27 Сәуір, 2015

Әлемдік стандарттарға сай келді

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
14– дейді Президент сайлауы жөнінде халықаралық байқаушы Юрий Рябов Қазақстанның батыстағы қақпасы – Орал өңірінде Президент сайлауының заңдылығын сақтау және мөлдірлігі мен әділдігін қадағалау үшін мыңнан астам байқаушы тіркелді. Оның бірқатары  – халықаралық байқаушылар. Біз кеше солардың бірі Юрий Рябовты әңгімеге тартқан едік. – Юрий Федорович, бұған дейін Қазақстандағы элек­торалдық науқандарда болып па едіңіз? Президент сайлауының өту барысы туралы не айтасыз? – Жоқ, бірінші рет болып отырмын. Бірақ мен бұған дейін ТМД мемлекеттері ауқымында және Еуропа елдері мен АҚШ-та өткізіл­ген президенттік жә­не парламенттік сайлауларға қатыстым. Бұл жәйт менің мүлдем тәжірибесіз еместігімнен хабар бере алады ғой деп ойлаймын. Кеше Қазақстанда өткізілген Президент сайлауында бірден көзім жеткен жәйт, мұнда жоғары деңгейдегі сайлаулар өткізуде жан-жақты тәжірибелер жинақталғаны. Әлемдік стандарттарға сәйкес Президент немесе Парламент сайлауын өткізу қалпақпен соғып ала қоятындай оңай іс емес. Әрі кез келген мемлекет мұндай озық деңгейге қол жеткізе бермейді. Дегенмен, Қазақстанды дәл осы тұрғыда тани алғанымды ашық айта аламын. – Сонда сіз үшін Қазақ­стандағы Прези­дент сайлау­ы кезінде айрықша әсер қал­дыр­ған, ой мен көңіл түкпі­рінен берік орын тепкен оң көріністер қандай? – Мені бірінші тәнті еткені – қазақ­стандықтардың азаматтық белсенділігі. Кез келген елдегі сайлау кезінде дауыс беру үдерісі 12-13 сағатқа дейін созылатыны анық. Әйтсе де көршілес ел тұрғындары әлі де уақыт бар ғой деп арқаны кеңге салып жатып алмай, дені сайлау учаскелеріне ерте келгені бізді қатты сүйсіндірді. Тіпті, бұл көрініске әрі қызыға, әрі қызғана қарағанымды да жасырып қалғым келмейді. Ең бастысы, қандай да бір болмасын билік органдары тарапынан күштеу мен ықпал жасаудың ұшқынын да байқай алмадық. Жүрек қалауымен жасалған қадамның ғұмыры қашанда ұзақ. Қашанда мәңгілік. Мен осыны аңғардым. Тіпті, Қазақстандағы Президент сайлауының ұйымдастырылу деңгейінен өзгелер үшін үй­ренетін үрдістер де мол еке­нін байқадым. Қысқасы, жа­ңа Қазақстан өзінің дербес мем­лекеттілігінің ширек ғасырға жуық тарихында де­­мократиялық қағидаттар мен әлемдік электоралдық стан­дарт­тарға қол жеткізе білгенінен көзіміз жетті. – Қазақстанның еуразиялық ендіктегі қаласы – Орал тұр­ғындарына қатысты не дер едіңіз? – Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді демей ме? Менің бұған дейін тұтастай қазақстандық азаматтардың электораттық белсенділігіне байланысты пікірім Орал тұрғындарына да ортақ әрі тікелей қатысты екендігіне күмәніңіз болмасын. – Юрий Федорович, шынайы көңілден айтқан ақ-адал ой-пікіріңіз үшін сізге көп рахмет! Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы. Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.
Соңғы жаңалықтар

Мүмкіндігі мол мегаполис

Алматы • Бүгін, 08:50

Жол құрылысы жандана түсті

Аймақтар • Бүгін, 08:40

Қазақ неге аштыққа ұшырады?

Тарих • Бүгін, 08:35

Әлкей әлемі

Тағзым • Бүгін, 08:25