– Еліміз ілгері озып, бұдан да тәуір тұрмыс орнау үшін қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыздар? – деп еді, бүткіл бала қол көтеріп: «Мен айтайыншы» деп жарыса шулағанда, мұғалім «Қандай ғажап!» деп мәртебесі өсіп, марқайып қалды.
Не дер екен деп, сыныптағы үлгерімі өте нашар оқушысына алғаш рет мейірім төге ілтипатпен: «Сен айта ғой» деп еді, кідірмей айта жөнелді.
– Экономикамыз түзелді. Ендігі жерде саяси реформа қажет. Билік халыққа жақындап, көптің мұң-мұқтажын тыңдағаны жөн. Коррупцияны ауыздықтап, әділ де тәуелсіз сот үстемдік құрып, нағыз демократия жолымен нық қадам басуымыз қажет, – дегенінде, мұғалім: «Айналдым, айтқаның келсін, қысқа да нұсқа қандай ғажап тұжырым айтылды», деп оны әрі қарай айтқызбай отырғыза салды.
– Ал кейін өздерің халыққа қайтіп қызмет еткен жөн деп санайсыңдар? – деп еді, ойпыр-ай, бар оқушысы қол көтере, кейбірі «Мен айтайыншы» деп ентелеп орындарынан тұрып кетіпті.
Артқы жақта ылғи да жым-жырт өзімен өзі отыратын маубас оқушысының да селқос көтерілген қолын байқап: «Сен айта ғой» деп жанына тақап барып тұрды.
– Депутат болған жөн... Біз есейгенге дейін депутаттардың өкілдігі артып, Үкіметті толық айтқанына көндіретініне сенімдімін. Сонда халықтың жағдайы жақсарады, нағыз демократиялы ел болуға қадам жасалады, – дегенінде мұғалім бұл оқушысының басынан сипап, маңдайынан сүйді.
Мұғалім бір сәт: «Ойпыр-ай, сыныптағы маубастың жауабы мынау, ал қалған қағілез де, қағып алма жиырма шәкірті бұл сұрақтың майын тамызып, түбін түсірері сөзсіз-ақ!» деген ойға беріліп, ер кезегі үшке дейін – сырт әлемнен сырғып, сыныбына еніп, «Қалай болар екен, не дер екен...» деп жүрексіне білгір саналатын оқушыларына:
– «Кел балалар оқылық,
Оқығанды көңілге –
Ықыласпен тоқылық!» – деген өлеңді қай аталарың айтып еді? – деп еді, ойпыр-ай, үнсіздіктен шыбын ызыңы естілгендей.
Мұғалім мына үнсіздіктен ыңғайсызданып, оның үстіне бүгінгі бастауыш сыныпты бітірер соңғы сағаттарында тығырыққа тіремей-ақ қояйын деп: «Олай болса, бастауышпен қоштасар сәтте, біріңнен соң бірің тұрып, екіліктен тартып, ондықпен аяқталар «көбейту кестесін» айтып жіберіңдер» деп еді, жым-жырт... шыбынның да ызыңы естілмейді...
Мұғалім бір сәт орнай қалған өлі тыныштықтан өзі де қобалжып: «Ата заңға қандай өзгерістер енгізген жөн?» деп қалғанын аңғармай да қалды. «Мен айтайыншы!» деген айқайдан селт етіп, сол сәт айналайын қоңырау соғылып, мұғалім білгір шәкірттеріне риза кейіппен: «Алдыларыңнан жарылқасын, осыларыңнан танбаңдар!» деп батасын беріп қала берді.
Берік САДЫР