Шаруашылық • 10 Қыркүйек, 2024

Ауыл шаруашылығы алға бассын десек...

93 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының болашақтағы бағыттарын айқындады. Сол бағыттардың ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға байланысты негізгі мәселелерге ерекше тоқталды.

Ауыл шаруашылығы алға бассын десек...

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «ЕQ»

Мәселен, Президент агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін алға тартты. Бұл сала мемлекеттің қаржысына ғана иек артып отырмауы керектігін жеткізді. Ол үшін коммерциялық банктердің қаражатын да тартуды тілге тиек етті. Диқандарға өсімі аз несие беруге мемлекеттік қаржы инс­титуттарын субсидиялау шаралары қолға алынғаны, банк­тер осындай тәжірибені қолдануы керек­тігін ескертті. Бұл өте дұрыс ұсыныс деп есептеймін. Өйткені шаруалардың қажетті қаражатқа тез арада қол жеткізуіне, несие алуды оңтайландыруға жол ашатын тиімді тетік қажет-ақ.

Сонымен қатар Президент ауыл шаруа­шылығындағы тағы бір өзекті мәселені дөп басып айтты. Мысалы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игермей отырғандар бар. Оны не өзі пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Қазіргі уақытта пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр, бірақ бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Жеңілдікпен несие алып, шаруашылықпен айналысқысы келетін ауыл азаматтары жер мәселесімен бетпе-бет келеді. Осы мәселені тез шешуді Президент шегелеп тұрып тапсырды. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы «Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс» деді. Расында, ауыл шаруашылығын дамыту алдымен жер мәселесін шешу жұмыстарын тиімді жүргізуден басталады.

Мемлекет басшысы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу туралы да айтты. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы жыл сайын сезіледі. Осы орайда шаруалар суды үнемдеп пайдалану технологияларын қолдануларға тиіс. Қазіргі уақытта тамшылатып суару, жаңбырлатып суару сияқты үнемді әрі тиімді тәсілдерді пайдаланатын фермерлер саны көбейіп келеді. Болашақта жаппай осындай тәсілге көшу мәселесі мемлекет тарапынан да қолдау табуға тиіс.

Бір сөзбен айтқанда, Президент Жолдауында еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударды. Жолдауда жүктелген міндеттер орындалып, ілкімді істер қолға алынады деп сенемін.

 

Мұрат Ысқақов,

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары