Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай
Өкінішке қарай, өңірде жылдан жылға онкологиялық сырқатқа душар болған тұрғындардың саны артып келеді. Бұл мәселе Үкіметте де көтерілген. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа келген жұмыс сапарында осындай орталық салу туралы тапсырма берген. Осы ретте облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен Денсаулық сақтау министрлігі және «Kazakhmys Holding» инвестор-компаниясы үш жақты меморандумға қол қойды. Мұндағы мақсат – облыстағы денсаулық саласын жандандыру ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау.
«Әртүрлі нұсқалар болды. Алдымен біз салынып жатқан ғимараттың қолданылу мақсатын өзгертуді жоспарладық, онда облыс бөлінгенге дейін сот ғимараты болады деп жоспарланған. Бірақ объективті себептерге байланысты бұл жоспарға сәйкес келмеді. Енді ол жерде 500 орындық емхана болады, бұл жаңадан кеңейіп келе жатқан шағын аудан үшін өте қажет. Біз Кербұлақ ауданында мыс өндіретін тау-кен байыту комбинатын салумен айналысып жатқан «Kazakhmys Holding» компаниясының басшылығымен жарты жыл көлемінде келіссөздер жүргіздік. Бұл – құны 1 трлн теңге шамасындағы үлкен инвестициялық жоба. Эдуард Викторович компания қаражаты есебінен онкологиялық орталық салу жөніндегі ұсынысымызды қолдады. Бүгін біз арнайы меморандумға қол қою арқылы уағдаластығымызды ресми түрде бекітеміз», деді Б.Исабаев.
Бүгінде онкологиялық аурулар жүрек-қан тамыры ауруларынан кейінгі 2-орында тұр. Сондықтан қазіргі заманғы онкологиялық орталықтың құрылысы онкологиялық аурулармен күресудің жүйелі шарасы ретінде аса қажет. Мұны «Kazakh-mys Holding» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай айтып отыр. 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания әлеуметтік мәселелерге бағдарланған.
«Бұған дейін Қазақстан бойынша бірнеше әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырдық. Су тасқыны мен оның салдарымен күрес кезінде де сырт қалған жоқпыз. Жоспарланып отырған кен байыту комбинатының құрылысы металлургияның дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететін болады. Әлеуметтік жауапкершілігімізді түсіне отырып, біз онкологиялық орталық салу жөніндегі ұсынысты қолдадық. Комбинат салумен қатар, осы маңызды медициналық мекеменің құрылысымен де қатар айналысамыз», дейді Э.Огай.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, мұнда бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында Жамбыл облысындағы 200 орындық онкологиялық орталық құрылысының жобасы негізге алынып отыр. Бұл ретте ең маңыздысы – орталықты заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету. Бұл мәселеде Денсаулық сақтау министрлігі жәрдемдеседі.
Бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазір онкологиялық сыртқаттар бойынша көрсетілетін қызметті дамытуға басымдық беріледі. «Онкологиялық аурулардың жыл сайынғы орташа өсімі 5 пайызды құрайды. Бұл ретте өлім-жітім 2-3 пайызға төмендеді. Осындай аурумен ауыратын науқастардың 5 жылға дейін өмір сүруін 60 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін ел Президентінің тапсырмасы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді, оның шеңберінде Жетісу облысы үшін арнайы жоғары технологиялы, медициналық ауыр жабдықтар сатып алу көзделген. Әкімдік пен демеушінің онкологиялық қызметті дамытуға баса назар аударғаны бізді қуантып отыр», деді Т.Сұлтанғазиев.
Мұнан соң Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова Талдықорғанда жұмыс істеп тұрған онкологиялық орталықтың моральдық әрі физикалық тұрғыдан ескіргенін, ал заманауи жабдықтармен жасақталған жаңа орталықтың құрылысы институт үшін ерте диагностиканың сапасын арттыруға көмектесетінін, инновациялық оңды ем ұйымдастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Облыс басшысы кадр мәселесі ерекше өзекті екенін тілге тиек етті. Жетісуда заманауи онкологиялық орталықты салу туралы шешім қабылданғанға дейін бекітілген Кешенді жоспардағы белгіленген жабдықтар ендігі жерде жеткіліксіз болатынын, қосымша қажеттілік тағы да артатынын айтты. Денсаулық сақтау министрлігі мен мамандандырылған институттың өкілдері осы екі мәселені шешуде қажетті қолдау көрсетілетініне сендірді.
Кездесу соңында үш жақты меморандумға қол қойылды. Бейбіт Исабаев жиынды қорытындылай келе, әлеуметтік маңызы бар істегі алғашқы қадам жүзеге асырылғанын, бұдан әрі инвестор компания өкілдері мен облыстық құрылыс басқармасы арасында келісімге қол қойылатынын жеткізді.
Жетісу облысы