Кеш ұйымдастырушыларының мәліметінше, айтулы бағдарламаның ерекшелігі – онда заманауи композиторлардың сирек орындалатын туындылары, сондай-ақ түрлі музыкалық жанрлар мен айтулы премьералық нөмірлердің ұсынылуында екен.
Контраст-концертте АҚШ композиторлары туындыларының блогі қызықты етіп таныстырылмақ. Музыка тарихына аз-кем шегініс жасасақ, скрипка мен фортепианоға арналған «Пульчинелла» балетінен сюитаны Стравинский 1925 жылы жасаған. Бұл таңғаларлықтай үйлесімді шығарма музыкадағы неоклассицизмнің жарқын үлгісі болып табылады. Композитор Джованни Баттиста Перголезидің және XVIII ғасырдағы басқа да италиялық классиктердің туындылары тақырыбын негізге алып, оларға заманауи үн қосқан. Дель арте комедиясы дәстүрлерінен шабыт алған шығарма өзінің жеңіл әрі нәзік болуымен тәнті етеді.
Егер елордалық көрермен «Пульчинелла» балетінен сюитамен әлдеқашан таныс болса, А.Коплендтің Кларнет, ішекті аспаптар оркестрі, арфа мен фортепианоға арналған концертін алғаш рет тыңдайды. Аарон Копленд – америкалық ұлттық композиторлық мектебінің аға буын өкілі. Бұл буын композиторлық мектептің құрылуында маңызды, тіпті шешуші рөл атқарған десек те болады. Ал аталған концерт 1947 жылы әйгілі кларнетші Бенни Гудманға арналып жазылған. XX ғасырдағы ұлы америкалық композиторлардың бірі Копленд айтулы туындыға айрықша қуат пен колорит үстейтін джаз бен фольклордың элементтерін қосты. Концерт өзіне екпінді ырғақтар мен лирикалық әсемдікті біріктіреді. Ал бұл тәсіл кларнетке өзінің барлық дәулескерлігімен жарқырауға тамаша мүмкіндік береді.
Концерт аясында А.Пярттың Скрипка мен камералық оркестрге арналған «Fratres» («Ағайынды») шығармасын тыңдауға болады. Бұл – эстониялық композитордың ең танымал туындыларының бірі. Пярт бірегей стиль ойлап тауып, оны «тинтиннабули» (латын тілінен аударғанда «қоңырау») деп атады. Аталған туынды жеңіл де жаймашуақтылығымен ерекшеленеді. Скрипка мен камералық оркестрге арналған «Fratres» – опус, яғни мұнда әрбір нота терең мағынамен беріліп, рухани тұңғиыққа ену әрі пайымдау атмосферасына бөлейді.
Әлемде оркестрмен бірге алғаш рет орындалатын С.Франк–Е.Магалифтің Флейта мен ішекті аспаптар оркестріне арналған концерттік транскрипциясы, Прелюдия, фуга және вариациялары кештің шарықтау шегі болмақ. Француз музыкалық романтизмінің ірі өкілдерінің бірі Франк өзінің эмоциялық тұрғыда мазмұнды әр әуен жағынан бай туындыларымен танымал. Магалиф жасаған шығарманы Флейта мен оркестрге ыңғайлау – туындының жаңа қырларын ашып, оның сыршылдығы мен нәзіктігін айшықтай түсері сөзсіз.
Дирижер әрі концерт авторы Руслан Баймурзиннің жетекшілігіндегі камералық оркестр айтулы туындыларды басқа қырынан ұсынып, музыкалық стильдердің барлық нюансы мен контрасын паш етеді. Көптен күткен классикалық музыка кешінде солист-аспапшылар – скрипкашы Сағиқожа Ережепов, флейташы Әлима Әбеуова, кларнетші Алмаз Тоқпанов өнер көрсетеді.