Қазақстан • Кеше

Су мәселесі – елдік мәселе

114 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Атырауда Қазақстан Президентінің қатысуымен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрыл­тайдың үшінші отырысы өткені белгілі. Жиында Мемлекет басшысы көптеген маңызды тақырыптарды, соның ішінде суды үнемдеу мәдениетін енгізу мәселесін көтерді.

Су мәселесі – елдік мәселе

Нұржан НҰРЖІГІТОВ,

Су ресурстары және ирригация министрі

 

Мемлекет басшысының суды үнемдеп пайдалану мәдениетін енгізу және оған ұқыпты қарау мәселесіне ерекше назар аударуы тегін емес. Осы міндеттерді жүзеге асыруға барлық жауапты сала органдары жұмыла кірісуі керек.

Біздің министрліктің су үнем­­деу бағытында қандай жұ­мыс атқарып жатқаны тура­лы айтсақ, бірінші кезекте Пар­ла­мент Мәжілісіне енгізілген жаңа Су кодексінің жобасын атап өту керек. Бұл – бірқатар ауқым­ды жаңашылдықты қамти­тын және су заңнамасын өзектен­ді­руге арналған іргелі құжат. Жаңа кодекстің мақсаты – эконо­ми­каның тұрақты дамуын қам­та­масыз ету, азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту, қор­ша­ған ортаны қорғауға мүмкіндік беретін суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және соны ұстану. Осыған дейін су экономикалық пайдаға қол жет­кізу құралы ретінде қарастырылып келген еді. Сондықтан құжаттың жаңа редакциясында өзен, көл және теңіз экожүйесін сақтауға қажетті су ағынын ескеріп, халық пен экономика салаларының қа­жеттілігіне сәйкес су алудың рұқ­сат етілген көлемі қайта есептелмек. Сондай-ақ жаңа құжатта кәсіпорындардың су үнемдеуіне, оны тазартуына, қайта пайдалануына ерекше мән беріледі. Бүгінде шағын және орта бизнес нысандары ауыз суды ұдайы пайдаланғандықтан, суды қайта пай­далану технологияларын ен­гі­зудің шұғыл қажеттілігі туындап отыр.

Су үнемдеу мәдениетіне қо­ғамдық жауапкершілік пен бақылау аса қажет емес. Сол себеп­ті жаңа Су кодексінде ком­мерциялық емес ұйымдар­ға су ресурстарына бақылау жүр­гі­зуге аккредитация беру тәрті­бі жазылған. Бұл жерде ми­нистрліктің бас­сейндік инспекция­ларына қада­ғалау функциялары беріледі, олардың штаты 1,5 есе ұлғайып, әр облыс орталығында бөлімшелері ашылады.

п

Елімізде су тұтыну мәдениетін енгізуге қатысты алдыңғы қатарлы ел­дер тәжірибесіне назар аудар­дық. Атап айтқанда, су ресурстарын басқару саласындағы Еуропа мен әлемдегі ең прогрессивті ел­дердің бірі Германияның тә­жірибесін зерделедік. Бұл тек су нысандарын қорғау емес, ауыз суды үнемдеуге, суды өнеркәсіпте тиімді тұтынуға да қатысты. Германияның су заңнамасына сәйкес су табиғаттың бір бөлігі, жа­нуарлар мен өсімдіктердің тір­шілік кеңістігі ретінде қорғалады. Немістің су туралы заңының негізгі қағидасы – «арнайы рұқсат етілмеген нәрсеге тыйым салынады». Осындай әлемдік озық тәжірибелерді зерделей отырып, Су кодексінің маңызын арттыра түстік. Құжаттың жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан, бітелуден қорғауға басымдық беріледі.

