Өнер • 29 Тамыз, 2024

Берлинде бебеулеген домбыра

43 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Домбыра мұнша шешен болдың неге?» деп жырға қосқандай, қасиетті қара домбыра талайды таңдандырып келеді. Қайбір классикалық музыканы да оңай ығына жыққан сиқырлы аспап Берлин төрінде өнерден ту тікті.

Берлинде бебеулеген домбыра

Фото: ашық дереккөзден

Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің Еура­зиялық симфониялық оркестрі Берлинде өнерлерін көрсетті. Бірыңғай студенттерден құралған шығармашылық ұжым Германияда өткен «Young Euro Classic» фестивалі аясында концерт беріп, көптің ықыласына бөленді.

Домбыра шанағынан қоңыр күйлерімізбен қатар Мо­царт­тың әйгілі «Түрік маршы» әуе­леді. Сегіз жігіт ерекше сазды симфониялық оркестрмен орындағанда әуен әрлене түсті. 200 жылдан астам тарихы бар «Konzerthaus» ғимараты классика мен ұлттық аспаптардың үндесуінен ерекше күйге бө­ленген. Ширек ғасырлық мерей­тойын тойлаған музыка фес­тиваліне Қазақстан делегациясы екі сағаттық бағдарламамен барған.

– Біз домбырада тек күй ғана емес, бүкіл шетелдік шы­ғар­маларды да орындауға бо­­ла­тынын көрсеткіміз келе­ді. Ал екінші орындаған шығар­мамызды айтатын болсақ, ол – Нұр­ғиса Тілендиевтің «Ма­хамбеті». Бұл туынды Қазақ ұлттық оркестрінің әнұраны деп есептейміз. Мұнымен  қа­зақтың бай музыкасын шетелге таныстыруды мұрат тұттық. Қазақтың күйін, философиясын әртүрлі шығармаларымыз арқылы тыңдарманға таныттық деп ойлаймын,– дейді «Шабыт» домбыра ансамблінің мүшесі Кенжебек Әділов.

Маңызы мол шарада сту­денттеріміздің өнеріне неміс тыңдармандары тәнті бол­ған­дарын жасырмады. Оркестр шетелдіктерді там­сандырып қана қоймай, олар­дың қазақ музыкасына деген қызығушылығын арттыра түсті.

Соңғы жаңалықтар