Руханият • 03 Қыркүйек, 2024

Болыстың ұрпағы

251 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір «атамыз болыс болған» дейтін замандастар аз емес. Бір қызығы, мұны өзге емес, өздері жарнамалап жүреді. Заман түзелді, бәлкім «өшкеннің жанғанын» айтқан да дұрыс шығар. Жазда минерал суы бар шипажайда демалғанды дұрыс көретінбіз. Биыл да сонда бардық. Тұрақты келетіндерді көріп, шүйіркелесіп жатырмыз. Соның бірі – жылда Келес жақтан отбасымен тынығатын мұғалім Ермек Сыдықұлы. Әу баста қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, кейін сурет пәніне ауысқан. Мамандықтың екеуін де Шымкент пединститутынан алған. Момын, біртоға, жауапты азамат.

Болыстың ұрпағы

Бұрындары жай ауыл-аймақ пен мектеп айналасының әңгімесін сөз ететінбіз. Бұл жолы Қалғансыр мұғалімі әулет-отбасы тарихының нәзік бір сырын ақтарсын.

Айтқандайын, Келестің бір шетіндегі «Қалғансыр» деген жер атауы Сыр өзені тасығанда қалып қойған суды меңзейді екен. Тұспалы да бар, шындығы да бар әдемі топоним. Ал мұны сол маңдағы Алқакөл, Көз­дікөл, Ащыкөл гидронимдер толықтырып тұрғандай.

Ерекеңнің атасы Сатыбалды әйгілі Байтоғай, Қожатоғай мекендері енген болыстың хатшысы, кейін болысы болыпты. Ол кісінің әкесі Майлықожа ақынмен аралас-құраласып жүрсе керек, Сатыбалды жастай осы шайырдың жырларын, термелерін жаттап өсіпті.

Ташкентпен шектесетін Келес ауданының қиырдағы Қалғансыры кейінгі Шардара қаласына тиіп тұр. Бұл өлкенің біресе өзбек­ке, біресе қазаққа ресми телінгені – өз алдына әңгіме. Төтесінен тартқанда тарихи Түр­кістан республикасы орталығына дейін 100 шақырым шығар. Не керек, 1917 жылғы төңкеріс бұл өңірге де оңай тимеді. Әсіресе кешегі болыс, молда көзге шыққан сүйелдей болды. Міне, сол аумалы-төкпелі шақта дүниеге шекесі торсықтай ұлы келеді. Есімін Сыдық деп қояды. Осы баласы 7-ге толғанда, дәлірек айтсақ, қазақтың бай-бағландарын қиыр мен шиырға айдайтын 1928 жыл келгенде, Сатыбалды отбасы бір түнде Қызылқұм асып, одан әрі Өзбекстан арқылы Тәжікстанға арып-ашып жетеді.

Сірә, жалғыз болмаса керек. Үлкен ұлы Рауанға осы өңірдегі Мыңбай болыстың қызын құда түсіп әперген екен. Маңайында замана шідерлеген осындай тағдырластар жиналғанға ұқсайды.

Кешегі мұртын балта шаппайтын қазақ­тың би-болыстарына Ходженттің топырағын басып, ауасын жұтып, суын ішу бұйырады. Көп еңбекшінің қатарында мал бағып, таудың сай-саласында егін салады. Ұрпақ өрбітеді.

Бүгінгі көзбен қарасаңыз, Шардара мен Ходженттің арасы 250 шақырым ғана. Бірақ ортада қалың Өзбекстан елді мекендері жатыр. Із жасыруға да, сыр жасыруға да қолайлы амал.

Сатыбалды болыстың Тәжікстандағы жан жарасы, мұң-қайғысы, әсіресе ата-баба жерін аңсауы бір кітапқа жүк болғандай.

Майлықожаның термелерін ыңылдап айтып отырып, көңіл қапасын шығарады екен.

«Өзіңе де кезек бар,

Өлгенді көріп жасыма.

Нелер келіп, не кетпес,

Ер жігіттің басына.

Бұ дәурен екі келмейді,

Шапқанда атын қамшылап.

Басыңнан дәулет кеткен соң,

Жаман дос келмес қасыңа...»

Тағдырдың жазуымен болыстық қызметі­нің басталған тарихы бар да, аяқталған тарихы беймәлім Сатекеңе топырақ жат жұрттан бұйырады. Бірақ өле-өлгенше баласына «Айналайындар, қалайда елге қайтыңдар!» деп отырады екен...

Осы тұста «құжат қайда?» дейтін біздің ғалым ағайындардың есіне сала кететін бір дерек бар. Ермек Сыдықұлының айтуынша, болыс аталары сәйгүліктерін сайлап, мықты жігіттерін елден хабар алуға жіберіп отырған. Бұл – шеттегі ағайынмен үзілмеген байланыс­ты аңғартады.

Не керек, Сыдық Сатыбалдыұлы Қазақ­станға күні кешегі 1978 жылы ғана қайтуға мүм­кіндік алады. Сол жылы әкесінің жат жерде бақиға озуы да елге оралу бастамасын тез­деткен сияқты. Бұған дейін, сірә, көзі тірі шолақ­белсенділерден, арызқойлардан қаймыққан-ау.

