Шаруашылық • 29 Маусым, 2024

Тозған техника, шаршаған шаруа

115 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісуда жылдан-жылға егіс көлемі еселеніп келеді. Дегенмен су, техника, жер мәселесі әлі толық шешімін таппады. Мәселен, ауыл шаруашылығы техникаларының 60 пайыздан астамы ескірген. Шаруалар қолында 23 мыңға жуық түрлі техника бар. Оның 10 жылға дейінгісі –
8 321 бірлік, 10 жылдан жоғарғысы – 13 215 бірлік. Тозған техника шаруаларды жиын-терім уақытында әбігерге салады.

Тозған техника, шаршаған шаруа

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Аграрлы өңірдің әуелгі тір­шілігі – егін шаруашылығы. Ал оның техникасыз тынысы ашылмайтыны белгілі. Кейбір шағын шаруалар қырық жылдан бері ескі тракторын сүйретіп егін басында жүр. Заманауи көлік алуға қаражаты жетпейді. Сол үшін кейбір кәсіп иелері үлкен қожалықтар жарамсыз деп шы­ғарып тастаған техникаларды пайдаланып жүр.

Мемлекет басшысы ауыл ша­­руашылығы техникаларын уақ­тылы жаңартып тұруды тапсырып, көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терімге жеңіл­дік­пен берілетін несиені 1,5 трлн теңге­ге дейін арттыру керек деген еді.

«Инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 млрд теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 млрд тең­ге бө­лінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын­ ауыл шаруашылығы техни­ка­сы­ның 10 пайызы жаңарады», деген еді Президент. Дегенмен бұл үде­ріс өңір-өңірлерде баяу жүріп жат­қандай. Шаруалар мемлекетке иек артса, мемлекет шаруалар шығынын үнемдеп, өздері сатып алғанын қалайды.

Дегенмен былтыр Жетісу республикалық деңгейде жаңа облыс ретінде жаман нәтиже көрсеткен жоқ. 519 мың гектар егіс алқабынан 1,9 млн тонна өнім жиналған. 880 мың тонна дәнді дақыл қамбаға құйылды. 2025 жылғы мақсат – 1 млн. тоннаға жет­кізу. Бірақ заман талабына сай жабдықталған тегеурінді техникасыз бұл нәтижеге жету мүмкін емес. Былтырғы жүгерішілер­дің жайы көпке мәлім. Мәжіліс алаңында көтерілген мәселе бәрібір шешімін толық таппады. Жапа шеккен кім? Тағы да қарапайым шаруалар.

«Өткен жылы қант қызыл­ша­­­­­сының орташа шығымы 433 цент­­­нерден айналған. Бірақ Ақсу, Ала­көл аудандарын­да аз өнімді­лік көрсеткен. Соны­мен қатар МТС-ларды жаңарту мақ­сатында 11 млрд теңгеге 650 бір­лік техника сатып алынды, соған қарамастан Ескелді, Қаратал секілді бірқа­тар аудандардың тех­ни­каны жаңар­ту деңгейі облыс­тық көрсеткіш­тен төмен. Сон­дық­тан сервис­тік дайындау орта­лықтарын құру жұмысы биыл да жалғасады», дей­ді облыстық Ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқармасының бас­шы­сы Нұрдәулет Кененбаев.

Қант қызылшасы дегеннен шығады, былтыр тәтті түбір егіс­тігі 2 есе ұлғайтылып, 8,7 мың гек­­тарға себілген. Биыл ауыл шаруа­­шылығы дақылдарының егіс көлемі 7 мың гектарға ұлғай­тылып, 524,8 мың гектарды құрады.

«Шаруа қожалықтары өзде­рінде тіркелген техниканың жарамсызын есептен шығару керек. Биыл біз қызылша бағытында 8 сер­вистік дайындау орталығын құ­рып жатырмыз. Сепкіштерді аудан­дарға таратып бердік. Ком­байндар күзгі жиын-терімге дейін әкелінеді. Жалпы саны 62 бірлік техника алу жоспарланып отыр», дейді Ә. Жақанбаев.

Облыстық Ауыл шаруашы­лығы басқармасының мәліме­тін­ше, былтыр тауар өндірушілер жалпы құны 10,7 млрд теңгеге 536 бірлік жаңа техника сатып алған. Оның ішінде «ҚазАгро Қаржы» АҚ арқылы 3,6 млрд тең­геге 204 бірлік, Аграрлық несие корпорациясының «ҚазАгро­бизнес» лизингтік бағдарла­ма­сы арқылы 1,9 млрд теңгеге 133 бір­лік, «BNK Irrigation» лизинг ком­па­ниясы арқылы 0,2 млрд теңгеге ­­23 бірлік келген.

Ең өкініштісі, Текелі қаласы мен Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан аудандарында ауыл ша­руашылығы техникасының 77 па­йызы ескірген. Бұл аудандар аг­рарлы өңірдің локомотиві саналады. Әрі қарай өзіңіз ойлай беріңіз. Мәселен, былтыр ақсулық шаруа иелері Сарқан ауданының техникасына жүгінген.

«Көлбай елді мекені кеңес өкіметі кезінде үлкен қызылша кеңшары болған. Жергілікті шаруалар бұрындары мың жарым гектар жерге дейін тәтті түбір еккен. Бүгінде олардың дені зейнетке шыққан, бірақ бізге ақыл-кеңесін беріп отырады. Былтыр қызылша егуді мықтап қолға алдық. Алайда техниканың жоқ­тығы қолбайлау болды. Биыл егіс көлемін арттырдық. Жігіттер жаңа техника сатып алып жатыр», дейді Көлбай ауылдық округінің әкімі Ержан Шакеров.

Сөз шындықтан бұзылмай­ды. Былтыр көлбайлықтардың қо­лында ешқандай қызылшаға ар­налған құрал жоқ еді. Егінді жинау үшін көрші Сарқан ауданының тех­никасын күтуге мәжбүр болған. Ал олар егінін толық жинамай, өзі санаулы техниканы біреуге бере алмайды. Сондықтан көлбайлық шаруалардың жауын-шашынға ұрынып, ауа райының ашылға­нын күтуден басқа амалы қалмаған.

«Бүгінде ұсақ шаруа өкілдері кеңес заманындағы техниканы амалсыз кәдеге жаратып жүр. Бұрын «Нива», «Енисей» секілді комбайндарды әрі кетсе 2-3 мау­сымға ғана қолданатын, ал «К-700» тракторын 6-7 жылда жаңартып отыратын еді. Сол техникалар әлі егін басында. Тіпті тұқым себетін агрегаттардың сыны кеткен. Бір басы тұқымды 7-8 см сіңірсе, бір жағы 4-5 см тастайды. Содан өнім біркелкі өнбейді. Топырақ терең­ге түскен тұқымды шірітіп жібе­руі мүмкін», дейді агроном Асыл Айдаров.

Қолдағы мәліметке сүйенсек, өткен жылы Жетісу жеріне 650 бірлік жаңа техника келген. Мұны пайызбен есептесе, ауыл ша­руашылығы техникаларының 4,9 пайызы жаңарды деп айтуға болады. Жыл сайын жаңа техника келгенімен бұрынғы техника­лардың істен шыға беретіні тағы бар. Бұл іспен Жетісудағы ауыл шаруашылығы көліктері толық түзеліп бітетін түрі жоқ.

 

Жетісу облысы