Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазір Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтейін деп жатыр. Онда шабандоздардың алатын орны айтпаса да белгілі. Баяғы жылқышы дегеніміз, ең бірінші, шабандоз. Ат құлағында ойнайды. Осыдан 20 жыл бұрын атқа мінуді білмейтіндер жылқы бақпақ түгілі, сыртынан жүре алмайтын. Қазір қысы-жазы техникамен қайырады ғой. Ал ат құлағында ойнайтын шабандоздық – үлкен өнер. Абай айтпақшы, «шапандарын белсенген, асау мініп теңселген жылқышылар». Шабандоз – асау үйретуші, тақымгер көкпаршы, ептілері теңге ілуші, тағысын тағы.
Екіншіден, жылқышы – жылқы шаруашылығының білгірі. Жылқыны жазда қалай өрістету керек, күзде, көктемде, қыста ше? Мұның бәрі – білгенге ғылым. Қазір ауылдың маңын араласаң, жер түтіліп кеткен. Мың жылқыға не шақ келеді? Мекенін, өрісін уақтылы ауыстырып отырмаған соң. Мың жылқы – 4 мың тұяқ. Көшпелілердің соңы жылқыны айлап далада жатып, атпен баққандар дер едім.
Үшіншіден, ертедегі жылқышылардың қай-қайсысы болсын, бұғалықшы әрі шалмашы. Бұлар жеке-жеке мамандықтар десе артық емес. Кейінгісі баяғы жылқышылармен бірге «өлген» де шығар, кім біледі.
Сонымен қатар үнемі ат үстінде далада жүргендіктен, жылқышының көбі – жердің жайын, шоқы-қыраттың қойын-қонышын жатқа оқитын «сәуегей». Неше түрлі өсімдік пен шөптің түрін танып, түстеп отырар еді. Жусан, көкпек, көде, изен мен бұжғыннан басқасын білмеймін мен. Оның өзін ауылдағы бір ескі жылқышы танытқан.
Үлкендер күлкі қылып айтып отыратын. Ертеректе соқталдай бір жігіт ауылдағы жылқышының біріне қыс ішінде «жылқыдан биемді әкеп берші» деп өтінген ғой. Ақаң (жылқышы) сөзге келмей жеткізіп беріпті биесін. Көктемде көп жылқыны түгендеуге айдап келеді ғой ауылға. Сөйтсе, жалғызбасты жетім қарияның жалғыз биесі жоқ көрінеді. Ел абыржи бастапты. «Ойпырай, ақсақалдың жалғыз биесі жоқ» деп. Біреудің бірдеңесін ауыл боп уайымдайтын уақыт болған, ә? Елдің үлкендері солай абдырап тұрса, жетім қарияның биесін әлгі жігіт жетелеп келіп, жылқыға қосыпты. Ауылдағылар бас салып: «Мынау ақсақалдың биесі ғой» десе, «жоға менікі, Ақаң әкеп берген, қыстай бағып шықтым» деп жеңістік бермепті. Сөйтсе, ақсақал мен жігіттің биесі ұқсас, түсі қарагерлеу екен. Ені де бірдей. Тек қана ақсақал биесінің жалына шүберек өріп жіберген де, ол бір жағына қарай жататын жалдың астында қалған. Жігіттің биесі табынның ішінен шығыпты.
Ауылдың жалғызілікті ақсақалы, қыста биесін бағып шығатын қауқары жоқ. Әлгі соқталдай қуға «сен жассың, қыста ақсақалдың жалғыз биесі ит-құсқа жем боп кете ме, бағып бер» десе, бақпайтынын біледі. Көпті көрген жылқышы әлгіндей айлаға көшкен де. Ат құлағы көрінбейтін боранда жол табатын жылқышы бір-біріне ұқсас биені танымай, шатастырып әкелмеген. Жердің жағдайымен қатар, елдің де қамын бағып жүргенінің белгісі. «Таяққа сүйеніп қалған ақсақалдың жағдайына алаңдаған қамқорлығынан» деп отыратын үлкендер.
Қарапайым ауыл жылқышысының бір қасиеті – осы.