Фото: ашық дереккөзден
Өкінішке қарай, ядролық жарылыс басталған кезде өмір сүрген көп адам сынақ салдарынан мезгілсіз құрбан болды. Олар мемлекет тарапынан берілуге тиіс әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай, өмірден өтті. Қазіргі кезде олардың ұрпақтары (балалары мен немерелері) да моральдық және материалдық көмекке зәру. Өйткені ядролық сынақ адамдардың денсаулығына ғана емес, қоршаған орта мен табиғатқа да орасан зор зардабын тигізді. Полигон аумағын радиациялық қоқыстардан тазарту жұмыстарымен қатар, зардап шеккен азаматтарды мемлекет тарапынан болатын әлеуметтік қорғау әлі де дұрыс жолға қойылмаған.
Осы жылы 30 мамырда Семей полигонында ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар мен мүгедектерге жеңілдіктер туралы петиция жарияланды. Бастамашылары – «Семей-ЯП» қоғамдық қоры мен «Астана қаласының мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері. Полигоннан зардап шеккен халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі мәселелерді ел Үкіметі жақсы білгенімен, шешілмеген күйінде қалып отыр. Осыған дейін қор мен бірлестік осы өзекті мәселені көтеріп, Президент, Парламент, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, қоғам қайраткерлері,ҮЕҰ өкілдері, депутаттарға 3 мыңнан аса өтінішхат жазды. Алайда бірнеше мәрте жазған өтініштер жыл сайын «бюджетте қаржы қарастырылмаған» деген желеумен кейінге шегеріліп келеді. «Қоғамдық бақылау туралы» заңның 4 және 5-баптарына сәйкес мемлекет істерін басқаруға қатысу құқығын пайдалана отырып, қор мен қоғамдық бірлестік оларға енді электрондық өтінішпен интернет-ресурс арқылы жүгінуді шешті.
Қойылып отырған негізгі талаптар – Семей полигонынан зардап шеккен азаматтар мен мүгедектердің әлеуметтік қорғау шаралары туралы заңды қайта қарастырып, жаңасын қабылдау. Қазақстандағы полигон «құрбандарына» жеңілдіктер мен өтемақыларды заңнамалық түрде бекіту қажет. Сынақ полигонынан тікелей зардап шеккен азаматтар көп жеңілдіктен қағылған. Осыған байланысты 1949-1989 жылдар аралығында Семей ядролық сынақ полигонында болған ядролық сынақтардан зардап шеккен барлық азамат атынан бірқатар жеңілдік талап етіліп отыр. Атап айтқанда, сауықтыруға ай сайын ақшалай өтемақы төлеу, зейнеткерлік жасын төмендету, денсаулық сақтау орындарында тегін және кезектен тыс қызмет көрсету, тұрғын үйді немесе ЖТҚ үшін жер учаскесін кезектен тыс беру, теміржол көлікте тегін жол жүру, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің ақысын төлеуге жұмсалатын шығындардың өтемақысын 50% мөлшерінде қысқарту, дәрілік препараттарға 90% жеңілдік, тағы басқалар.
Радиация аймақтарында тұратын халықтың, ол аумақтардан көшіп, елдің басқа аймақтарында тұратын азаматтардың және полигон аймағы жабылғанға дейін әр жылдары әскери борыштарын өтеген азаматтардың да мүдделерін ескеру маңызды. Бұған қоса кезінде Семей облысы жабылғанда Шұбартау, Таскескен, Абыралы, тағы басқа аудандар жабылып, сол жақта тұрған тұрғылықты тұрғындар тіркеусіз қалған.
«Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң қабылданғаннан кейін сол кездегі бюджет тапшылығына байланысты ел Үкіметі полигон құрбандарына бір реттік қана мардымсыз мөлшерде өтемақы берді. Бұл қаржы өз кезегінде ядролық сынақтардың зардабын жоймақ түгіл, емделуге де жетпеді. Сондықтан полигоннан зардап шеккендер туралы заң нормаларына өзгерістер енгізу керек немесе жаңа заң қабылдау қажет.
Қолданыстағы заң бойынша Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының полигонмен шектесетін аудандары радиация мөлшеріне байланысты аумақтарға бөлінген. Осы заңның 2-бабына сәйкес көрсетілген аудандарда тұрып, кейіннен Қазақстанның басқа өңірлеріне қоныс аударған азаматтар да заңда көрсетілген барлық жеңілдікті пайдалануға құқылы. Ал шын мәнінде олай емес. СЯСП-тан зардап шеккен мыңдаған азамат, солардың ішінде (мерзімді) қызмет атқарғандары да бар, түрлі жағдайға байланысты Қазақстанның түкпір-түкпіріне қоныс аударған. Бірақ әлеуметтік қорғау заңының 13-бабына сәйкес көрсетілген аумақтарда тұрып жатқан жергілікті азаматтарға ғана көрсетіледі. Ядролық сынақ залалы адамдарға қай жерде тұратынына және радиация аймағына қарамастан әлі де зардабын тигізіп келеді.
Заңның 11-бабына сәйкес жеңілдіктер полигоннан зардап шеккенін растайтын куәлігін алған адамдарға берілуі керек. Бірақ бұл куәлік жарамсыз, еш жерде мәртебесі көрсетілмеген. Тіпті ол ел азаматтарының жалпы базасына да енгізілмеген. Бұл жеңілдіктерді 1949-1963 жылдары Ресей белгілеген аумақтарында (Алтай өлкесі) тұрған СЯСП-тан зардап шеккен азаматтарының жеңілдіктерімен салыстыратын болсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Оларда тіпті радиация залалы ата-анасының біреуіне болсын әсер еткен жағдайда, 18-ге толмаған балалары мен немерелері де РФ заңында көрсетілген түрлі жеңілдік пен жәрдемақыға ие бола алады.
Ғалымдардың ұзақ жылға созылған зерттеулері бойынша, аталған облыстардағы халық арасында онкологиялық және психикалық ауытқулары бар аурулар саны артқан және адамдардың биологиялық жағынан ерте қартаюы жиілеген. Олардың арасында мүгедек жандар, мүгедек балалар да өте көп.
Семей полигонынан зардап шеккендер мен мүгедектерді және басқа аумақтарда тұратын азаматтарды да тыс қалдырмай, әлеуметтік жағынан қорғау туралы заңды қайта қарап, жаңасын қабылдау – кезек күттірмейтін мәселе. Әділетті Қазақстан құру жолында біздің басты құндылығымыз – адам өмірін сақтау. Ендеше, Семей полигонына қатысты жаңа заң қабылданатынына сенім артамыз.
Болатбек ӘБДІКӘРІМ,
«Семей-ЯП» қоғамдық қоры, «Астана қаласы мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы