Заман ағымына қарай, қоғам мен мемлекет өмірінде туындап отыратын жаңа мақсаттарға қол жеткізу, ұлтты ұйыстыру, мемлекеттілікті нығайту қалыптасқан құқықтық жүйені жетілдіру арқылы жүзеге асырылады. Бұл – заңды құбылыс. Зерттеулерге жүгінер болсақ, демократиялық тұрғыда даму деңгейі жоғары мемлекеттердің өзінде билік пен қоғамның өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақтар, тәуелсіз баспасөз, сот жүйесі, сайлау үдерісі сияқты азаматтық қоғам институттары жетілдіріліп отырады. Бұл орайда билік пен қоғамның арақатынасының дәлелденген озық тетіктерін қолданып қана қоймай, қоғам дамуының тиісті кезеңінің ерекшеліктерін ескеретін жаңа тетіктер мен тәсілдерді енгізудің маңыздылығын айрықша атап өту қажет.
Кез келген конституциялық реформа қоғам өміріндегі саяси-құқықтық мәні орасан зор, аса күрделі үдеріс.
Республикалық референдумда қабылданған 1995 жылғы Конституция құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам институттарын қалыптастыратын, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, сондай-ақ мемлекет дамуының жаңа бағыттарын айқындайтын құқықтық жүйенің іргелі негізін қалыптастырды. Ата заңға сәйкес құқықтық жүйенің негізгі элементтерін баянды ететін жаңа заңдар қабылданды.
Әлемдегі және еліміздегі әлеуметтік ахуал мен саяси-қоғамдық үдерістерді жіті бақылап, жаһандық сын-тегеуіріндерге төтеп беретін мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және конституциялық нормалар мен қағидаттарды қоғам дамуына бейімдеу мақсатында айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Дегенмен Конституцияға енгізілген алдыңғы түзетулер негізінен Президенттің құзыретін нығайтуға байланысты болғаны белгілі. Мұндай біржақты өзгерістерге әрқашан дерлік жоғарыдан бастамашылық жасалып отырды.
2017 жылғы конституциялық өзгерістер оң бағытта басталғанына қарамастан саясат пен экономикадағы монополизмнің сақталып қалуы, көзге көрінетіндей нәтиже бермей, қиюы шешілмеген қайшылықтың шиеленісуіне әкелді. Азаматтар арасында орын алған мүліктік жіктелу, оған қоса халықтың айтарлықтай бөлігінің тұрмыс деңгейі төмендеуі қалыптасқан келеңсіз жағдайды өзгертуге ниеттенген қоғамдық сананы оятуға түрткі болды. Мұндай жағдайда ел ішінде оңтайлы саяси ахуал қалыптастыру, мемлекеттің тұрақты дамуы, кең ауқымды әлеуметтік-экономикалық өрлеу, әлеуметтік әділеттілікті орнату қиынға соғатыны анық байқалып, қоғамда жүйелік өзгерістердің қажеттілігі туындады. Осылайша, теңгерімді саяси база болмай экономикалық өркендеудің мүмкін емес екені саяси жүйені реформалаудың қажеттілігін тудырды. Сондықтан да Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында саяси қайта құруларды жүргізуге баса назар аударған болатын.
Ал 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауы аясында Президент мемлекеттің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың бағдарламасын қалың жұртшылыққа таныстырып, елімізді түбегейлі жаңғыртуды көздейтін ауқымды реформалар ұсынды. 2022 жылғы конституциялық реформа кейінгі жылдарда қалыптасқан, әсіресе 2022 жылдың қаңтарында айқын көрінген қоғамдағы, мемлекеттегі елеулі кемшіліктер мен шиеленісті мәселелерді жоюға бағытталды.
Қалыптасқан саяси модельді түбегейлі өзгерту, билік тармақтарының өзара қарым-қатынасының оңтайлы теңгерімін қалыптастыру, мемлекет пен қоғамның тиімді диалогін құру, халықтың сұранысы мен ұсыныстарына негізделген саяси реформаларды жүзеге асыру – Конституциялық реформаның тұжырымдамалық негізі ретінде айқындалды. Ең бастысы, Негізгі заңға енгізілген түзетулер жалпы жұртшылық өкілдері айтқан ұсыныстарды ескере отырып жүзеге асырылды.
Бүгінде елімізде ашықтық пен әділеттілікті барынша қамтамасыз етуге, мемлектіміздің бәсекеге қабілетін күшейтуге бағытталған саяси жаңғырту жүргізіліп келеді. Мемлекеттік биліктің барлық институтының жұмыс тиімділігін түбегейлі арттыру мақсатында маңызды қадамдар жасалып отыр.
Үштен бір бөлігі дерлік өзгертілген Конституция саяси жүйені айтарлықтай жаңартып, жалпы қоғамдағы демократиялық үдерістерді тереңдетуге барынша ықпал етті. Маңыздысы, Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге батыл төтеп бере алатынымызға деген отандастарымыздың сенімін айтарлықтай нығайтты.
Әрине, конституциялық реформаны аяқталған деп санауға болмайды. Реформалар үздіксіз. Конституциялық нормаларды өзектендіру және олардың іске асырылуын бақылау бойынша әлі де көп жұмыс атқарылуы қажет. Конституциялық реформаны іс жүзінде іске асырудың табыстылығы тек саяси ерік-жігерге емес, қоғамның мұндай реформаларға қаншалықты дайын екеніне және оларды қоғам қалай қабылдайтынына тікелей байланысты.
Бүгінде маңызды пікірталастардың тақырыбына айналып отырған конституциялық-құқықтық дамудың бірқатар шешімін талап етіп отырған мәселелер де бар. Ең өзектілері – еліміздің заң шығарушы органдарында азаматтардың өкілдігіне, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, БАҚ қызметіне, сайлау үдерісіне, оның ішінде сайлау органдарын қалыптастыру тәртібіне, әкімдерді сайлау жағдайында жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өзара іс-қимылына қатысты мәселелер. Сондай-ақ жаңа Конституцияны әзірлеу бойынша да жекеленген ұсыныстар жасалғанын ескеру қажет. Сондықтан әрі қарайғы реформаларға тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, мемлекеттік билікті іске асыру тетігін құрайтын қоғамдық ұйымдардың, сараптамалық қоғамдастықтардың өкілдері және белсенді азаматтық ұстанымы бар азаматтар да қатысуға тиіс.
Конституциялық тәртіп пен заңдардың әділеттілігін қамтамасыз ету – мемлекеттің ең басты міндеті. Бүкіл мемлекеттік, қоғамдық, жекеменшік ұйымдар, жекелеген лауазым иелері және барша азамат Конституция үстемдігінің сақталуына аса мүдделі. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ заңдардың нақты орындалу тетіктерін күшейту айрықша маңызға ие.
Еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде тиісті мемлекеттік органдар мен лауазым иелерінің тарапынан қабылданатын шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету қоғамда ерекше маңызға ие болып отыр. Түптеп келгенде, әділеттілік – адам құқықтарының толық сақталуының басты кепілі. Сондықтан әділдік идеясы мемлекеттік саясатта ғана емес, жалпы қоғам өмірінде басты идеологияға айналуға тиіс. Ал әділеттіліктің негізі – заңды сақтау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқандай, заң мен тәртіп – әділетті қоғам құрудың негізгі тірегінің бірі. Азаматтардың басым көпшілігі заңдылықты мүлтіксіз сақтау мен қоғамдық тәртіпті барынша нығайту жолында жұдырықтай жұмылғанда ғана қоғамда әділдік деңгейі жоғарылайды. Әрбір азаматтың өзінің құқықтарының сақталуына бейжай қарамай, немқұрайдылыққа жол бермеуі аса маңызды. Мұның бәрі қоғам өмірінің бұлжымас нормасына айналуға тиіс. Бұл қағидат барлық отандасымызға қатысты. Бір сөзбен айтқанда, құқық бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын қоғам қалыптасуы қажет.
Серік СЫДЫҚОВ,
заңгер