етіп тұқыртып алмақ. Үрей Райлиді жақсы көргендіктен, күллі жамандықтан қорғап тұрмын деп ойлайды. Бала қиындыққа кезігіп күйзелгенде, осылай ойлауы заң­ды да, бірақ үрей тіпті де жаман сезім емес. Үрейлендіріп жүріп бейсаналы түрде адамның бойындағы жігер мен батыл­дықты қалай оятатынын өзі де білмейді ол. Бұл мінез жалғыз Райлиге ғана емес, қасындағы сыныптас құрбыларына да тән. Бірінші бөлімдегі тақырыпты тереңдете келіп, режиссер Келси Манн есею жолындағы екінші бөлімді сюжет жағынан да, идея жағынан да байытып, адамның қалыптасу кезеңіндегі жұмбақтың сырын әсерлі баяндайды.

Әр эмоцияның сыртқы бейнесін кейіптеу үшін режиссер тың тәсілдер тауып, визуалды образдар жасаған. Мысалы, ашу күйдірілген кірпіш сияқты қып-қызыл, жиіркеніш өзіне тән исі бар өңезденген брокколиге ұқсас жасыл түсті, көзінен жас арылмайтын мұң теңіз­дің ішінен тербеліп шыққандай көкпеңбек, екі иығы салбырап, еңсесі түсіп, кескен теректей торығып төсекте ұзыннан түсіп жатқанның енжарлық екенін бірден тануға болады, ал қуаныш – аспан көгінде жарқырап жол көрсетіп тұрған жұлдыздың өзі дерсің.

Бұл фильмді жасөспірім шақта қиын­дықпен бетпе-бет келетін әр оқушының көргені маңызды. Ата-анасы жанынан табылып, отбасы бірге отырып тамашаласа, тіпті жақсы. Мінезі өзгеріп, жан дүниесінде құйын соғып, алай-дүлей алапат сезімдермен жалғыз өзі алысып, кей шақтарда дәрменсіздік танытып, тұйықталып қалатын балалардың тұлғалық қасиетін ұштап, үлкендермен қарым-қатынас жасаудың әдебін мең­геруге, күрделі кезеңнің қиындығын жақындарымен бірге еңсеруге Disney-дің жаңа туындысы сөзсіз жәрдемге келеді. Анимация авторларының эмоция­лар тайталасындағы шындықты табысты жеткізгені – фильмнің басты жетістігі.

Басты мәселе – Disney өзі қолдау танытып, қазақша сөйлеткен туынды­лар тағы да жалғасын табуы үшін қазақ­тілді көрерменнен қарымта жауап болуы керек. Бұл іргелі бастаманың ал­дағы уа­қытта жалғасы болу-болмау мүм­кін­дігін, «Ойжұмбақтың» орыс ті­лін­дегі «Головоломкамен» бәсекеге түсе алатын қабілетін тап осы қазақтілді орта­ның белсенділігі анықтайтын болады. Disney қойып отырған талапқа қазақ көрерменінің сұранысы сай келіп, кинотеатрлардың залдарынан ине шаншар бос орын қалдырмай, лық толтырып тастаса, әйгілі компания өз өнімдерін аударатын тілдердің қатарына қазақ тілін де енгізетін көрінеді. Бұл америкалық кинокоманияның табысын қамтамасыз етуден бұрын қазақ тілін қолдауға бағыт­талған игі бастама екенін түсінген абзал. Тілге келгенде қашанда қыл үстінде тұратын бастаманың алдағы тағдыры – әр намысты қазақтың өз қолында!

«Қазақстандық көрермен мемлекеттік тілде көрсетілетін Disney премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қар­сы алады. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Көліктер 3», «Коконың құпиясы» және «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толықпақ. Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдерді тамашалаудан ләззат алары cөзсіз», деп пікір білдірді Қа­зақстан аумағындағы Disney фильм­дерінің ресми дистрибьюторы, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко.

– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі бағыты Disney компаниясының ұстанымымен үндес келеді. «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шы­ғаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қорын арттыруға басымдық береді. Әлемдік анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағытындағы контентті қазақ тіліне аудару бастамасын барынша қолдаймыз. Disney компаниясының бұл бастамасы өзге де контент өндірушілерге өте жақсы үлгі деп санаймыз, – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

«Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі­нің басты кейіпкері Райлиді блогер Ақерке Естайқызы, Қуанышты әнші әрі актриса Гүлнәр Тілебалды, Мұңды – кино, театр және дубляж актрисасы Алма Қылмұқан, Қорқынышты – кино мен театр актері, режиссер Рүстем Жаныаманов дыбыстаған. Ninety One бой-бэндының солистері – Азамат Ашмақын мен Батырхан Мәліков, дубляждың режиссері Шах-Мұрат Орда­баев та жобаға өз үлесін қосты.

 

АЛМАТЫ