Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жалпы алғанда, облыста «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы көктем мезгілінде бастау алған. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сияқты апталықтар жоғары деңгейде атқарылды. Дегенмен қоршаған ортаның тазалығын сақтау – бәріміздің азаматтық борышымыз. Сондықтан бұл акция сенбі сайын жүзеге асырылып жатыр. Осы ретте ҰҚК шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы аумағындағы шекара басқармасының «Сарқан» шекара бөліміне қарасты «Басқан» шекара бөлімшесінің жауынгерлері бөлімше маңындағы өзен арналары мен жол бойын қоқыстан тазартты.
– Қоршаған ортаны таза ұстау үшін тазалық мәдениеті әрдайым жоғары тұруы керек. Ол үшін сана сау болуға тиіс. Біз бөлімше маңайын үнемі тазартып тұрамыз. Кейде туристер, табиғат аясында демалатын тұрғындар қоршаған ортаға қоқысты бейберекет шашып кетеді. Ал біздің шекарашылар мұндайға жол бермейді. Теректі мектебінің «Шекарашының жас досы» үйірмесіне қатысушылармен бірге тазалық жұмыстарын жүргіземіз, – дейді «Басқан» шекара бөлімшесінің аға технигі Арай Омарұлы.
Бөлімшенің 40-тан аса шекарашысы қатысқан іс-шара барысында Басқан өзенінің жағалауынан қап-қап қатты қалдықтар шығарылды. Бұл маңға табиғат аясында тынығушылар жиі келеді. Аға сержант Дәурен Нұрманғалиев кей тұрғынның «тілсіз» табиғатқа жиі қиянат жасайтынына қынжылатынын жеткізді.
– Еліміздің әрбір азаматы балаларын өзі өмір сүретін аумақты таза ұстауға, табиғатты аялауға үйретсе, көшені, ауланы, өзен мен көл маңайын ешкім тазалап жүрмес еді. «Тазалық – иманның жартысы» деген тәмсіл бар атажұртта. Әрбір адам, әрбір отбасы табиғатты аялауды өз басынан бастаса, балаларына қоршаған ортаны қорғауды үйретсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Д.Нұрманғалиев.
Шекараны күзету – абыройлы борыш, ал қоршаған ортаны қорғау – әркімге де міндет. «Басқан» шекара бөлімшесінің сарбаздары қос жауапкершілікті бірге арқалап жүр.
Одан кейін жас сарбаздар Мұқыры ауылдық округіндегі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Алдабергенов мемориалы орнатылған саябақ маңын қоқыстан тазартты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Киелі мекен» тарихи-мәдени ескерткіштер аумағы абаттандырылды. Акцияға аудан, ауылдық округтердің 40-тан аса «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алған акция еліміздің әр аймағында өтіп жатыр. Бұл жасқа да, жасамысқа да табиғатты қалай аялау қажеттігін түсіндірді. Барша аудан тұрғындарына «Таза Қазақстан» акциясына белсене атсалысыңыздар деп айтқым келеді. Себебі өзіңіз тұрып, ауасын жұтқан өңірдің таза болуы тек өзіңізге байланысты екенін ұмытпау керек, – дейді Алғабас ауылдық округінің «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшысы Аружан Ернарқызы.
Сенбілікке қатысушылар құрал-саймандар мен қоқысты жинауға арналған қапшық және қолғаппен қамтамасыз етілді. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері Көксу ауданына қарасты ауылдардан 6 мың тоннаға жуық күл-қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Аудан бойынша осындай 30 шақты іс-шара өтті.
Одан кейін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ел жауһары атанған Алакөл көлінде суасты тазалық жұмыстарын жүргізді.
Шомылу маусымы қарсаңында ұйымдастырылған акцияда облыстық ТЖД арнайы бригадасы көлді күл-қоқыстан тазалап, арнасын қалыпқа келтіру мақсатында қызу жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, Балқаш көлінің 10 км бойы 5 м тереңдікке дейін түрлі қоқыстан тазартылды. Сүңгуірлер бірегей көл түбінен целлофан, пластик сынды 367 кг қоқыс шығарды.
«Атқарылып жатқан жоба аймақтық емес, мемлекеттік болуға тиіс. Алакөл көлінің табиғи байлығын жоғалтпай сақтап қалу – біздің парызымыз», дейді мамандар. ТЖД сүңгуірлер көмегімен су астын қоқыстан арылтып, көз жауын алатын көгілдір көлге алыс-жақыннан ағылған жазғы демалысын өткізушілерге қауіпсіз ортада тазалықты қамтамасыз етеді. Осы арқылы көл түбінің ластанбауын қатаң қолға алған төтенше жағдайлар қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясы барысында жердің беті ғана емес, өзен-көл астының да назардан тыс қалмауы керектігін айтып, жетісулықтарды тазалыққа шақырды.
Жетісу облысы