Білім • 22 Тамыз, 2015

Бала арманынан айнымаған Айнұр

29 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қай салада болсын білімді, бәсекеге қабілетті маманға тәуір жалақысы бар жұмыс табылады. Ол үшін тәжірибелі маман болдым, толдым демей, ұдайы дағдысын жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл – мемлекеттің емес, еңбек нарығынының талабы. Мұғалімдерге бала оқытудың жаңаша, озық әдіс-тәсілдерін үйретіп жүрген Айнұр Ахметчеева да біздің пікірімізді құптайтынын аңғартты.    

Бала арманынан айнымаған Айнұр

«Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» деген Ы.Алтынсарин. Мектептің жаңа, жайлы болғаны әрине жақсы. Бірақ, одан да маңыздысы мұғалімнің талантты, мықты болғаны. Айнұр Ахметчеева мектеп жасында үздік ұстаздардан тәлім алған соң, солар жүрген соқпаққа түсуді ойлапты. Мектеп табалдырығын имене аттаған оқушылардың қанатын қатайтып, жол сілтеуді армандапты. Оқуда озат Айнұр сол бағытынан жаңылмай, іздегенін тапқан. 

–Өзім Алматы облысы Балқаш ауданындағы Бақбақты ауылының тумасымен. Сондағы орта мектепте білім алдық. Неге екенін білмедім, бірақ, сол кезден лидерлікке ұмтылыппын. Әркез бірінші болуға талпынатынмын. Бәлкім ол да керек қасиет шығар. Мектеп жастан ағылшынға қызығып, олимпиадалардан қалмайтынбыз. Әлі есімде, 1998 жылы ағылшын тілінен дарынды балаларға арналған Шамшырақ деген байқауға қатысқаным бар. Сол байқауда төбе көрсеткен соң, шет тіліне қызығушылығым артқандай болды. Сөйтіп жүріп мектепті үздік аттестатпен аяқтадым. 2002 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне мемлекеттік грантпен оқуға түстім. Университетте белсенді болып, қоғамдық жұмыстарға араластық. Президенттік степендия иегері атандым. Қуаны қарай университетті, ізінше, сол университеттің магистратурасын қызыл дипломмен тамамдадым, – дейді Айнұр.

Айнұр Серікқызы шет тілі мамандығында оқып жүріп «Шынайы мысалдар арқылы ағылшын тілін оқыту» тақырыбына қызығып, зерттепті. Кейіпкеріміз қанігі сабақты мультфильм, жаһанға танымал фильмдер арқылы оқытуды ұсынған. Өйткені, білікті маманның айтуынша, сабақты мультфильм арқылы меңгерген бала, сол елдің тілін үйреніп қана қоймайды, мәдениетінен де хабардар болады деп санайды. Айнұр кейін магистратураға да грантқа түсіп, оқуын жалғастырады. Мұнда ол әуелден өзі зерделеп жүрген «Студенттердің фонетикалық дағдыларын қалыптастыру» тақырыбын одан әрі тереңірек зерттеуге кіріседі. Түрлі еңбектерді ақтарып, қазақ тілінің ағылшынға ұқсас тұстарын ізденеді, студенттердің фонетикалық дағдыларын қалыптастыру әдіс-тәсіліне мән береді. Айнұр Серікқызы магистратурадан соң, өзі оқыған мамандық бойынша студенттерге дәріс оқи бастаған.

 Талапты ұстаздың еңбегі бағаланып, 2011 жылы Назарбаев универсиетіне грант ұтып алған. Ғылымға ден қойған маман онда да қарап жүрмей, түрлі зерттеумен айналысқан. Ұлыбритания, АҚШ-тан келген мұғалімдерімен тізе қосып еңбек еткен. Осы кезеңнен бастап Айнұр Серікқызы орта мектеп, жоғары оқу орындарында сабақ беретін мұғалімдерге ағылшын тілін үйретудің тың әдіс-тәсілдеріне иек артқан. Қазір де мектептен-мектепке барып, семинар өткізіп жүрген жайы бар. Жақын беріден Айнұр Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істейді. Жуырда ол екінші деңгейлі курс жүргізіп, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдеріне сабақ беріпті. Кембридж университетінен 2-ші деңгейлі тренер сертификатын алып үлгерген. Болашаққа нақты жоспар құрып, сол жоспардан айнымай білім алуға ұмтылған кейіпкеріміздің еңбек жолы сіз бен бізге қызық, ұстаздыққа бет бұрған түлектерге үлгі деп ойлаймыз.