Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ұлы Абайдың шығармашылық ғұмыры – небәрі 20 жыл. Ал оның танымы әлі күнге өшпек емес. Өзімізге белгілі Гете 143 том, Толстой 96 том мұра жазса, Абайдың бар мұрасы екі-ақ том. Дегенмен сол еңбегі әр уақытта ауырған жанға ем болып келе жатыр. Ендеше, Абай армандаған асыл адам қандай болды және оның көргісі келгені қандай қоғам еді және халқының бұл жолда қандай міндері бар екенін жазып қалдырған ақынның мұраларына және оның бастауы қайда жатқандығына бойласақ.
Абай алдымен ұлттық, қазақы тәрбиені бойына сіңірді. Сол арқылы медресе білімін алып, одан соң «школа» бітіріп, өзін-өзі толықтырып отырды. Ол Шығыстың шайырларын жаттап, шамасы жеткенінше ұғына білді. Пайымдауымызша, қазақ әдебиетіндегі барлық ақыннан дүниелік те, діни де білімі ең жоғары ақын – Абай.
Біз таңырқаған Абай өзіне таңырқады ма? Әрине, жоқ. Өзіне көңілі толмады. Жастайынан білімді өз қатарластарының арасында тұңғыш болып алса да, «жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп өзіне қанағаттанбайды. Бай мен кедейге бір деңгейде қарайды, яғни қолынан келгенінше туралықты қолдаған өзіне бақылау жүргізе келіп: «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес, Жүрегімді байқасам, Инедейін таза емес», дейді.
Ал біздің қоғамның басты дерті – адамның өз-өзіне баға бере алмауы. Сондықтан енді Абайды оқып, іске көшетін кез келді. Біріншіден, ұстаздар қауымы балаға үлгі көрсету үшін өздері әрқашан іздену керек. Екіншіден, ата-ана баласына да, қоғамға да үлгі болып, адал еңбек етуі қажет. Үшіншіден, мемлекеттік қызметкерлер, іс адамдары ақынның ғашық бол деген бес қасиетін өмірде шынайы көрсете білсе дейміз.
Ең алдымен ол қалыптастырған «Толық адам» ұғымы маңызды. Әрине, оған дейін де Әл-Фараби айтқан «Кемел адам», Ясауи жазған «Кәмил инсан» ұғымдары болды. Бірақ Абай соларды қайталамай, керісінше толықтырды. Мысалы, ең биік шыңдардың бірі Эвереске шыққандардың қатары өте сирек. Бірақ әркім түрліше биіктігіне шықты, нәтиже осында. Ендеше, толық адам болу үшін ең алдымен мәдениетімізді дұрыстауымыз керек. Қазір баршамыз білетін Шығыс елдері осы күнге дейін рухани мәдениетті ғана дамытып келді. Ал Батыс елдері рухани мәдениеттен материалдық мәдениетті жоғары қойды. Енді біз байқаған Шығыс елдерінде технология анағұрлым дамымай қалды. Батыс елдерінде қазіргі таңда рухани тоқырау болып жатыр. Ендеше, қос мәдениетті де қатар ұстаған ел озады екен. Абай Жетінші қарасөзінде: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады», деп біз айтып жүрген рухани, материалдық мәдениетті жазып қалдырды. Оның айтқан бес асыл ісіне ғашық болып, бес нәрседен қашық болсақ, Абай мұраты орындалар еді. Ізгі, қайырымды іске кіріскенде, алдымыздан шығатын кедергілерден қаймықпасақ, жұмысымыз өнімді, берекелі болады. Абайша айтсақ, «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз». Сөйтіп, ол өзін де, халқын да тәрбиеледі. Балаларын оқытты. Орыс бол деген жоқ, керісінше білімі бізден озған орыстың тілін меңгеріңдер деді.
Абай өз заманына ғана бағдар қалдырған жоқ, бүкіл қазақтың кемшілігі мен өзгеден артықшылығын кеңінен жаза білді. Қазақтың бүкіл сана жолындағы тоқырауын жеңіп, түрлі озық ғұрыптарымызды жаңарту үшін өткенімізді толық білуіміз қажет. Біліп қана қоймай, ата-бабаларымыз жасаған, жазған мұраларына таңырқай бермей, оны іс жүзінде орындау керек.
Қанат АЛТЫНБЕК,
Ұлттық кітапхананың ғылыми-әдістемелік қызмет маманы
Бұл жазбаның толық нұсқасын QR-код арқылы тыңдауға болады