Технология • 30 Тамыз, 2024

Жасанды интеллектіні қолданудағы құқық мәселесі

121 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміздегі барлық саланы қамтитын ауқымды құқықтық рефор­малардың шеңберінде үлкен деректерді және жасанды интеллект технологияларын дамыту және енгізу жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланыс­ты алдымызда ашық, тиімді әрі қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ете отырып, қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу тұрғысынан әмбебап іргелі тәсілдемені қосу міндеті тұр.

Жасанды интеллектіні қолданудағы құқық мәселесі

Бұл азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қор­ғауға, сондай-ақ мемле­кет қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге, құ­қық бұ­зушылықтардың жаңа түрлері­нің алдын алуға және анықтауға ба­ғыт­талған сот және құқық қорғау қызме­тін­де қолданылатын құралдарды пай­да­ланудың барынша жетілдірілген тәсіл­демесін талап етеді.

Осыған орай мынадай үш негізгі бағыт бойынша қоғамдық өмірдің түрлі салаларына белсенді түрде енгізі­летін бағдарламалық жасақтаманы қоса ал­ғанда, жасанды интеллектіні тех­но­ло­гия­лардың жиынтығы ретінде қарас­тыра отырып, оны орынды пайдалану мәсе­лелері ерекше өзектілікке ие бола түседі.

1) экономиканы, қоғамды дамыту, азаматтардың қауіпсіздігін нығайту үшін;

2) әскери мақсаттар үшін;

3) қылмыстық сипаттағы мақсаттар үшін.

Әлемдік тәжірибе сот және құқық қорғау органдары осы үш саланың бар­лы­ғында жасанды интеллектіні пайдалану көріністеріне кезігетінін көрсетіп отыр.

Шет елдердің тәжірибесі жасанды интеллектіге негізделген технологиялар сот және құқық қорғау қызметінде кеңінен қолданысқа еніп жатқанын көрсетеді. Бұл саладағы көшбасшы­лар – АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Қытай Халық Республикасы. Мұнда болжамды полиция әрекеттері мен сот өндірісі жүйелері жиі қолданылады, олар жасалған қылмыстар туралы ста­тистикалық деректерді талдау негізінде болжамды уақыт пен олардың жасалған орнын көрсете отырып, ықтимал қыл­мыс жасау аймақтарын, сондай-ақ сот шешімдерін болжайды.

Мәселен, АҚШ-тағы көптеген полиция бөлімшесі Калифорния универ­ситеті (UCLA) әзірлеген «PredPol» дерек­терді талдау жүйесін пайдаланады. Жа­сал­ған қылмыстар туралы есептердің негі­зінде әзірленген бұл жүйе құқық бұзушылықтар жасалу ықтималдығы жоғары аудандарды анықтап, жергілікті полиция қызметкерлеріне ақпарат беріп, картадағы осы аймақтарды белгілейді.

«Smartsettle ONE» (Ұлыбритания) жасанды интеллект жүйесі ұтымды келі­сімге қол жеткізу үшін тараптардың келіссөз тактикаларын құруға қабілетті. 2019 жылы азаматтық сот ісінде алғаш рет робот-бітімшінің көмегімен тараптар арасындағы дау шамамен бір сағат ішінде сотқа дейінгі тәртіпте реттелді. Заңгерге бұл үшін кем дегенде үш айлық келіссөздер қажет болар еді.

Біздің елімізде осы бағыттағы жұмыс қарқынды дамып келеді. Сот жүйе­сін­дегі маңызды IT-жобалардың бірі – «Сот тәжірибесінің цифрлық сараптамасы», бұл жоба сот шешімдерінің мәнін түсінуге, оларды салыстыруға, ауытқуларды анықтап, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыруға қабілетті.

