Қоғам • 17 Шілде, 2024

Оңтүстік Марқаны маңдайға алды

105 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шекара шебі бос қалды деп аз жазбадық. Айтты-айтпады, шалғайдағы ауылдар қаңырап қалғаны қай-қайсымыздың да жанымызға батқан. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назары Шығысқа ауып, бірқатар ауданның шекарасы қайта бекітіліп, бірқатары аудан мәртебесін алды. Соның бірі Марқакөл өңіріндегі ауылдарға қайта көш құйылып, елдің етек-жеңі жиылып жатыр.

Оңтүстік Марқаны маңдайға алды

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында жаңа құрылған аудандарды дамытуға қосым­ша қаржы бөлінетіні сөз болды. Қаржы еселеніп, ел іргесі бүтінделіп жатса, Марқакөл ертең-ақ іргелі ауданға айналады.

Естеріңізде шығар, көктем туа Оңтүстіктен отызға жуық тұр­ғын Шығыс Қазақстан облысына арнайы келіп, ел-жердің жай-күйімен танысқан. Солардың ішінде Марқакөлге бес отбасы мойын бұрып, Ақбұлақ аулына көшіп келді. Олардың ор­на­ласуы­на жергілікті әкімдік қажетті көмек қолдарын созды.

– Марқакөл ауданын аралап, ауылдарды көріп қайтқан едік. Сөйтіп, Ақбұлақ аулы ұнады, мамандығыма сай жұмыс табылды. Отбасымызбен ақылда­сып, көшіп келдік. Бес балам бар, үшеуі мектепте оқыса, біреуі бала­бақшаға барады. Енді біреуі кол­леджге оқуға тапсырды. Өзім – химия және биология пәні­нің мұғалімімін, – дейді қоныс аудар­ған Мереке Керімбекқызы.

Бұл жолы көшпен ілесе жер шалуға келген оңтүс­тік­тің тұрғындарына ұйымдас­тырушылар Марқакөл өңірін аралатып, шекара шебіндегі ауыл­дарды тағы таныстырды.

– Жыл басында Шымкент, Түркістан қалаларына арнайы жұмыс сапарымен барып, Шығыс өңіріне көшуге ниет білдірген отызға жуық адамдармен әңгімелескенбіз. Олар мамырда арнайы келіп, Марқа­көл ауданын аралап қайтқан. Нәтижесінде, бес отбасы көшіп келсе, тағы бірнешеуі жер көріп қайтуға бекінген. Оңтүстіктен тұрғындарды көшіріп әкелу жұмысын жалғастырамыз. Жалпы, өңірімізге көшіп келу­шілерге мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі, – дейді облыстық Еңбек мобильдігі орталығының директоры Әсел Қайырбекова.

Айта кетейік, Шығыс Қа­зақстан облысындағы бірқатар ауданға арнайы квота бөлінген. Қоныс аударуға берілетін бір­реттік субсидия биыл 70 ай­лық есептік көрсеткішке теңел­ді. Демек 258 440 теңге. Бұл – отбасындағы әрбір адамға бе­рі­летін төлем. Ал эконо­­мика­лық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызын өтейді. Бұл сертификат құны 4 282 720 теңгеден аспайтын бас­пана алуға беріледі.

– Жаңадан құрылған Мар­қакөл ауда­нында адам санын көбейту керек. Өзім туған ауы­лым Ақбұлаққа был­тыр да бірнеше отбасының көшіп келуіне септігімді тигізгенмін. Биыл да би­лік өкілдерімен бірге оңтүстіктің тұрғын­да­рын шығысқа көшіруге атсалысып жүр­мін. Көшіп келген тұрғын­дарды қарсы алып, үйге қажетті заттарын алып бердік, – дейді Ақбұлақ аулының тумасы, кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров.

Жоғарыда атап өткендей, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында облыстық бюджет талқыланған. Экономи­ка және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархад Белбеевтің мәліметінше, 2024 жылға арналған облыстық бюджетті жаңа құрылған аудандар арасында қайта бөлу негіз болған. Катонқарағай және Күршім аудандарының бюджеттерінен 2 992,5 млн теңге беру көзделген. Аталған қаражат Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарын да дамытуға жұмсалады. Сонымен қатар осы аудандардағы мем­ле­кеттік органдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2 млрд теңге қарастырылған.

Жұмыс тұралап тұрған жоқ. Мәсе­лелер рет-ретімен шеші­мін тауып келе­ді. Ең бастысы, оңтүстіктен түзілген көш легі арта берсін. Марқакөлдіктердің де тілегі – осы.

Шығыс Қазақстан облысы,
Марқакөл ауданы