Енді әңгімені қаймағы бұзылмаған қазақ дәстүріне қарай бұрайық. 1921 жылы туған Сыдық Сыр бойын жайлаған Байлар-Жандардың 1927 жылғы  Құлпынай атты қызымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Екеуі қол ұстасып, бәлшебектен қашқан әкелерімен бірге барлық қиындықты – тар жол, тайғақ кешуді көреді. Құлпынай әулетке сыйлы келін болады. Бірақ Құдай перзенттен қысып, бала сүйе алмайды...

Ерлі-зайыпты осылай ұнжырғасы түсіп жүр­генде, бірде сүйегі Қорасан қожа Қызыл­көз Ахмет жолыға кетеді. Әрине, Сыдық­тың қайғысын ол, Ахметтің әулиелігін Сыдық білмейді. Сонда Қызылкөз сәуегей: «Жар­қыным, шерлі екенсің! Екінші келін аласың. Құдайым екі бала, екі қыз береді. Үлкенін Ермек қой, қыз туса Қасиет деп ата. Қам жеме, үбірлі-шүбірлі боласың!» депті.

Осы әңгіме Құлпынай бәйбішенің де құлағына жетеді. Жұрттан бұрын сол қуанады. Құрбан шалып, еріне ұрпақ өрбітер лайықты жар іздеуге көшеді.

Қазақтың сөзімен айтсақ, бір баласымен жылап қалған Керейдің Ұлша есімді ке­лін­шегіне ұшырасады. Өзінен тура он жас кіші екен.

Пірәдар Қызылкөз Ахметтің айтқаны айдай келеді. Алғаш сол Тәжікстанда Ермек дүние­ге келеді. Бұдан кейін Қасиет туылады. Қо­жекең дәл болжағандай, бұлардың артынан Жаратқан Бақыткүл мен Қамбарәліні береді.

Сонда тұңғыш баласы туғанда Сыдық 48 жастағы ел ағасы екен. Үлкен екі перзентті Құлпынай бәйбіше қойнына салады. Ұлша анаға еріп келген балақан да ата-тегін ұмыт­пай осы әулетте жетіледі. Кейінгі ұл мен қызға екі аға мен бір әпке қорған болады. Болыс ба­ласының қос жұбайы тату абысын­дай, апа­лы-сіңлідей өмір сүреді. Бұларға пана болған жер – тәжіктің Матчин ауданы екен. Осы аймақ ертеде өз алдына Масчо бек­тігі екен де, кейін Самарқанға қарапты. Аса таулы-тасты деседі. Тәжікстан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан елдері шекарасы осы тауларда түйіседі екен.

Әкесі айтқан екі дерек Ермек Сыдықұлы­ның есінде қалыпты. Біріншісі – тәжіктің жылқы етін жемесе де, сәйгүлікке құрметі. Кісі қайтқанда, жылқысы да жоқтасын деп, иесі еккен ағашқа байлап қоятын көрінеді. Ал мәйітті қорымға жерлерде марқұмының атын ерттеп, көзін қара не көк матамен таңып, иесінің моласына дейін жетектеп апарады екен. Қаралы жиыннан кейін жылқы үш күн үйі­нің алдында ерттеулі, жүгендеулі тұратын көрі­неді. Бұл да – аруақ сыйлаудың жөні болса керек.

Екіншісі – тәжіктің ешкі етіне, сүтіне, түбітіне, терісіне құмарлығы. Кеңестік өлшем­мен алғанда ешкінің бәсі қазақтағы қойдан қымбат болыпты. «Ата-әжем, әке-шешем «Тәжік халқына еш өкпеміз жоқ, қиын кезеңде өзекке теппеді. Қайта бізді бауы­рына тартты. Жеті-сегіз жылда тәжікше су­дай ағып тұрдық. Бірақ бізде де, олар да дәс­түрдің беріктігінен құдандалы бола алмадық. Бұл елді аңсауымызды тереңдетті» дейтін, – деп еске алады Ерекең. – Елге жеткенде әкелеріміз «парасатты, ұстамды адамдармен құда болуымыз керек» дегенді құлаққа құйып отырды. Солай болды да. Туыс дегеннен шығады, әйгілі композитор Мыңжасар Маңғытаев – біздің Медеуке нағашымыздың жиені (Медеуке – Ұлша анамыздың әкесі)».

Тағдырдың жазуымен Сыдық 1983 жылы 62 жасында, Ұлша 1989 жылы 52 жасында, ал Құлпынай бәйбіше 1991 жылы 64 жасында бақиға озады. Әулет анасы дүние салғанда Ермек Сыдықұлы іні-қарындастарына бас ие 22 жастағы мұғалім еді. Қазір бәрі үйлі-баранды. Өскен-өнген. Қызылкөз Ахмет болжаған Қасиет қарындасынан туған жиені Рүстем – мүфтият саласында жас қыз­меткердің бірі. «Орнында бар оңалар» деген осы да.

 

Айтуған Досби