Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Қажырлы Қажымұқан
Ақтау қаласындағы №13 мектеп-гимназиясында оқитын Рамазан Сүгірбай бірегей күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы комикс шығарған. Осылайша, еліміздің ерекше тұлғаларын дәріптегісі келеді. Әсіресе аты аңызға айналған батырлардың бейнесі мен ерлігін жастар көкейіне құйып, үлгі қылуды мақсат тұтып отыр. Рамазанға балуан туралы комикс әзірлеуге бір ай уақыт жеткілікті болған.
– Комиксте оқиға желісі сурет арқылы бейнеленеді әрі өте қысқа мәтін жазылады. Жалпы, адамға том-том кітаптарды оқып шығуға бірнеше ай уақыт қажет. Ал комикс арқылы қысқа уақытта қажетті, мол мәліметтерді білуге болады. Уақытты үнемдеуге көмектеседі. Көлемі өте үлкен, деректері, көп ақпаратты жастарға осындай форматта жеткізген тиімді, – дейді озық ойлы оқушы.
Сурет салу – Рамазанның хоббиі. Ал комикс жасау әкесінің бірауыз сөзінен басталған-тұғын. Бір күні әкесі кішкентай балаларға арналған комикс жасауды ұсынған екен. Жас суретшінің сөзінше, бұл ойды іске асыру басында «мүмкін емес нәрсе» сияқты болып көрінген. Содан қызығушылығы артып, қазақ ертегілерінің бірі «Көлтауысарды» салып көрген. Суретті бір емес, бірнеше рет салғанда кейіпкердің бейнесі анық шыға бастаған. Кейін бар қажырын жинап Қажымұқан Мұңайтпасұлының комиксін құрастырып шығыпты.
– Комикс кітап құрастырар алдында Қажымұқан атамыз туралы оқып, фильмін көріп шықтым. Бұл комикс арқылы балаларды спортқа, оның ішінде күреске шақырғым келді. Тағы бір мақсатым – біздің 4-5 жастағы кішкентай оқырмандарымыз орасан күштің иесі, бозкілемде талай балуанды жеңген қазақтың балуаны туралы білсе деген ой болды. Алдағы уақытты халық ертегісі «Толағайдың» комикс нұсқасын әзірлеп, оқырмандарға ұсынуды жоспарлап отырмын, – дейді Р.Сүгірбай.
Тарихты тірілту
Комикс арқылы болашаққа көз салып, өткенге де үңілуге болады. Әсіресе тарихты тірілту – комикс жасаушылардың сүйікті ісі. Осы бағытты бетке алған Ілияс Юсупжановтың бір қорқынышы бар. Ол отандастарымыз қазақ тарихына мән бермей, естен шығарады деп үрейленеді. Себебі жүргізген зерттеуінің нәтижесі бойынша, көпшілік мектепте оқыған қазақ тарихына қатысты деректерді бүгінде ұмытып қалған. Сондықтан да олардың жадында тарихи деректерді жаңғырту үшін «Отандық 100 комикс» жобасын қолға алған.
– Алматыда комиксімді оқып үлгерген мектеп оқушылары бар. Алғашқы тұсаукесері де сол жақта өтті. Оқушыларға Қазақ хандығының тарихына қатысты сауал қойғанымда көпшілігі жауап беруге дайын болды. Меніңше, бұл «Керей мен Жәнібек» комиксінің нәтижесі, – деді жас талап.
Бір қызығы, Қарағандыда мектеп оқушылары Қазақстан тарихын комикс арқылы оқиды. Дарынды балаларға арналған Н.Нұрмақов атындағы мектепте тәжірибе жүзінде қолға алынған тәсіл балаларды қызықтыра түскен. Саят Дәулетжанұлы жасаған алғашқы анимация журналы қазақ хандығы тақырыбына арналған. Оқушылар 20 беттік басылымды жарыққа шығару үшін екі ай еңбектенген. Түрлі әдебиетті пайдаланып, мақалаларға шолу жасаған. Бұл туралы оқушы Фатима Әмірзада «Біз қазақша комикс жасап, өз ойымызды жеткізгіміз келді. Себебі қазақ тіліндегі контент өте аз. Біз соған қынжыламыз. Осыны түзеткіміз келді», деді. Мектеп мұғалімдерінің ойынша, қазіргі балалар аниме мен манга жанрына қатты қызығады. Осы қызығушылықты жақсы дүниеге бұрып, ұтымды пайдалану керек. Ескерте кетейік, бұл мектепте тарих пәні тек сурет салумен, оқумен өтпейді. Бұл тәсіл мемлекеттік оқу бағдарламасынан тыс уақытта қолданылады.