Жиында аталған қазақ драма театрының тарихы 1929 жылдан басталатыны архивтік құжаттар арқылы толық дәлелденгені, яғни өнер ордасы биыл өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтетіні айтылды. Алқалы жиынды ашқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек театрдың тарихы жайында тың деректер келтірді. «Бұған дейін өнер ордасының тарихы 1934 жылдан басталады деп есептелетін еді. Алайда Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төралқасының 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысында «жұмыс істеп тұрған қазақ театрының әлеуетін күшейтуге дереу кірісу» жөнінде нұсқау берілген. Бұл театрдың тарихы 1934 жылдан емес, одан әріден басталатынын көрсетеді. Архивтен Қызылордадағы Қазақ мемлекеттік театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры) саяси ағарту жөніндегі бас комитет мүшелері жиналысының 1927 жылғы 16 қазандағы хаттамасы алынды. Онда сол театрдың директоры Ж.Шанин театр режиссерлерінің тапшы екені жөнінде айта келіп, «Қазақстанда режиссер болатын тек Аймауытұлы ғана бар, одан басқа режиссер болатындай ешкім жоқ» деп атап көрсеткен. Ал Ж.Аймауытұлы 1926-1929 жылдары аралығында Шымкентте орналасқан Сырдария округтік қазақ педагогикалық техникумында қызмет атқарған. Демек Ж.Аймауытұлының сол жылдары Шымкентте театр ісін дамытумен айналысқаны анық», деді Сәрсен Абайұлы.
Сондай-ақ С.Құранбек театр өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан жазушы, драматург 1915 жылы «Біржан – Сара» пьесасын қойып, Біржан рөлін сомдағанын айтып өтті. 1916 жылдан бастап пьеса жаза бастаған. Қазақ мемлекеттік академиялық театры құрылғанда қызметке шақырылған. Бірақ Шымкенттегі жұмысын тастай алмаған. Дегенмен Ж.Аймауытұлы театрдан қол үзген жоқ. Педагогикалық училищенің оқу бағдарламасына пластика, мимика, грим секілді өнер түрлерін үйрететін пәндер енгізді. Сонымен қатар училищеде 6 үйірме болса, соның ішіндегі шоқтығы биігі драма үйірмесі болған. Шымкенттегі қызметі барысында драматург Ж.Аймауытұлының 8-9 пьесасы қойылған екен. Оның ең алғашқысы – «Ел қорғаны» пьесасы. Жазушы училищені басқарып тұрғанда театрдың өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Бұл сол кездің өзінде қалада театрдың болғанын айғақтайды. Осындай деректерді келтіре отыра қала әкімінің орынбасары Шымкенттегі академиялық драма театрдың тарихы 1929 жылдан басталады деп толық сеніммен айта аламыз деген пікірін жеткізді.
Тарихи деректерде «первый театральный сезон города Шымкента 1929-30 годов» деген жазба бар. Сол кезеңде орысша – 9, қазақша 8 пьеса қойылған, яғни бұл дерек аталған жылдары қазақ театры жұмыс істегенін білдіреді. Тіпті 1940 жылғы архив құжатында 1932-1940 жылдар аралығында белгілі бір азаматтың қазақ драма театрын басқарғаны жөнінде деректер келтірілген. Баспасөз мәслихатына қатысушылар театрда еңбек еткен талай майталман әртістер де қазақ театрының тарихы 1934 жылдан емес, одан әріден басталатынын айтып, сол әділеттіліктің орнайтын күнін аңсап өткенін жеткізді.
Театр тарихына қатысты мәселе көтеріп, мұрағаттағы деректер негізінде жазылған мақала авторы, Журналистер одағының мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай бар ғұмырын әртістік өнерге арнаған, ғасыр жасаған Айша Абдуллинамен жүргізген сұхбатын еске түсірді. Сол сұхбатта да Айша Абдуллина театрдың іргетасы 1934 жылы қаланбағанын, оның шежіресі тым әріде жатқанын айтқан. Сондай-ақ журналист қаланың атқарушы билігіне театрдың материалдық жағдайын жақсарту, ұжымның әлеуметтік тұрмысын түзеу секілді міндеттер кіретініне қарамастан, оның тарихын зерттеп, жанашырлық танытып жатқаны үшін барша өнерсүйер қауымның атынан алғысын жеткізді. Қазақ драма театрының тарихы 1929 жылдан басталады деуге толық негіз бар екенін атап өтті. Оған 1928 жылы қалада екі театр жұмыс істеп тұрғаны жөнінде айтылған архив деректері де дәлел бола алады. Сондай-ақ 1932 жылы облыстық білім басқармасы қызмет етіп жатқан театрдың жұмысын күшейтуге 1 мың рубль бөлу туралы шешім шығарған екен. Егер 1932 жылы арнайы шешім шығып жатса, театр тарихын 1934 жылдан тарату қисынға келмейді деген пікір білдірді. «Мақаланы жазу барысында көптеген қызықты деректер кездестірдім. Тек Ж.Шанин атындағы емес, жалпы қазақ театрының тарихын қайта зерделеу керек сияқты. Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр шежіресі 1926 жылы Ақмешіттен бастау алады дейміз. Ал бірақ та 1917 жылы Семейде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылады. Пьеса Абайдың екінші әйелі Әйгерімнің шаңырағында сахналанған. Ол үшін екі киіз үй тігілген. Бірі көрерменге, екіншісі өнер ұжымына арналды. Сол заманда әйелдерге әртіс болуға дәстүр рұқсат бермеді. Сондықтан олардың рөлін еркектер ойнап келді. Мәселен, Еңліктің бейнесін М.Әуезовтің ағасы Ахмет Әуезов сомдаған деген дерек бар. Драманы дайындауға Қ.Сәтбаев пен Ж.Аймауытұлы да көмектескен. Кейбір елде театр тарихын драматург жазу үстеліне отырған кезден бастайды екен. Біз олай етпесек те, 1900 жылдардың басында Қарқаралы жәрмеңкесінде қойылымдар қойыла бастаған сәттен бастап тарихты тарқатып әкетсек те жарасады. Тіпті олай болмаған күннің өзінде кейбір театр сыншылары, зерттеушілері оның бастауын 1915 жылдан бастап қарастыру керегін айтады. Олардың қатарында Амангелді Мұқан, Айзат Қадыралиева, Бақыт Нұрпейіс сынды елге белгілі театр зерттеушілері бар. Қазақ театрының тарихы туралы айтқанда Бағыбек Құндақбаевты айтпай кетуге болмайды. Алдағы уақытта осы зерттеушінің театр тарихына қатысты том-том еңбектерінен құнды деректер табылады деген ойдамыз. Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры алып бәйтерек десек, Ж.Шанин атындағы өнер қара шаңырағы – соның бір бұтағы. Демек театр шежіресі қайта қаралса, мегаполистегі өнер ордасының бастау бұлағы да қайта зерделенеді. Бұл үшін алдағы уақытта әлі талай ғылыми конференция өте жатар. Яғни театрдың құрылғанына 95 жыл болғанына бүгінде дерек те, дәйек те көп», деді Ғ.Елшібай.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар театрдың қалыптасу жолдарын еске алды. Мысалы, Ж.Шанин театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек осындай маңызды мәселе көтерген «Egemen Qazaqstan» газеті ұжымына алғысын білдіре келе, өнер ұжымының әртістік қабілетін шыңдау керек деген биліктің қаулысынан кейін бір топ театр актерлері Ленинградқа оқуға жіберілгенін айтты. Оларды оқуға Алматыдағы Әуезов театрының өнерпазы Халел Шәженов бастап барған. «Қазақ жастарының талантына таңдай қаққан әйгілі К.Станиславский шәкірті В.Меркурьев біздің жас өнерпаздарға жетекшілік еткен екен. 1938 жылы В.Меркурьев 22 қазақ әртісімен бірге Шымкентке келіп, театрдың көркемдік жетекшісі атанады. Екі жылдай осы қызметті атқарып, әртістердің шеберлігін шыңдап кетеді. Кейін бұл тізгінді Х.Шәженов алады. Кезінде В.Меркурьев оны талантына қарай режиссерлік өнерге де баулыған еді. Х.Шәженов «Еңлік –Кебек», «Қыз Жібек» секілді ауқымды дүниелер қойған. «Қыз Жібекте» Бекежан рөлін өзі сомдаған. Актер оны қанішер бейнесінен басқа кейіпте көрсеткені үшін жазушы драматург Ғ.Мүсірепов естелігінде мақтап жазған. Х.Шәженов 11 актермен бірге «Ақан сері Ақтоты» пьесасын қойып болған соң соғысқа аттанған. Бірақ арада 3 ай өткенде Харьков түбінде қаза табады. Егер ол кісі тірі болғанда кәсіби режиссер ретінде қазақ драматургиясын талай биікке шығарған болар еді», деді Сая Қасымбек.
Ал тарихшы, Жазушылар одағы Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы Момбек Әбдәкімұлының айтуынша, кеңес өкіметі өз насихатын театр мен газет арқылы жүргізген. Сол себепті 20-жылдардың басында театр болмады деу ақылға қонымсыз. 1924 жылға дейін Шымкент Түркістан Республикасына қарады. Тарихшы сол дәуірдегі архивтік құжаттарда Сырдария облысындағы қазақ труппасы жайында қысқа ғана хабарлама сақталғанын тілге тиек етті. Осы секілді тарихи құжаттар көп екенін, мұның бәрі театр шежіресі ертеден басталатынын айғақтайтынын еске салды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жергілікті атқарушы билік өнер ордасына қолдау білдіру мақсатында біраз шаруа тындырғанын айтты. Атап айтқанда, 52 жаңа штаттық бірлік ашылған, әртістердің жалақысы артты. Сонымен бірге Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан 19 жас студентті дуальді оқыту жүйесі арқылы Шанин театрына жұмысқа тартып отыр. Олардың жататын орны, айлық жалақысы әкімдік тарапынан шешімін тапты.
Сонымен, архивтік құжаттар негізінде 95 жыл толғанын айғақтайтын деректермен БАҚ өкілдері таныстырылған брифингте «Ж.Шанин театрына 95 жыл» деген қорытынды жасалды. Алдағы уақытта, яғни 6-13 қараша күндері, Орта Азия елдері IX халықаралық театрларының фестивалі болатыны, сол аралықта «Ж.Шанин театрының 95 жылдығы» атап өтілетіні хабарланды. Ал театрдың көркемдік жетекшісі Сұлтан Срайыловтың мәлімдеуінше, 18 қыркүйекте театрдың Жаңа маусымы Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» драмасымен ашылады.