Су ресурстарын үнемді пайда­лану­ға орай нақты қадамдарды белгілеуге министрлік 2024–2026 жыл­дарға арналған Жол картасын әзірлеп, құжат Үкіметпен ке­лісілді. Жол картасы су саласын­ цифрландыру, шаруаларға ар­нал­­ған мемлекеттік қолдау ша­ра­ларын жетілдіру, заманауи­ үнем­деу технологияларын ен­гізу, неғұрлым үнемді ауыл шаруа­шылығы дақылдарына көшу туралы іс-шараларды іске асырады. Сондай-ақ Жол картасында кәсіпорындарда суды қайта пайдалануды енгізу, коммуналдық сумен жабдықтауды есепке алу жүйелерімен толық қамту, ірі елді мекендерде тазартылған сар­қынды суларды қайта пайда­ла­ну, шығынды азайту, су ресурстарын тұтыну мәдениетін енгізу жазылған. Құжат елдегі су саласының барлық бағытын қам­тиды. Суды кәсіпорындар мен шаруалар ғана емес, барлық тұрғын үнемдеуге тиіс. Сондықтан Жол картасына азаматтар арасында суға ұқыпты қарау мәдениетін на­си­хаттау бойынша да іс-шаралар енгізілді.

Ауыл шаруашылығында су­ды үнемдеу технологиясын ен­гізуге ынталандыру шаралары әзір­леніп жатыр. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, егістіктерге су үнемдеуге қа­тысты жабдықтарды сатып алу­ға және орнатуға арналған шығын­дарды субсидиялау мөлше­рін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғай­ту жоспарланды. Ал жаңа Су ко­дексінде су үнемдеу технологиясын енгізуге байланысты шаруаға субсидия және су беру қызметіне төмендетілген тариф түріндегі мемлекеттік қолдау ша­ралары көзделген. Сондай-ақ­ суармалы су тарифтерін да­қыл­ түріне және тұтынатын су көлеміне қарай есептеу ұсынылып отыр. Осы жерде «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны суару маусымына дайындық аясында тікелей келісімшарт жасайтынын атап өткіміз келеді. Бұл ортадағы делдалдарсыз жұмыс істеуге мүм­кіндік береді, сол арқылы қызмет құны да төмендейді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бағытынд­а әрбір өңірге су үнемдеу жүйелері ор­натылған алаңдар үлесін арт­тыруға қатысты нақты инди­ка­торлар берілді. Осыған сай 2030 жылдың соңына қарай суармалы жердің 50%-дан астамын су үнемдеу технологиясымен қам­ту, осының нәтижесінде жылына 2,2 текше шақырымға дейін су үнемдеу жоспарланып отыр. Екіншіден, су үнемдеу технологиясында шетелдік және отандық компаниялармен тұрақты түрде келіссөз жүргізіледі. Жамбыл, Қы­зылорда, Түркістан облысында кездесу ұйымдастырылып, фермерлерге суды үнемдеу саласында бірқатар ұсыныс айтылды.

Елде су тапшылығының алдын­ алу барысында жерасты суын иге­­ру маңызды рөл атқарады. Алайда  жерасты суының қорын игеру оларды бақылаусыз пайда­лану дегенді білдірмейді. Гидро­геоло­гиялық жұмыстарды ұйым­дас­тыру және жерасты су ресурсына мемлекеттік бақылау мен мониторинг жүргізуге байланыс­ты Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды.

Жерасты суларын мақсатты пайдалануды министрліктің бас­сейндік инспекциялары да қамтамасыз етеді. Мысалы, былтыр Жамбыл облысының өзінде шағын бизнес нысандарының жерасты суларын заңсыз пай­даланудың 14 жағдайы анықталды. Қоғамдық моншалар, көлік жуу орындары және өзіне-өзі қыз­мет көрсететін көлік жуу орын­дары сынды барлық құқық бұзушыларға айыппұл салынып, толығымен өндірілді.

 Қазақстан бойынша 55 тек­серіс жүргізілді. Нәтижесінде 103 бұ­зушылық анықталды. Олар – су шаруашылығы құрылысы мен құ­рылғысын пайдалану тәртібін бұзу, су ұңғымаларын заңсыз бұрғылау және жерасты суының су жинағыштарын салу, суды бас­тапқы есепке алу, оны пайдалану қағидаларын бұзу, есепке алу деректерін бұрмалау, су нысандарын заңсыз басып алу, белгіленген лимиттерден артық су алу, т.б бұ­зушылықтар әшкере болған.

