Еліміздегі конституциялық реформаның арқасында азаматтар өздерінің құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететіндей деңгейде нормалардың Конституцияға сәйкестігін өздері даулау мүмкіндігіне ие болды. Оның нақты мысалы – Конституциялық соттың ашылып, жаңа форматта қызмет ете бастауы. Ол азаматтардың конституциялық кепілдіктерін жүзеге асыруға қатысты қоғамды толғандыратын проблемаларды анықтауға, ұлттық заңнаманы жетілдіруге ықпал етуге мүмкіндік береді.
Конституциялық сот өзінің әрбір шешімінде Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтары заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын анықтайды деген ережелеріне назар аударады. Мемлекет жеке тұлғаның құқықтарын жариялап қана қоймай, оларды қамтамасыз етуге кепілдік береді, бұл үшін барлық қажетті жағдайды жасайды.
Бұрынғы Конституциялық кеңес, енді қазіргі Конституциялық сот шектеу шараларының негіздері мен аясы Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес келуге тиіс екенін атап өтеді. Оған сәйкес адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік нормаларын қорғау мақсатында қажет шамада ғана тек заңдармен шектелуі мүмкін.
Конституцияның 14-бабында белгіленген заң мен сот алдындағы барлығының теңдігі, сондай-ақ шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға байланысты ешкімді қандай да бір кемсітуге болмайтыны туралы конституциялық ереже жеке тұлғаның құқықтары мен міндеттерінің теңдігін, мемлекеттің осы құқықтарды тең қорғауын және жеке тұлғаның заң алдындағы жауапкершілігін білдіреді.
Конституциялық сот осы ұстанымды дамыта отырып, қабылданған заңдарда адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейтінін анықтады. Тең жағдайларда құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс.
Жоғарыда келтірілген мысалдар мүмкіндіктерді, сондай-ақ біздің азаматтардың құқықтар мен бостандықтарды заңды түрде қорғауға деген ұмтылысын көрсетеді, осылайша әділетті қоғам құруға мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бекітуі бойынша заң үстемдік ететін және өмірдің барлық саласында құқық үстемдігі қағидаты сақталатын әділ қоғам елдің үдемелі прогресінің іргетасы болуға тиіс.
Ерлан СӘРСЕМБИЕВ,
Конституциялық сот судьясы