Өндіріс • 11 Қыркүйек, 2024

Табиғи өнім – тұтынушы сұранысы

78 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тұтынушылардың көбі сауда сөрелерінде тұрған сүт өнімдеріне күмәнмен қарайды. Көпшіліктің іздейтіні – адам ағзасына залалы жоқ, таза, табиғи өнім. Өңір ірі қара малдан кенде болмаса да, облыс орталығындағы сауда сөрелерінде алыс-жақын шетелдерден, өзге өңірлерден жеткізілген сүт көп-ақ. «Milk Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – тұтынушыларды табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп отырған, өңірдегі сүт өңдеушілердің арасында көш басында келе жатқан ұжым.

Табиғи өнім – тұтынушы сұранысы

Егер сүт неден жасалады деп сұра­саңыз, өрескелдеу болуы мүмкін. Шынтуайтында, өнім тұтынушы дас­тарқанына ырыздық болып жеткенше, сан алуан өңдеуден өтеді. Мамандардың айтуына қарағанда, кейбір өндірушілер сумен сұйылтып, майдың мөлшерін арттыру мақсатында өсімдік майларын да қолдануы мүмкін. Сирек кездескенімен, шындық. Ал «Milk Project» серіктестігі тек табиғи өнімді пайдаланады.

Сауда сөрелеріне жеткенше таза­лық көздің қарашығындай сақталған. Бірінші қабылдау пункттерінде мей­лінше ыждағаттылықпен тексері­ліп барып, заманауи құрылғылар арқы­лы салқындатылып, тазартылады. Зауыт­тың өзі экологиялық таза аймақта орна­л­ас­қандықтан әрі өнімінің сапасы­на барынша жауапкершілікпен қараған­дықтан, ең кірпияз тұтынушы мін таба алмас еді. Зауыт өнімдері сүт өнді­ру сала­сындағы өзгеден оқ бойы алда тұр­ған жаңа технология арқылы өңделеді.

вап

Бұл орайда ғылыми-инно­вациялық шешімдердің оң әсер етіп отырғанын айта кетуіміз керек. Ақ құрамындағы күмәнді бактериялардың барлығы жойылып, табиғи таза сүт мінсіз күйге түседі. Дегенмен оның құрамында дәрумен мен микроэлементтер сақталып қалады. Консерванттар мүлдем жоқ. Осылайша, зауыт табиғи таза өнімді ақ дастарханға жеткізгенше барлық талапты сақ­тайды.

– Тұтынушыға адал ас ұсыну басты пары­зымыз, – дейді зауыт директоры Әсемгүл Әшімова, – қазір тұтынушылар денсаулық мәселесіне айрықша мән береді. Сондықтан өнім сапасына деген талғам күшті. Біз өз абыройымызды сақтау әрі халқымыздың денсаулығын ойлау арқылы бүгінгі биігімізге жетіп отырмыз. Өнімдеріміз еліміздің сол­түстігінен бастап, шығысқа, ба­тысқа жеткізіліп жатыр.

Зауыт жұмысымен танысқан кезімізде, мұнда осы заманғы швед құрылғылары орнатылғанын көрдік. Айтпақшы, сүт өнім­дерінің сапасы оның қапталуына да қатысты екен. Бұл орайда да зауыттың барлық талапқа сай келетін заманауи құрылғыларды пайдаланатынына көз жеткіздік. Сүт орамында май мен ақуыздың нақты мөлшері көрсетіледі. Зауыт шикізатты Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының тауар­лы сүт фермаларынан сатып алады. Күніне 60-70 тонна сүт өңдейді. Сүт, сүт сусындары, қаймақ, ірімшік, айран, сарымай, балқытылған сыр тәрізді өнімнің бірнеше түрін да­йындайды.

вап

Малсақ қауымның сүтін жинау жағы ғана баяу. Себебі сапасы күмәнді. Жинап көрген. Сүтте жағымсыз иіс болғандықтан, ауыл тұр­ғындарының еңсесін көтеретін табыс көзіне қарайласа алмай отыр. Ұйымдасқан тауарлы сүт фермаларында сапаға мән беру әлдеқайда жақсы. Өз өнімдерінің мінсіз болуын көздегендіктен, серіктестік бұл тарапта әліптің артын бағуда. Ол үшін әрине, кінәлауға болмас.

Өңір Астананы азық-түлікпен қамту белдеуінде болғандықтан, ортақ іске қомақты үлес қосып келеді. Астана тұрғындары ғана емес, мегаполистің іргелес аудан­дары да қамтылған. Ауызекі тілде Садовый сүт зауытының өнім­дері деген бейресми атаққа ие сүт өнімдерінің бүгінгі күні еш күмән тудырмайды. Кез келген сүт өңдеушілер үшін ең үлкен мәселе – шикізат. Зауыт бұл сұрақтың шешімін тапқан. Өздерінің мал фермалары бар. Қолдан ұрық­тандыру арқылы жұмыс істей­тіндіктен, өзге тауарлы сүт фер­маларының сиырлары суалған уақытта өздерінің сүті бұлақтай сиырлары сауылып тұрады. Бұл жайды басқаларға мысал болуы үшін жазып отырмыз.

Облыс орталығының іргесін­де орналасқан кәсіпорын жұ­мыс­шыға зәру емес. Орташа ай­лық табыс 350 мың теңгенің төңірегінде. Негізінен Садовый ауылының тұрғындары жұмыс істейді. Ал Көкшетау қаласынан келіп қатынап істейтін адамдар зауыт көлігімен тасымалда­нады. Түскі, кешкі асы тегін. Әр жұмысшының отбасындағы адамдарға шақтап сүт өнімдерін тегін береді. Жыл сайын ауылдағы білім ошағына қамқорлық қолын созу дәстүрге айналған. Биыл да 10 оқушыны мектепке да­йындапты. Қарттар күні, Наурыз мерекесі тәрізді жалпыхалықтық шаралардан шет қалып көрген емес. Күре жолдан сәл қағыс жатқан ауылдағы бір мәселе ұзындығы 1 235 метр болатын жолды жөндеу еді. Тұрмыстық-әлеуметтік жағдайды жақсартуға септігі тиіп отырған серіктестік жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға қаражат бөлген. Жөндеу жұмысы жүргізілген кезде есепке енбей қалған жол бөлігін өз күшімен жөндеп берген. Қыс бойы ауылдың ішін, күре жолдың бойын іргедегі Елікті елді мекеніне дейін қардан тазалау өз мойындарында. Абаттандыру, көгал­дандыру мәселесіне де жауап­кершілікпен қарап отыр. Таяуда ауылдағы мешітке 3 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көр­­­се­тіпті.

Аудан бюджетіне өндірілген өнімнің көлеміне сәйкес қомақты салық төлеумен қатар, зауыт орналасқан елді мекеннің ажарына айтарлықтай үлес қосып, тұтынушыларды таза, табиғи өніммен қамтамасыз етіп отырған серіктестіктің жұмысы өнімді. Ең бастысы, ел ырыздығы талапқа сай. Ал табиғи таза өнім – бүгінгі тұтынушының ең басты талабы.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы