Өткен жылдың соңына қарай көрші Қытай еліне, оның Шыңжаң өлкесіне, Үрімжі һәм Құлжа сынды шаһарларына, одан әрі Бейжіңнің өзіне жол түсіп, көптен-көп ғибратты әсерлерге жырғап оралғанбыз. Әлбетте, сөз басында бұл ілкімді сапарды еуразиялық БАҚ өкілдері үшін ҚХР Мемлекеттік кеңесі баспасөз кеңсесінің басшылығымен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы үкіметінің баспасөз кеңсесі ұйымдастырып атқарып шыққанын айту ләзім.
Бір апталық семинарда Пәкістан, Түркия, Үндістан, Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей елдерінің жиырмаға жуық журналисі аспан астын жайлаған алып көршіміз жайында біраз жайларға қанықтық. Бір байқағанымыз, мүдделі тарап та әлемнің Қытай жайлы неғұрлым көбірек біле түсуін, болмыс-сипатын іштен үңіліп тани түсуін бар пейілдерімен қалайтын сыңайлы. Сағаттап санамызға құйып татымды дәрістерін де тыңдатты, талай-талай тамаша көрнекті жерлерін, өркенді өндірістерін де көрсетті.
Иә, әсіресе, қазақ үшін Қытайдың бүгінгі бақуатты байтақ аймағы – Шыңжаң бөтен емес, бауыр, таңсық емес, таныс. 1,5 миллионға жетеғабыл қандасымыздың атамекені, баба топырағы. Қазақтар негізінен Іле Қазақ автономиялы облысында, Баркөлде, Тарбағатайда, Морыда, Алтайда өмір кешуде. Шыңжаң десе, Шоқанның жұмбақ сырлы Қашғар, Құлжа сапарлары, атақты Жетішәр хикаялары ойда тұрары да хақ. Шыңжаң тарихта «Шығыс Түркістан» деп те таңбаланып қалған, Қашғар жағы «Кіші Бұхара» деп те аталған. Өткен қарашада ту тіккеніне 70 жыл болған Шығыс Түркістан республикасының намысты алауы да шежіре бетінен өшпес. Ол – бүгінгі Шыңжаңның кешегі тарихы.
Әлбетте, біздің Шығысымыз қытай үшін Батыс. Қытайлар бұл аймақты көне замандарда-ақ Батыс өлке, яғни Сиюй немесе Синьцзянь деп атаған көрінеді. Жылнамаларда «Батыс жерлерінің 36 мемлекеті» деп көрсетіледі. Ол «мемлекеттердің» шын мәніндегі саны 50-ден асып жығылған. Бұлардың бәрі көшпенділердің мемлекеттері болған. Солардың ішіндегі ең белгілісі әрі белдісі – Үйсін мемлекеті. Олар жер емшегін емген, бірақ аңшылықты алда ұстаған. Іле өзенінің бойындағы бұл үйсіндер 180 мың садақшы шығара алыпты. Шамамен біздің дәуірімізге дейінгі және кейінгі ғасырлардың тоқайласқан тұсы болса керек. Осы уақыттарда көршілес қос халық өміріндегі аса жарқын дипломатиялық оқиға орын алып, Хань әулетінің Си Цзюнь және Цзе Ю атты екі ханшайымы Үйсін мемлекетінің әміршілеріне күйеуге ұзатылады. Қытай деректерінде дәріптелген, қазақ-қытай арасындағы құдандалы жекжаттық қатынастың, Шыңжаң тарихының бір үзік сыр-сипаты осындай.
Біздің дәуірімізге дейінгі 138 жылы Хань әулетінің императоры Батыстағы уәлаяттарға Чжан Сянь деген барлаушысын жібереді. Осыдан кейін Батыс пен Шығыс арасындағы барыс-келіс, алыс-беріс жандана түседі. Қытайдан Парсы мен Римге таулар мен шөлдерден асып, жібек пен басқа да бұйымдар тасыған түйелі керуендер легі толассыз ағыла бастайды. Батыс пен Шығысты, сондай-ақ, Азия, Африка, Еуропа сынды құрлықтарды жалғастырған осынау көне жол «Жібек жолы» атауымен әлемге танылды, өркениет тегершігіне айналды. Шыңжаң ежелгі Жібек жолының орталық өзегінде жатты, ал оның қазіргі бас қаласы Үрімжі ол замандарда осы күретамыр бойындағы басты сауда бекеттерінің бірі болды.
Реті келіп тұрғанда айта кетелік, «Үрімжі» ұйғыр-түркі тілінде «тоқушы, өрімші» деген мағынаны білдіреді. Өрімші-Үрімші-Үрімжі. Қазақ тілінде, қазақ ұғымында да дәл осы табиғи қалпында қалтқысыз қабылданады. Ертеде Жібек жолы бойындағы бекет-шаһарда адамдар жас шыбықтардан себеттер мен басқа да заттарды өріп жасап, сатуға шығарған. Сөйтіп, Үрімжіде өрімшілер көбірек шоғырланған. Ғасырлар қойнауынан бас көтерген қала атауы да осылай ызылып қалыптанған. Қазіргі Үрімжі – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районының астанасы, аймақтың саяси, экономикалық және мәдени орталығы. Шаһар Тянь-Шань таулы жотасының теріскей беткейінде жатыр. Әлемдегі мұхит жағалауынан ең алыс (2250 км) орналасқан ірі қала болып табылады. Сондай-ақ, Азияның географиялық кіндігін нұсқаған бірегей ескерткіш Үрімжінің күнгейінде 30 шақырым жерде тұрғанын білу де оқырманға қызықсыз болмас.
Сонымен, өткен тарихқа қайта зер салсақ, Шыңжаңда біраз замандар бойы ғұндар да, түркілер де үстемдік еткен. Ұйғыр қағанаты да орнаған, Қарахандар да билік жүргізген. Шыңғыс хан дәуірі өз алдына. Ешкімге дес бермей дәуірлеген жоңғарлар да жойылып тынды. Бір нәрсе анық, осынау ұзақ-сонар екі мың жылдың өн бойында Шыңжаңдағы қытай ықпалы бірде күшейіп, бірде бәсеңдесе де, сүйегін үзбей жалғаса берген. Соған қарап пайымдағанда, нақ бүгінгі көркейген заманауи Шыңжаңды қай істі болсын жеріне жетізбей тынбас қытайлық қайтпас қажыр мен тегеурінді табандылықтың мәуелі жемісіне барлауымыз орынды болар.
Ұлы Жібек жолының жұлын-жотасында жатуы Шыңжаңның басты сипатын, барша бітім-болмысын айқындағандай. Хуанхэ атырабындағы қытайлық, сондай-ақ үнділік, парсылық, гректік ежелгі өркениеттер осы арада тоқайласты. Төрт өркениеттің тоғысқан жері десе, дегендей. Бұған Еуразияның апай төсіндегі далалық көне өркениетті және қосыңыз. Шыңжаңды сөйтіп әлемдік басты-басты ежелгі өркениеттер мүсіндепті, батыс пен шығыстың мәдениеті осы арада бас қосып үйлесіпті. Енді мұнда будда, мұсылман, христиан, католик, православие, дао және басқа діндер бейбіт қатар өмір сүруде. Сол себептен де Шыңжаң – көпұлтты, мәдени әлеуеті аса зор өлке. Алып Қытайдың алтыдан бірін алып жатқан, елдің үш Франциямен барабар ең ірі провинциясында жалпы саны 22 миллионнан астам 55 ұлт мекендейді. Біздің қазағымыз осының 8 пайыздайын құрайды екен. Солардың ішінде 13-і, атап айтқанда, ұйғыр, хань, қазақ, хуэй, моңғол, моңғол-чахар, қырғыз, цзиминь, мәнжу, тәжік, өзбек, даур, татар және орыс өлкенің байырғы халықтары болып есептеледі. Тағдыр табыстырған олар өңірді гүлдендіріп, өзгеше өркениет жасауда.
Біздің дәріскерлеріміздің айтуынша, дәл қазіргі уақытта Шыңжаң экономика мен қоғам дамуының алтын дәуренін бастан кешіруде. Әсіресе, соңғы 10-15 жыл аясында бұрын кенжелеп қалған осынау шеткері ұлан-ғайыр аймақты өндірісі мен өмірі әлемдік деңгейде өрлеген ішкі Қытаймен теңестіру саясаты үдере жүргізіліп жатқаны айдан анық. Оның үстіне, 1996 жылдан бері Орталық үкіметтің «Шыңжаңды қолдау» жобасы бойынша қаржылай да, кадрдай да және басқа жан-жақты көмек күні бүгінге дейін үзбей беріліп келеді. Ал Шыңжаң үкіметі соңғы бес жыл қатарынан «халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту» шарасын іске асыруда.
Иә, орасан зор табиғи һәм әлеуметтік әлеуеттерге ие осынау уәлаятты дамытпау күнә болар еді. Шыңжаңның әралуан пайдалы қазбалар қорларының молдығына кім де болса қызыққандай. Елдің жалпы қорымен салыстырғанда өлкедегі мұнай қоры – 30 пайызды, табиғи газ – 34 пайызды, көмір қоры 40 пайызды құрайды. Сонымен бірге, жел мен күн қуатын пайдалану орайында Шыңжаң бүкіл ел бойынша көш бастауда. Ең ғажабы, Қытайдың маңызды энергетикалық базасы бола отырып Шыңжаң өзінің осы орайдағы артықшылықтарын мұнай мен газды өндіру, өңдеу және резервте сақтау жөніндегі ірі базаны, алып көмір-электрлі химиялық өнеркәсіп базасын, орасан зор жел-электр базасын және елдің энергетикалық ресурстарын тасымалдау арнасын салуды неғұрлым жеделдету жолына жұмсауда. Иә, «Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуінде» Шыңжаңның бейнебір Батысқа ашылған емен-жарқын көңіл қақпасы сияқты орталық аудандардың бірі болуға үміткерлігін құптамау да қиын-ау.
Осы арада ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылдың 7 мамырында Астанадағы Назарбаев Университетте сөз сөйлеп, жаңағы айтқан «Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін» бірлесіп құру жөнінде бастама көтергені еске түседі. Құлжа жағынан келіп Қорғас Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында болғанымызда осы бір жан-жақты ашықтық сипат, қарым-қатынастың қолайлы мүмкіндіктерін пайдалануға ұмтылу жар салғандай жалаулап тұрғанын да аңғармай қала алмағанбыз. Еске сала кетсек, Қорғас орталығы 2004 жылы құрылып, оны құру туралы келісімге Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытайдың сол кездегі Төрағасы Ху Цзиньтао қол қойған болатын. Осынау халықаралық шекаралық орталық Шанхай Ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі экономикалық ынтымақ-бірліктің үлгісі ретінде бой көтерді. Жалпы алаңы 5,28 шаршы шақырым. Соның 1,85 шаршы шақырымы Қазақстан тарабына тиесілі. Орталықты салу барысында бүгінге дейін 22 жоба іске асырылыпты. Көздеген мақсатқа қазірдің өзінде қол жетті деуге болатындай. Орталықта көп қабатты көптеген ғимараттар, дүкендер желісі салынып тасталыпты. Әлемдік қымбат тері тондар дүкені де осы арада. Тұрақты түрде тауарлар көрмесі ұйымдастырылып тұрады. Келіссөз жүргізу орынжайлары да сақадай-сай. Осы жағдай Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлерінің елдің шалғай ішкерісіне бармай-ақ, айталық, алыс-беріс, тауар әкелу жөнінде уағдаласып, бар шаруаны шекаралық аймақта бітіруге мүмкіндік беруде.
Ал Шыңжаңның өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жедел арнаға түскен. Әне-міне Ланьчжоу – Үрімжі шапшаң темір жолындағы қозғалыс іске қосылмақ. 2016 жылы Үрімжі метросының бірінші кезегі пайдалануға берілмек. Үрімжіде торкөзді жолдар мен шапшаң автобус маршруттарының ашылуы да қазірде 3,5 миллионнан еркін асқан қала тұрғындарына жайлылық сыйламақ. Еуразиялық қатынас көпірінің маңызды тармағы ретінде Үрімжі Қытайға Батыспен ынтымақтастықтың кең көкжиектерін ашып беріп отыр, сондай-ақ, экономикалық һәм мәдени алмасудың айқарулы терезесі де бола білуде.
Осы жайлы таратыңқырап айтсақ, «Алыс туыстан жақын көрші артық» деген қытай мәтелінің мәнін ұғар едік. Шыңжаңдықтар өздерін көршілерге көрсетуді, өздері де көршілерге жиі барып тұруды ұнатады. 2008 жылдан бері Шыңжаң үкіметі Үрімжіде үш Халықаралық ұлттық билер фестивалін, төрт мәрте «Қытай-Еуразия» ЭКСПО көрмесін, «Қытай-Еуразия» БАҚ форумын, 2014 жылдың маусымында Жібек жолының экономикалық белдеуінің мүмкіндіктерін талқылаған халықаралық конференция, сондай-ақ көршілес елдердің бірсыпырасында Қытайдың шыңжаңдық мәдениетінің апталығын өткізген. Өзгелер жайында білудің, өзің жайлы білгізудің көп игілігін алып көршіміз көріп те отыр. Айталық, 2013 жылы өткен үшінші «ЭКСПО Қытай-Еуразия» көрмесі кезінде үрімжілік өнеркәсіп корпорациялары экономикалық және техникалық ынтымақтастық орайындағы 100-ден астам жобаның тұсауын кескен, бұған қоса, сомасы шамамен 150 миллиард юань болатын сыртқы сауда келісімшарттарына қол қойыпты. Бұл осының алдындағы «ЭКСПО» көрмесінде жасасылған келісімшарттар сомасынан 31,31 пайыз артық екен. Олай болса, 2013 жылы өлкенің бас қаласы Үрімжінің өзінің де ішкі жалпы өнімі 240 миллиард юаньды құрап, жылдық өсім 16,5 пайызға жеткеніне таңғалуға болмас.
Әрине, құлақпен есту бір басқа да, көзбен көрудің жөні бір бөлек. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, Шыңжаң ғажаптарының небір озық үлгілерін Үрімжі ішінен, төңірегінен тамсана, таңдай қаға көргенімізді еске алудың өзі бір ғанибет. Көргеніміздің әсері естігенімізден әлдеқайда асып түсіп жатты. Біз Үрімжідегі орталық кеңсежай-ғимаратын бау-шарбағымен қоса аралап танысқан Иема корпорациясы Қытайдың аса қуатты 100 кәсіпорнының қатарына кіреді екен. 20 жылдық тарихы бар ҮEМA GROUP CO. LTD айналыспайтын нәрсе жоқ сияқты. Халықаралық сауда, валюта айырбасы, банк қызметі, жер иелігі, қонақ үй бизнесі, халықаралық тасымал, мәдени индустрия, саябақ, туризм және басқа қызмет түрлері. Бүгінгі таңда корпорация бірқатар ірі зауыттардың өнімдерін сату құқығын еншілеп, Орталық Азиядағы экспорттың бас дилеріне айналған. Сондай-ақ ол әртүрлі ірі жобаларды жүзеге асыру кезінде қаржылық қолдау көрсету, жабдықтарды әкеліп құрастырып беру, қызметкерлерді оқыту мүмкіндігіне ие. Өзінен алынған техника мен құрал-жабдықтарға кепілдік береді. Корпорация Орталық Азияда тамаша әріптестік қатынастар орнатқан, Қазақстанда, Өзбекстан мен Ресейде өз филиалдары мен өкілдіктерін ашқан көрінеді. Алматыда ілкімді сауда желісін құрыпты.
Дүниежүзіне танымал осындай атақты корпорацияның басшысы Чен Жи Фенг мырза көңілді де көпшіл адам болып шықты. Бізбен еменжарқын әңгімелесті. Журналистер тобының алдына қарай тұрған маған қарап: «Сіз қазақ емессіз бе, қазақтарды жақсы көремін» деп бір көтеріп тастады. Алуан салалы әйгілі компаниясы өз алдына, бізді Чен Жи мырзаның қара басы көбірек қызықтырып, әрі таңырқатқанын несін жасырайық. Бұл адам табиғатты, хайуанаттарды, өнерді сүйетін қиялшыл романтик көрінеді. Кеңсежай ғимаратының төменгі қабатындағы бірнеше үлкен залды көркем сурет және фото-галереясы алып жатыр. Неше түрлі сұлу арғымақ, сымбатты сәйгүліктер. Шыңжаңды мекендейтін аз ұлттар өкілдерінің экзотикалық портреттері. Қилы бейнелі, қияпат кескінді кейуаналар. Тосын табиғат. Осылардың көбі әуелі фотоға түсіріліп, кейін кәсіби қылқалам шеберлеріне арнайы тапсырыспен қыруар ақша төленіп сурет етіп салдырылған. Соның әрбірінің алдында қызыға әсерленіп көбірек тұрыңқырадық. Чен Жи мырза ана бір жылы Тянь-Шаньның тау-құзды қияларында табиғат тамашаларын суретке түсіріп жүргенінде тікұшақтың есігінен құлап кетіп, оңбай мертігіп те қалған. Бірақ сұлулық пен өнер құдіретіне деген құштарлық жан дүниесін жаулап алғаны соншалық, оны еш қиындық, қырсық-қатер де мойыта алмаған.
Чен Жидің хоббилері сурет галереясымен шектелмейді. Ат шаптырым аумақты алып жатқан бау-шарбақты аралағанда осыған жетті көзіміз. Ат қораларда, орамшарбақтарда құлан тектес жабайы жылқылар, ергежейлі америкалық жылқы, түрікменнің ақалтекесі ондап, жүздеп бағылуда. Атбегілер жас қазақ жігіттері екен. Екінші рет құлындағалы тұрған ақалтеке биелері у-шудан аулақ, күтім-бабы келіскен бөлек қораға қойылыпты. Атқоралардан аттап ұзамай жатып осы бау-шарбақтағы тағы бір ғаламат ғажапқа жолықтық. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, тас ағаштар орманына кірдік те кеттік. Кәдімгі тасқа айналған ағаштар. Жуандығын қаусыруға екі адамның құшағы еркін жете қоймас. Қадау-қадау орнаған, қарақұрым тоғай дерлік. Ғажабына жақсылап қанығу үшін жарты күн асықпай аралап көру керек сияқты. «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деп Абай хакім айтқанындай, ұзынынан сұлап жатқандары да бірсыпыра. Бұл тас ағаштар динозаврлармен жасты деседі. Жер бетінде жасағанына екі миллион жылдан асқан деген болжамдар да бар екен. Тағы бір тас ағаштың тұсынан «3200 жыл жасаған» деген жазуды көзіміз шалды. Қалай болғанда да, құпиялы құдірет қайран қалдырғандай. Бұлар аспан астындағы тасқа айналған ағаштар мұражайын жасау үшін арнайы алыстағы теріскей Жоңғариядан (Гучун уезі) жеткізілген көрінеді. Бұған кететін қайрат-қажырды, жұмсалатын қаржыны көзге елестетіп шамалаңыз. Не деген жанкештілік десеңізші! Ал осы еріккеннің ермегі ме? Жоқ, олай емес. Адамзат мәдениетінің асыл қазыналары осындай жанкештілікпен қалыптасып құралатындығының бір мысалына баладық бұл жайды. Шыңжаңдағы бес мыңдық татар диаспорасының өкілі, қазақ, қытай, орыс тілдерінің үшеуіне бірдей ағып тұрған тілмәшіміз Елдан Асхатұлы ағамыз айтқан: «Бай мен кедейдің парқы қалтасындағы ақшасында ма, жоқ, әлде, басындағы ақылында ма?» деген тәмсілінен де бір терең сыр түйсінгендейміз. Тасқа айналған ағаштардың көне түркі тілінде «тоғырақ» делінетіні де осы сырдың ішінде. Мың жыл өмір сүріп, одан соң өлуі мың жылға созылатын, содан кейін тағы мың жыл бойы жойылатын өзгеше жойқын ағаштың суретін де осы жолы көрдік. Евфрат көктерегі дейді білетіндер. Ал менің ойымнан тоғырақ кетер емес. Байлығын басқаға шашпай, тоғырақтарды сақтап, өркениет сөресіне іліндірген Чен Жи Фенг мырзаға рахмет.
Шыңжаң кереметтерін жасаушылардың алғы шебінде Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы (ШӨҚК) келе жатыр десек, айна-қатесіз солай. Бұл құрылыммен Үрімжі төңірегіндегі Шихецзы қаласындағы Тың игеру музейінде таныстық. Қазірде 60 жылдан асқан тарихы бар ол тыңды әскер игерген, полковниктер басшылық жасаған. Әрине, бұл да бір қияпат тарих, қилы заман болғандығын ішіміз сезеді. 1954 жылдан бастап мақта еккен. Жадау тірлік. Жарты лашық. Ескі үйлер. Мынау Қытайдың сол кездегі жүк мәшинесі. Мына радиоқабылдағыш Сталиннің жіберген сыйлығы көрінеді. Біртіндеп ішкеріден келіп халық өскен, заманауи қалалар бой көтерген, озық өндіріс өркендеген. Былай қарасаң, бүгінгі ШӨҚК мемлекет ішіндегі мемлекет пе дерсіз. Қытай иероглифі сияқты, қытайлық басқарудың қыр-сырларын тану да қиын ба деп қалдық. Себебі, ШӨҚК – саяси, экономикалық һәм әлеуметтік ұйым болып шықты. Ішкі әкімшілік және сот істерін де заң шеңберінде өздері жүргізеді. Сонымен бірге өнеркәсіп, көлік, сауда, құрылыс, түрлі қызметтер ауқымын ғана емес, білім, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт салаларын да қамтиды.
Атап айтар болсақ, жер аумағы 74300 шаршы шақырым, осының ішінде 1 миллион гектардан астамы егістік жерлер. Бір қызығы, ШӨҚК құрамында облыстар мен қалалар бар. 14 округ пен 69 уезге таралған. Халқының саны 2,8 миллион шамасында. Корпустың құзырына 14 дивизия, 174 ферма мен мал өсіруші шаруашылықтар, 1358 корпоративтік кәсіпорындар мен әр саланың мемлекеттік мекемелері, 13 холдингілік компания, 6 жоғары оқу орны, 17 ғылыми-зерттеу мекемесі, технологиялқ даму және ауыл шаруашылығын дамыту аймақтары қарайды. Осындай ауқымды ШӨҚК өз бетінше әлемнің 70-тен астам елдерімен ілкімді сауда-экономикалық байланыстар орнатқан. 2013 жылы ІЖӨ-і 148 миллиард юаньді құраған. Сыртқы сауда көлемі 11,59 миллиард доллар болған. Екі көрсеткіш те алдыңғы жылғыдан айтарлықтай артық. Мұның сыртында ШӨҚК өнеркәсіп қалдықтарын өңдеуге мамандандырылған ондаған құрылымдарды өмірге келтірген.
Қытайлық даму қисындарының құрық бойламас қатпарлы қат-қабаттығына қайран қалмасқа болмас. Соның бір парасы жоқтан бар жасауға, бардың өзін барынша ұқсатуға саяды. Былай қарағанда, зая кеткенді желге ұшқанға балайтын қазақпыз. «Ұшарыңды жел білер», деп басқадан болса да, әйтеуір желден үміт етпейміз. Ал сол желден де жөргем ілетін, күннің жарығы мен жылуынан энергетикалық қуат өндіретін қытайлық инновация құнттылығына кім де болса қызыққандай. Олар Шыңжаңның жел-энергетикалық ресурстарының жиынтық қорының қуаты 872 млн.квт деп шотқа салып санап та қойған. Қай алапта, қай қойнауда қандай алапат жел соғады – бәрі есепте. Желге бай аймақтар жіпке тізілген. Соңғы бірнеше жылда ғана Шыңжаңда 21 жел электр стансасы салынған. Сөйтіп, жел энергетикасы жедел дамытылып, қуаттылығы өсе түскен. Осынау жел энергиясы ұлттық торап арқылы Қытайдың ішкі провинцияларына тасымалданып, өндіріс пен өнеркәсіптің дамуына септігін тигізуде.
Осы арада айта кетерлік жағдай, энергия тасымалының желілерін тарту ісі де тиянақталып, жолға қойылған сыңайлы. Көмірдің өзі де әуелі электр энергиясына айналдырылып, Тянь-Шань таулары арқылы әуе жолымен елдің ішкі аудандарына асырылып, оның игілігін жүздеген мың отбасылар, өнеркәсіп орындары көруде. Желдің жойқын алапаты, күннің жылу-жарығының ғаламаты бүгінгі Шыңжаңда байлап-маталған, технологиясы табылған, өндіріс пен тұрмыстың өзегін нәрлендіріп от салып тұрған, түк те таңғалатыны жоқ күнделікті электр қуаты. Энергетика мәселесін кешенді кең ауқымда шешетін ТВЕА компаниясында болғанымызда осындай ой-пайымдарға шомдық. Бұл компания электр энергиясын өндіретін және тасымалдайтын, жаңа энергия көздерін жасақтайтын жоғары сұрыпты аппаратуралар, кабельдер, трансформаторлар, күн сәулесінің батареяларын, электронды алюминий жаңа материалдарын, құрал-жабдық, атом электр стансаларының реакторларын, аса жоғары кернеулі ток генераторларын жасайды, көптеген шетелдерде жел және күн энергиясының нысандарын салып беруде. Бұл қызметті Тәжікстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан және басқа елдермен қатар, біздің Қазақстан да пайдаланған. Әсіресе, күн батареяларына, жел электр стансаларына қызығушылық жоғары. Сөйтіп, компания әлемдік энергетика саласында, таза жасыл энергияға өріс ашу орайында алғы шепте келеді екен. Өзінің жобалау ғылыми-зерттеу институты, инженерлік бөлімшелері, тіпті, жеке иелігіндегі көмір кеніші де бар. Мұнда тізбекті, қалдықсыз өндіріс игерілуде. Көмір, электр, кварц, поликристалды кремний, фотовольтажды күн электр стансасы – осының бәрі жаңа энергияның кешенді шешімінің құрамдас бөліктеріне һәм әлбетте, үйренерлік үрдіске жатады.
Арнайы экспонаттар залында Үрімжі экономикалық-техникалық даму аймағы дейтін бір өзгеше халық шаруашылығы құрылымымен таныстырды. Бұл аймаққа да ұлан-ғайыр жерлер қарайды. Қалалық әкімдік тарапынан басқарылады. Озық технология қолданылып, үлкен инвестициялар тартылып өркендеп жатқан үлгілі экономикалық аудан екен. Барлық саламен кешенді түрде айналысады. Аса ірі компаниялар жұмыс істейді. Зауыт-фабрикалар ашылуда. Автомобильдер, түрлі құрал-жабдықтар, мебель, медициналық аспаптарға дейін шығарады. Өндірістің алуан түрі өркендеген. Бұлардың өнімдерін біздің Қазақстан да сатып алып жатыр. Өздерінің мектептері, вокзалдары әуежайлары бар. Жоғары жылдамдықтағы пойыздарды жүргізеді. Ауыл шаруашылығын қоса дамытуда. Ішпек, жемек тамақтың да алуан түрін өндіреді. Айналыспайтын нәрсесі жоқ. Мысалы, мына «Тянье» деген корпорациясын алып қарайық. Химиялық-технологиялық зауыты бар. Полимерлік өнімдер өндіруде жетекші орынға ие. Фитингтер мен гидрожабдықтар, поливинилхлоридті құбырлар, ауыл шаруашылығында пайдаланатын пленкалар, каустикалық сода, цемент және басқа химиялық өнімдер, сондай-ақ оған қоса тамақ өнімдерін шығарады. «Тянье» деп аталатын томат пастасы мен лимон қышқылы елде де, шетте де танымал. Енді мына ғажапқа қараңыз. Мұнымен де қоймай компания кен қазумен, құрылыспен, жылжымайтын мүлік саласындағы коммерциямен шұғылданады. Өз өндірісін және азаматтық нысандарды қамтамасыз ететін өз электр стансасын салып алған. Корпорацияның жалпы активтері миллиардтаған АҚШ долларымен саналады. Құрамындағы барлық кәсіпорындар ISO жүйесі бойынша сертификатталған. Компания тек Шыңжаң провинциясының жергілікті материалдарын пайдалану стратегиясын мұрат тұтады. Айталық, көмір, тұз, ізбес, т.б. Айналмалы, циркуляциялық экономика негізінде көмір және электрмен жабдықтау индустриясының интеграциясы дамытылуда. Сөйтіп, көп шикізат шығынына, қоршаған ортаның ластануына жол беретін ацетилендік әдістегі бұрынғы дәстүрлі технология түбірінен өзгертілуде. Бұл да бүгінгі қытайлық даму сипаты мен үрдісін танытатын Үрімжі үлгісі дер едік.
Нақ осы тайпалған жорға жүрісті үрдісті SANY солтүстік-батыс ауыр өнеркәсіп паркінде болғанымызда да байқадық. Бұл корпорация ауыр техника шығару жөнінде әлемде 5-ші орынды еншілейді. Ал штаб-пәтері өздерінің бұрынғы президенті Мао Цзе Дун туған Хуна провинциясында орналасқанын мақтан тұтады. Компания зауыттары негізінен бетондық құрал-жабдықтар, автомобиль крандары мен экскаваторлар және басқаларын шығарады. Неше түрлі жол техникалары, өздігінен жүретін крандар, роторлы бұрғылау қондырғылары, шынжыртабанды крандар, айлақ техникасы, контейнер көтеріп салғышы, бетонды-насос техникасы – бәрі де өндіріске, өмірге қажет. Осының ішінде автомиксерлер әлемдік нарықта әсіресе белгілі, өзіміздің де көзімізге оттай ұшырап тұр. Бұл техникалар негізінен Орталық Азия рыногына жол тартуда. Ондағы әр елде корпорацияның еншілес компаниялары құрылған. Алматыда да 2005 жылдан бері өкілдігі жұмыс істейді. Астанада 2013 жылы Агенттігі ашылыпты. Атырауда, Шымкентте делдалдық етуші дилерлер қызметін пайдалануда. Тапсырыс Қазақстанның барлық өңірлерінен түсіп жататын көрінеді.
Кешке қонақүйдегі теледидардан қазақ тілінде Үрімжі жаңалықтарын тыңдадық. Ертеңіне «Тяньшань» сайтына барғанда осында тілші болып қызмет атқарып жатқан Жанат Толқынұлы деген інімізбен таныстық. Өздері «Тәңіртау» торабы деп атайды екен. «Тяньшаньнет» жетекші сайты қытай, ұйғыр, ағылшын, қазақ, орыс және түрік, яғни алты тілде жұмыс істейді. Сайтқа күн сайын 6 миллионнан астам адам кіретін көрінеді. Тораптық меншік құқығы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы райондық үкіметтің кеңсесіне тән. Жанаттың айтуынша, қазақ бөлімінің жұмысын 5 адам, яғни, 4 тілші, 1 техник жүргізуде. Шыңжаң университетінің қазақ филологиясы оқытушыларымен бірлесіп латын алфавитіне көшуге дайындық жасауда. Бір қуанарлық жаңалықтары, 2012 жылы Қазақстанның «Қазақпарат» агенттігімен тоқтамға тұрыпты. Яғни, бір-бірінің материалдарын алмаса пайдаланып отырады. Осындай екіжақты мәдени алмасу жөнінде Қазақстанның бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясымен де келісім-тоқтамға отырсақ жақсы болар еді, дейді Жанат Толқынұлы. Бұл жігіттер жақында «Жунго» атты қазақ ғаламтор теледидарын құрып шығыпты. Мұнда кириллица, араб әліпбиі мен латыншаны сәйкестендіріпті.
Осы ғимаратта қазақ тілінде шығатын «Көрші» деген журналдың редакциясы орналасқан екен. Оған да мойын бұрдық. Жауапты редактор Жаңагүл Қадайқызы қарындасымызбен танысудың да сәті осы арада түсті. Көрікті безендірілген көп-көрім келісті журнал Қазақстанда таратуға және Орталық Азия бағытындағы халықаралық ұшақтарда оқуға арналған екен. Журналдың Қазақстан тарабынан ақыл қосатын редакторлары да бар. Соңғы кезге дейін қазақстандық бас редакторы Мұрат Әуезов болып келіпті. Одан бұрынғы ақылдастар алқасынан заңғар жазушымыз Мұхтар Мағауин есімін көзіміз шалды. «Көрші» қазақ ішінде кімнен жөн-жоба сұрауды біліп-ақ тұр. Көркіне мазмұны сай журналдың мұқабасына: «Есік ашып, ынтымақтастық орнатып, Жібек жолы» экономикалық белдеуін бірге құрайық» деген сөздер көрнекті етіп беріліпті. Қандай жақсы ниет! Осы арада қазақ болмысы, қазақ тілі, қазақ ұрпағы да қатардан қалмай Үрімжі үлгілеріне үлес қосып жүруі де қандай ғанибет.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы – Үрімжі – Бейжің – Астана – Алматы.