Таным • 13 Қыркүйек, 2024

Көшпелілер кеңістігіндегі Поло

53 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейбір шығыс ғұламалары өмірін үш кезеңге бөліп қарас­тырады. Бірінші – оқу-тоқу, екінші – саяхатшылық, сапар шегу, үшінші – екі кезеңнен қорытқан дүниелерді қағазға түсіру. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген қазақ мақалы тегін айтылмаса керек.

Көшпелілер кеңістігіндегі Поло

Сурет: aqiqat.kazgazeta.kz

Көшпелілер даласы хақында бірегей жазба қалдырған ве­нециялық саяхатшы Марко Полоның өмірі қызық та шытырман. Ағайынды Никола мен Матвей Поло және Николаның ұлы Марко Поло 1250 жылы тауарларымен Константинопольге келеді де, бұдан әрі Шығыс, Азия елдерін бетке алады. Мар­ко Полоның саяхаттарында көш­пелілер елі тұрғындарының мінез­дері, тұрмыс-тіршілігі, қытай­дың Юань әулеті, оның императоры Құбылай хан турасында қызықты мәләметтер келтірілген. Саяхатшы қазақ жерінде қо­ныстанған көшпелілердің мен­талитетін баяндай келе, сипаттама береді. «Мен сізге айтайын, олар бие сүтін ақ шарап тәрізді ішеді, шемиус (қымыз) деп атайды және өте дәмді. Қарулары садақ, семсер және шоқпар, садақ тартудың шебері болғандықтан оны жиі қолданады. Өзгелерге қарағанда кезбе келеді, қажет болса айлық жолға ешбір азықсыз шыға береді, өзі бие сүтімен, аң етімен қоректенсе, аты жолдағы шөппен отығады. Қажет болса, қару-жарағымен түнді ат үстін­де өткізуге бар. Қиындық пен мұқ­таждықта кімнен болса төзімді».

Құбылай ханның қол астында 15 жыл қызмет еткен жиһангер қағанның қолға үйреткен 500 сұңқар мен өзге де қыран құсы болғанын, оларды баптайтын 10 мың құсбегісі болғанын тамсана жазады. Яғни құсбегілік өнер көшпелілер даласында әу бастан-ақ кеңінен етек жайғанын аңғаруға болады.

Бір қызығы, Марко Поло еңбектерінде Шыңғыс ханның моңғол еместігі айтылады. Жи­һангер деректерінде моңғол халқының атауы бірде-бір рет кездеспейді. Көшпелі халықтарды жалпылама «татарлар» деп атап өтеді. Әрі хан Шыңғыс бейнесі туралы қанішер, озбыр деген сөздер кездеспейді, керісінше «Шыңғыс хан батыл, ақылды және ержүрек адам болған» деп ұлы қағанды дәріптейді.

Саяхатшы еңбектерінде көш­пелілердің бір тәңірге сене­тінін, олар еркіндік пен азаттықты басты орынға қоятыны айтылған. Иә, әу бастан дарқан даламыз бен онда туған ерлер рухы тәуелсіздік атты ұлы ұғыммен шектесіп жатқаны талассыз ақиқат. Бұл рухымыздың басты даралығындай.