Әдебиет • 18 Шілде, 2024

Қоржынымызда үш кітап

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта белгілі баспалардан көркем әдеби, танымдық, психологиялық, ғылыми жинақтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап шыға бастады. Әсіресе балаларға арналған кітаптардың жөні бөлек. Аударма ісінің жолға қойылуы, тұлғатану өрісінің дамуы ұлт оқырмандарына жаңаша көзқарас сыйлап отыр.

Қоржынымызда үш кітап

Алматы қаласы, Coffee Book кофеханасында «Мазмұндама» баспасының бастамасымен Ұлар­бек Дәлейұлының «Жошы хан кім?», Сәуле Досжанның «Жақ­сылық Үшкемпіров кім?» және Асылан Тілегеннің «Мәншүк Мәметова кім?» кітаптарының таныстырылымы болып өтті.

Іс-шараны игі тілегімен баспа директоры Шыңғыс Мұқан өзі ашты. Әдеби танымдық кешке «Дәстүрге жол» қоғамдық ұйы­мының ақ әжелері бастаған, жас­тар мен балалар қостаған қалың оқырман қатысты.

Кездесу кешінде жиналған оқырман кітап авторларымен тілдесіп, өз қолынан қолтаңба ­алу мүмкіндігіне ие болды. Ұлар­бек Дәлейұлының «Жошы хан кім?» кітабында Шыңғыс қаған­ның тұңғыш ұлы Жошы ханның батырлыққа толы өмір жолы суреттелген. Жиырма бес жасында Тоғайлы жұртын бағындырып, көзге түскен Жошы бала күнінен-ақ шешімтал зеректігімен көзге түседі. Көп өтпей-ақ Шыңғыс қағанның бұйрығымен Дешті-Қыпшақ ұлысын басқарып, ордасын Ұлытауда тігеді. Кітапта Жошы хан билеген замандағы тарихи оқиғалар, қазіргі қазақ елінің алғашқы қалыптасу кезеңі суреттеледі. Жошы хан ұлтымыз үшін қастерлі һәм маңызды тұлға екені жинақ арқылы қалың оқыр­манның жүрегіне жетеді. Баба мұ­ратын арқалаған бүгінгі жас өскін тарихын терең білсе ғана аманат жүгін тереңірек сезінері ақиқат.

Сәуле Досжанның «Жақсы­лық Үшкемпіров кім?» кіта­бын­да ұлттық намыстың үлгі­сіне айналған қазақ балуаны Жақ­сы­лық Үшкемпіровтің өмір жолы, қызметі, өмірінің ше­шу­ші сәттері көрініс тапқан. Қазақ­станда күрес спортының дамуына зор үлес қосқан атақты спортшының жарқын оқиға­лар­ға толы өмір жолы жастар­ға үлгі екені даусыз. Спортшы тек бозкілемде ғана емес, өмірде де өз ұстанымдарынан тай­май, адамшылықтың ақ туын көтеріп, еліне ерен еңбек сіңірді. Жинақ­та Жақсылық Үшкемпіров өмі­рі­­нің шешуші кезеңдері баянда­лып, оқырманның жеңіске ұмты­луы­на шабыт сыйлайды.

Асылан Тілегеннің «Мән­шүк Мәметова кім?» кітабында қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың балалық шағына шолу жасалып, жас күніндегі өжет болмысы мен қан-қасап майдан даласындағы ерліктері баян етіледі. Кітаптың маңызы сол, жинақ әр қазақ баласы­ның бойдағы жауапкершілікті сезіну, отанды сүю сынды абзал қасиеттерін оятып, ізгіліксүйгіштікке, ержүрек­тілікке баулиды. Кітаптағы кес­телі өрілген оқиғалар Мәншүк Мәметованың замандастары, көз­көргендері, ағайын-туыстары­ның естелігі бойынша шындыққа негізделіп жазылған.

«Мазмұндама» баспасы­ның «Тұлғатану» сериясымен осы уақытқа дейін адамзат ақыл-ойы­на қызмет еткен белгілі тұлғалар мен отанымыздың сүбелі қай­рат­керлері туралы көптеген кітап­ жарыққа шыққан болатын. Атап айтар болсақ, «Ахмет Байтұрсынұлы кім?», «Никола Тесла кім?», «Дина Нұрпейісова кім?», «Дінмұхамед Қонаев кім?» «Санжар Асфендияров кім?» сынды жинақтар оқырман ықы­ласына бөленіп үлгерді. Бұл кітап­тардың басты ерекшелігі – елімізге белгілі тұлғалардың ­өмірі мен шығармашылы­ғын ­мек­теп мұғалімдері мен оқу­шы­лар­дың тіліне лайықтап, же­ңіл де бей­нелі тілмен әсерлі жет­кізуі. Елеу­лі бастама алда жү­йелі жалға­сын тауып, оқыр­ман­ға өзге де табыс­ты дүние­лер сыйлайтынына сеніміміз мол.