Жасанды интеллектінің қолданыс аясын кеңейтудің артықшылығын айта отырып, оларды пайдалану бойын­ша құқықтық реттеу мәселелері өз шешім­дерін талап ететінін де ұмытпауымыз қажет. Тағы бір маңызды сәт – осы техно­логиялардың жетілдірілмеуіне, сондай-ақ адами факторларға байла­нысты оларды қолданудың этникалық аспек­тілерін де ескеруіміз керек.

Әлеуметтануда полиция қызмет­кер­лері жинаған деректер базасындағы мәліметтер тысқары түсініктерді қам­ти­ды, ал қылмыстық статистика қылмыс­тардың нақты деңгейін емес, мемлекетке белгілі болған қылмыс санын ғана көрсетеді деген пікір бар. Мұндай сипатта жиналған мәліметтерді негізге алу бұрыс болжамдар мен теріс мақсатта пайдалануға алып келуі мүмкін.

2021 жылы ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер тарихта алғаш рет жасанды интеллектінің этникалық аспектілерінің жаһандық стандарттарын қабылдауы кездейсоқ емес.

Еліміздегі сот жүйесінің негізгі қағи­даттарының бірі – заң мен ар-ұжданды басшылыққа алып, қарастырылған дә­лел­дер жиынтығының негізінде өзінің ішкі сеніміне сүйене отырып шешім шығаруы екені белгілі. Бұл жағдай­дағы сот шешімі – моральдық-этникалық ұста­нымға негізделген заң баламаларын таңдау барысындағы сот құралы. Сондықтан судья шешімі институтын істен шығару сот өндірісінің мән-маңызын жоюмен тең.

Халықаралық қылмыстың жаһан­дануы, киберкеңістік пен заманауи информациялық технологияларға байланысты іс-әрекеттердің жаңа түрінің пайда болуы және кеңінен таралуы жағдайында қылмыстық құқықтың мәсе­лелері мен даму перспективалары айрықша назар аударуды талап ете­ді. Қылмыстық заңнама мен тәжіри­бені осындай жаңа сын-тегеурін мен қатер­лерге адекватты және заманауи жауап қатуға жүйелік бейімдеу барынша өзекті бола түсуде. Осы салада туындайтын мәселелерді еңсеру бойынша тиімді шешімдер шығару үшін ғалымдар мен практиктер іс-қимылдарын біріктіруі маңызды.

Президентіміздің 2021 жылғы 15 қа­­­­зан­дағы №674 Жарлығымен бекітіл­ген­ Қа­зақстан Республикасы Құ­қық­тық саясатының 2030 жыл­ға де­йінгі тұ­жы­рымдамасында жасанды ин­тел­лект (бұдан әрі – ЖИ) технологиялары мен роботтехниканы реттеу­дің қажет­тілігін негіздейтін екі фактор айқын­далған. Біріншісі – ЖИ және роботтар келтірген залал үшін жауапкерші­лік­ті бөлу мәселелерін шешу. Екіншісі – ЖИ көмегімен жасалған туындыларға зияткерлік меншік құқығының тиесілігін анықтау мәселелерін шешу.

Биылғы 7 ақпанда ел Үкіметінің ке­ңей­тілген отырысында Мемлекет бас­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел эко­но­микасындағы жағдайды түрлі салаларды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу пайдасына өзгертудің маңызын атап өтті. «ЖИ-дің негізгі арқауы – деректер. Бір жағынан, мәліметтер көпке қол­жетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіп­сіздік, жеке мәліметтерге қол сұқ­пау, мәліметтердің сапалы болуын қам­тамасыз ету мәселесі бар», деп баса айтылды.

Елімізде ЖИ-ді қолдану 2017 жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасының шең­бе­рінде жүзеге асырылады. Оның негізгі міндеттері – болашақ экономикасын түбегейлі жаңа траекториялық-цифрлық экономикаға ауыстыруға жағдай жасау және ел экономикасының даму қарқынын жеделдету. Мұнда бес бағыт көзделген, осы бағыттар бойынша 17 бастама және 120-дан астам жоба қалыптастырылған, атап айтсақ: «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлық мемлекет­ке көшу», «Цифрлық Жібек жолын» іске асыру», «Адами капиталды дамыту» және «Инновациялық экожүйені құру».