Тұтыну және суға ұқыпты қарау мәдениеті – күнделікті өмірдегі суды үнемдеу ғана емес, маңызды нысандарды – көлдер, өзендер, теңіздерді қорғау. Мысалы, жыл сайын Каспий теңізіндегі су деңгейін сақтау мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан Каспий теңізінің ғылыми зерттеу инс­титуты құрылып жатыр. Жыл ба­сында Үкімет министрлік әзір­леген институт құру туралы қаулыны бекітті. Институт Каспий теңізінің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балық­тардың жаппай қырылу себеп­те­рін, итбалықтар популяциясын сақтау мәселелерін, ихтио­фаунаны, Каспий су айдыны мен жағалауын зерттейтін болады. Тағы бір бағыт – Каспий бо­йынша шекаралас басқа да мем­лекеттердегі әріптестерімен тығыз өзара іс-қимылды қамтама­сыз етпек.

Институт Каспий теңізінің эко­жүйесі туралы шынайы, тәуел­сіз ақпарат береді. Ал одан алын­ған де­ректер мемлекеттік және жер­­гі­лікті атқарушы орган­дар­дың кешенді шаралар қа­был­дауы­на негіз болады. Ғылыми ұйым құру арқылы Каспийді сақ­тау жөніндегі халықаралық және ұлт­­тық міндеттемелерді толық кө­­лем­де орындауға да мүмкіндік туады.

Биылдан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қо­рын басқарады. Еліміз алдағы үш­ жылда ұйымға төрағалық ете­ді, ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланды.

Суға деген үнем трансше­ка­ралық суды ұқыпты пайдалануға да қатысты. Су ресурстары және ирригация министрлігі Ха­лықаралық су ағындарын кеме қа­тынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенция аясында трансшекаралық өзендердің суын пайдалану мәселесін шешуге ниетті. Биыл 25 наурызда Мемлекет басшысы аталған конвенцияны ратификациялау туралы заңға қол қойды. Конвенция – трансшекаралық өзендердің, көлдердің, олармен байланысты жерасты суының әділ бөлінуін қамтитын, сондай-ақ оларды пайдалануды реттейтін халықаралық құжат. Қазіргі уа­қыт­та конвенцияға қатысушы 37 мем­лекет бар.

Конвенцияға сәй­кес мемлекет өз аумағында халықаралық су ағынын пайдалану кезінде басқа мемлекеттерге зиян келтірмеуге қатысты қажетті іс-шаралар қабыл­дайды. Сондай-ақ су ағыны, су са­пасы және тиісті болжамдар ту­ралы қолжетімді деректермен тұрақты түрде бөлісіп отырады. Мұн­дайда мемлекеттер бір-біріне кеңес береді, жоспарланған іс-ша­ралардың халықаралық су ағы­нына әсері туралы келіссөздер жүргізеді.

Көрші елдермен ақпарат алмасу мақсатында Қазақстан мен өзге мемлекеттер пайдаланатын трансшекаралық су көлемі өл­шейтін арнайы қондырғылар орнату жоспарланды. Бұл мәселе бо­йынша Өзбекстанмен ортақ ке­лісім бар. Басқа мемлекеттер­мен де осы бағытта келіссөз жүр­гізілмек.

Жоғарыда айтылған барлық мәселе еліміздегі су саласының бар­лық бағытын қамтуға арнал­ған. Мұндай ауқымды жұмыс суды үнемдеу мәдениетін кеңі­нен енгізу және оған ұқыпты қарау үшін қажет. Әрі мұны іс­ке асыру – азаматтардың су ре­сур­сының құндылығы туралы бі­лімін арттыруға, оны үнемдеу – әрбір азаматтың қолынан келетін борыш екенін сезіндіруге мүмкіндік береді.