Тәрбие • 10 Қыркүйек, 2024

Еңбекке баулу балабақшадан басталады

170 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шын мәнінде, көбіміз мән бере бермейтін бір дүние бар: негізінен барлық білім жүйесінің іргетасы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту са­тысы. Өйт­ке­ні тәрбие мен білім ұйымдарының бірінші бас­пал­дағы – балабақша. Ал үй берік, биік болуы үшін іргетасы мықты болуы керек. Осындай оймен ата-ана­лардың басым бөлігі балаларының бас­тауыш сыныптардағы біліміне, тәр­бие­сіне ерекше назар аударады. Ақи­қа­тында, оқушының бас­тауышта білім-білік, дағдысы қан­дай деңгейде болуы мектепке дейінгі тәрбиесі мен біліміне тікелей бай­ла­нысты.

Еңбекке баулу балабақшадан басталады

Мемлекет басшысы­ Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жа­рия­­ла­ған Жолдауында адал әрі табанды еңбе­гімен табысқа жеткен адам­дар қашанда сыйлы болуы керегін, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жы­лы деп жария­лайтынын мәлімдеді. «Тәр­бие – тал бесіктен» демекші, еңбек адамы отбасы­нан, білім ұйымдарында бала­бақ­шадан қа­лып­тасады. Енді нақ сол бала­бақ­шаларда, мек­­­тепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласын­да Президент айтқан орынды бастаманы қа­­лай іске асыруға болады? Осы сұраққа өз тә­­жі­­­ри­­бе­мізден жауап табуға тырысып көрдік.

Мектепке дейінгі білім ұйым­дарында еңбекке баулу ұйым­дастырылған әрекеті (мектеп тілі­мен айтқанда сабақ) бар, бұл – балғындарды еңбекқорлыққа тәрбиелеудің басты жолы. Жапсыру, мүсіндеу, құрастыру секілді шығар­ма­шылық жұмыстар арқылы балаларды еңбек­сүйгіштікке тәрбиелейміз. Дегенмен тәрбие ісін оқыту үдерісінде ғана емес, үздіксіз, үнемі, әрбір сәтті тиімді пайдаланып жүргізген жөн. Айталық, естияр, ересек, сонымен қатар мектепалды даярлық топтарының балалары арасында кезекшілік ұйымдастыруға болады. Кезекші балаларға арналған арнайы алжап­қыштарды тағып, өз кезегінде тәрелкелерді, қасықтарды үстелге қойып, тамақтанып бол­ғаннан кейін үстел үстін жинауға жәрдемдеседі. Мұн­дай тәрбиенің үлгісі ең алдымен балаға өміріне қажет қарапайым тұрмыстық дағдыларды меңгеріп, өзіне қызмет көрсету дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді. Екін­шіден, өзгелердің еңбегін бағалауға, таза­лық сақтауға үйренеді. Үшін­шіден, кейбір бала­ларда аспаз, қоғамдық тамақтану сала­сы­ның қызметкерлері секілді жұмысшы ма­ман­дықтарға қызығушылығын арттырады. Мектеп жасына дейінгі балалар ойын арқылы дамиды, өседі, жаңа нәрсені қабылдайды. Олардың осы ерекшелігін де ескеріп, серуен әрекетінде тәрбиеленушілермен өз отырған орындықтарының шаңын сүрту, топта ойыншықтарды жууға жәрдемдесу сияқты жеңіл әрекеттерді ұйым­дастыру арқылы да еңбекке баулуға болады. Осыған қоса сюжетті-рөлді ойындар арқылы аспаздар, құрылысшылар, дәрігерлер мен педагогтер, қоғамдық орын­дар­дағы қызмет көрсетушілер, шеберлер мен зергерлер, техникаларды жөндеушілер, таза­лық­шы­лар, тағы басқа да түрлі жұмысшы ма­ман­дықтарын наси­хат­тауға мүм­кіндік мол.

1

Ал біз балаларды еңбекқорлыққа тәр­биелеу мақсатында былтыр «Ұлттық құнды­лық­тар негізінде балаларды еңбекке баулу» тақыры­бындағы жобамызды сынақ­тан өткіздік. Жоба­мыз­ды облыстық білім бас­қар­масына ұсын­ғанымызда қолдау тауып, бір жыл бойы бала­бақшамызда балаларға жоға­рыда жа­зылған оқу-тәрбие әре­кет­теріне қоса ұлттық кодымыздан ажы­ратпайтын қы­з­ықты жұмыс түр­лерін енгіздік. Мысалы, біз­дің киіз үйіміз – тұнып тұрған еңбек. Киіз үйді тұрғызудың айналасындағы қой қыр­қу, жүнді жуып, түту, киіз басу, бас­құры бар, бәрі – балаларға таныс­тыруға тұрар­лық еңбек әрекеті. Әрбі­рін өздері толық жасап білмесе де, жа­сау үдерісін көру­дің өзі – тәрбие. Со­ны­мен қатар киіз үй ішін­дегі ұлт­тық тағамдарымызды әзірлеу, ұлт­тық бұйымдарымызды, ыдыстарымызды, қыш­тан, ағаштан жасау, ұлттық ойындарды ата­лар мектебі, әжелер мен аналар мектебі ар­қылы тәрбиеленушілерімізге көрсеттік. Бұл балаларды ұлттық құндылықтарды бо­­йына сіңіре отырып, еңбекке баулуға, білім ұйымы мен ата-аналар ара­­­сында берік байланыс орнатуға жағдай жа­сады. Осы жобамыздың аясындағы оқу-тәр­бие жұмыстары мамыр айында аяқ­­тал­ға­нымен, жазғы сауықтыру кезін­де көңілді әре­­кет­термен жал­ға­сын тапты. Айталық, жаз­да­ғы се­руен кезінде балабақша ауласына тәрбиеленушілермен бірге гүлдер ектік. Көктемгі еңбек ұйымдастырыл­ған әре­кетінде еккен, суарып, арам шөп­терден ары­л­тып, өсірген бақша көкө­ністерін тердік. Жоба бо­йынша жүр­гізілген эксперименттік жұ­­мыс­тары­мызды, тәжірибемізді өзге де әріп­­­тестерге бөлісу үшін оқу жылының ал­дын­да өткен Тамыз конференция­сында ба­ла­­­­бақшамыздың басшысы Гүлден Сапа­бе­­кова арнайы баяндама жа­сады. Енді биыл Мек­тепке дейінгі тәр­бие мен оқыту сала­сын­­дағы негізгі құ­жат саналатын Үлгілік оқу бағ­­дар­­­ла­­­ма­сына негіздеп бекітуді жос­парлап отыр­­­мыз.

2

Әрбір тәрбие мен білім ұйы­мын­да осындай өзіндік нәтижелі жұ­мыс­тары мен жоспарлы жобалары жүйе­лі жүргізілсе, балабақшадан бас­тап адал еңбекті ту еткен тұлғаларды қа­лып­тастыра аламыз.

 

Светлана МЕНТАЕВА,

«Сыр жұлдызы» бөбекжай-бақшасының әдіскері, І санатты педагог-модератор

 

ҚЫЗЫЛОРДА