Үкімет өз қызметін цифрландыру ісі бойынша 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік онлайн-қызмет көрсету деңгейі 93 па­йызға жетті. 2022 жылы БҰҰ электронды үкіметтер рейтингінде Қазақстан ТМД елдерінің арасында электронды үкі­меттерді дамыту индексінде ең жоғары мәндер бойынша 28-орынға ие болды.

Жоғары аталған бағыттардың даму қарқынына қарамастан, цифрландыру саласында бірнеше кедергі қалып отыр:

– қолайсыз, қайшылықты және тұрақ­сыз заңнама;

– мемлекеттік органдардың қызмет­терін және әкімшілік шараларды заңна­малық деңгейде шамадан тыс реттеу, өз кезегінде бұл уәкілетті органдарды дербестіктен, сондай-ақ ішкі және сыртқы бизнес-үдерістерді оңтайландыру, озық тәжірибелер мен цифрлық шешім­дерді енгізу жөнінде шұғыл шешімдер қабылдау мүмкіндігінен айырады;

– адам және азаматтың цифрлық құқық­тарын реттеудегі заңнамалық олқы­лықтар;

– цифрлық қадағалауды енгізу үшін «Заттар» интернетін, ЖИ-ді қолдану арқылы деректерді өңдеу алгоритмдерін, көлемді мәліметтерді бақылаусыз пайдалану;

– цифрлық қызметтер провайдер­лерінің қызметтерін реттейтін бірыңғай заңнамалық базаның болмауы.

Әзірленіп жатқан «Жасанды интел­лектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» осы кемші­ліктерді жоюға бағытталған.

Осы салада тиімді құқықтық реттеуді әзірлеу мақсатында, біздің ойымызша «жасанды интеллект» ұғымына және оның құқықтық мағынадағы белгілеріне айрықша назар аудару керек.

Бұл мақсатта осы ұғымға толыққанды анықтама беру үшін ЖИ белгілеріне акцент қою ойға қонымды деп саналады. ЖИ туралы Еуроодақтың «Жасанды интеллект туралы актісінде» берілген анықтама барынша сәтті шыққан. Бұл құжатта ЖИ автономияның түрлі дең­гейлерімен жұмыс істеуге арналған, құрудан кейін бейімделуге қабілетті, алынған деректердің негізінде айқын немесе айқын емес мақсаттарға жету үшін, физикалық немесе виртуалдық ортаға әсер ете алатын шешімдер немесе ұсынымдар, контент, болжамдар секілді шығыс деректерін қалай түрлендіру керек екені туралы қорытынды жасай алатын «машиналық жүйе» ретінде түсіндіріледі.

Еуропалық Парламент биылғы ­нау­­­рызда «Жасанды интеллект туралы акт»­ ЖИ-ді реттеу жөнінде әлемдегі ең ал­ғашқы кешенді заңды мақұлдады. Бұл заң­ «қауіп-қатері жоғары жасанды интел­лек­тіден іргелі құқықтарды, демокра­тияны, заңның үстемдігін және эколо­гия­лық тұрақтылықты қорғауға» бағыт­тал­ған. Басты назар ЖИ-дан адамның ір­­гелі құқықтарын қорғауға аударылған.

Заң азаматтарға ЖИ жүйелеріне шағым түсіру құқығын және олардың құқық­тарына қатысты шешімдер жөнін­де түсініктемелер алу құқығын ұсына­ды. ЖИ жүйелері де авторлық құқықты сақтауы тиіс, ал жасанды немесе өңделген бейнелер, аудио немесе бейнеконтенттер тиесілі сипатта белгіленуі керек.

Ең басты мәселенің бірі – ЖИ-дің құқықтық субъектілігі туралы, бұл сұрақ­тың Еуроодақтың күн тәртібінде қам­тылуы да кездейсоқ емес, мұнда ол мынадай екі аспектіні қарастырады: 1) ЖИ-ді физикалық немесе заңды тұлғалар, жануарлар немесе басқа да құқық субъектілері ретінде қарастыру керек пе; 2) келтірілген залал үшін жауап­кершілікті қоса алғанда, құқықтар мен міндеттерді бөлу контексінде өзіндік ерекшеліктері мен туындайтын салдарын қамти отырып, жаңа категория құру қажет пе?

Заңнамалық деңгейде ғана емес, ға­лымдар арасында да бұл сұрақтардың біржақты жауабы әлі табылған жоқ. Бір ғалымдар тобы жасанды инттеллекті де адамға тән ойлау, жаңа нәрсе жасау, сезіну, қызығу және сол секілді бірқа­тар құқықтық субъектілік элементінің болмауына байланысты оны құқық субъектісі ретінде тануға қарсы. Олар­дың ойынша, ЖИ жүйесі адамның мінез-құлқына еліктей ғана алады, алайда адаммен бірдей деңгейде бола алмайды. Енді бір ғалымдар ЖИ-ге құқықтық субъектілік беру керек деген пікірді қолдайды, бұл ЖИ құқықтық қатынастар субъектісі бола отырып, құқыққа ие болып, міндеттерді орындай алуы мүмкін дегенді білдіреді.

Біздің ойымызша, құқықтық субъек­тілік туралы мәселедегі қиындық жасанды интеллектінің ерекшеліктері құ­қық­тық көзқарас тұрғысынан ғана емес, жаңа құбылыс ретінде де жеткілікті зерттелмеуіне байланысты. Алайда оның адамзат пен қоғамға тиімділігі бәріне белгілі. Сондықтан жасанды интел­лектінің құқықтық субъектілігі туралы мәселеге терең үңілмей тұрып, ЖИ оның іс-әрекеттерінің теріс салдары үшін жауапкершілік алу қажеттілігі есебінен құқықтық категория ретінде танылуы керек екенін атап өткіміз келеді.

Осылайша, жасанды интеллектінің құқықтық мәртебесіне қатысты үш негізгі ұстаным бар: 1) ЖИ – құқық субъектісі және мазмұны бойынша физикалық тұлғаға ұқсайды; «электрондық тұлға» жеке құқықтық мәртебесін беру туралы ұсыныс бар; 2) ЖИ – құқық нысаны, мәртебесі бойынша жануарға теңестірілуі тиіс, яғни ол – мүлік; 3) ЖИ – техникалық құрал ғана.

Біздің ойымызша, жасанды интел­лектіге ең лайықты сипаттама – оған «электронды тұлға» құқықтық мәр­те­бесін беру. Бұл мәртебе ЖИ-ге тәуел­сіз шешімдер қабылдауға, өзге субъек­тілермен әрекеттесуге, ең бастысы, өзінің автономдық шешімдеріне жауапкершілік алуға мүмкіндік береді.

Қорыта келгенде, жасанды ин­тел­лект технологияларын пайдала­ну­дың құқықтық аспектілері әлі де ға­лым­дардың талқылауында, алайда олар ЖИ келтіретін залал үшін жа­уап­кершілік және оның құқықтық субъек­тілігі жөніндегі мәселе бойынша ортақ пікірге келген жоқ. Жасанды ин­теллектіні құқықтық реттеудің тиімді тетігін құру үшін Еуроодақтың тәжірибесі мен «Жасанды интеллект туралы актінің» ережесін пайдалы деп санаймыз. Жасанды интеллектіні қолдану барысында адам құқығы мен бостандығын бұзу жөніндегі ықтимал қатерлер халықаралық құқықтық нормаларды ескере отырып, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізуді талап етеді.

 

Сәкен АБДОЛЛА,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры