«Алдай-ау, алдай, алдай-ау,
Дүние түбі балдай-ау.
Алқынған күндер талпынған,
Жәутеңдеп қарап артымнан,
Қалды-ай-ау бәрі, қалды-ай-ау».
Өлеңнің алғашқы қатарынан-ақ шынайылық лебі есіп тұрады. Сірә, шынайылыққа жетер ешнәрсе жоқ. Онсыз кез келген өлеңнің әрі кірмейді, маңызы артпайды. Жүрек пен шынайылық – іргелі туындының қос қанаты іспетті.
Әлқисса, Есеңқұл Жақыпбектің «Алдай-ау» әні ақынның тұнжыр аспанды уақытты, өліара кезді бастан өткеріп жүрген шағында туған. Түйіні мол өмір көші кімдерді арпалыс ойға, азапты соқпаққа салмаған? Қарапайым адам көрмеген құбылысты көрер таланттар үшін көңіл жүгі екі есе, он есе терең сезілері даусыз. Есенқұл ақын өз пікірінде ән тарихын салалап өрнектеп, айта кеткен екен. «Жанымыз күйзеліп, қоғамымыз орнына келе алмай, былайша айтқанда, қалтырап тұрған кезінде көбіміз ешкімге керек болмай қалдық қой. Әсіресе қаламгерлердің тірлігі шайқалып, не істерімізді білмей қалғанымыз бар. Содан жүйкеге ерекше салмақ түсті ме, қатты ауырдым. Ауруханаға жатамын, бірақ бір құлазу бойымды сергітпей-ақ қойды. Бір күні бұл түрімді көрген Мұса деген досым: «Жүрші, емшіге барып келейік» деді. Өмір-ғұмырымда емші, балгер дегенге сенбейтінмін. Ол оныма құлақ аспай, тау баурайында орналасқан Қастек деген ауылдың Дәуітәлі деген шалына ертіп барғаны. Ол шал маған бірден ұнады. Біз есіктен кіре бергенде: «Әй, ақын, келдің бе, мен біліп едім, сенің келетініңді» деді. Содан ол: «Сендер бәрің бара тұрыңдаршы, мына ақын бала келіп қалыпты, осымен сөйлесейін» деп қалған жұртты шығарып жіберді де, маған: «Не болды, не ауру?» деді төтесінен. Мен не деймін, «білмеймін» дедім. «Сенің осы, жағдайың болмай жүр ғой, жаның күйзеліп, Алла тағаладан бір тілек-дұға тілейін, – деп, көңілі босап, – мен де кезінде сері болғам, құдайдан шын пейіліммен тілейінші, бәрі өтіп кетеді, жазыласың» деп, отыра қалып, бір дұға оқып еді, құдай салмасын, дұғасын ынты-шынтысымен оқығанда көзінен жас шығып кетті. Өзі соқыр кісі-тін. Алла дегенді қазақтың ескі мақамымен «Алда» деп, Алдай-ау деп айтады екен» дейді автор.
«Үри-ай, дәурен, үри-ай,
Үмітпен өткен дүние-ай.
Теректей басым теңселіп,
Терең бір ойлар еңсеріп.
Ұйқы да тұйқы сең соғып,
Ұйқысыз өткен түнім-ай».
Жоғарыда айтқандай, ақынның дерті басқа дерт емес, өлең дерті. Іштегі шемен боп қатқан зар, құса, мұң бәрі жиылып кеудені қара бұлттай торлап алған. Өзіңді тану дегеніміз – меніңше, сол өз қасиетіңді, ерекшелігіңді тану. Өмірге келген әр адам белгілі бір миссиямен келген. Соны ашып, негізгі тұтқасын тапқанда ғана жан баласы бақытқа кенелмек. Ал ақынның кеудесін қоздатқан мұндағы жайт – өмірлік мақсаттың жарыққа шығу жолындағы арпалысы. Ақынның ән тарихы жөніндегі пікірінің жалғасында сөзіміз айшықтала түседі.
«Е, құдай-ау, Сүйінбай, Жамбылдың ізін басқан осы жігіттің қырсығын кеше гөр, ауыртпалығын азайта гөр» деп емші мен үшін әбден жалынды. Менің де көзім боталап кетті. Бір уақта: «ана бөлмеге бара тұр», дегені. Әлгі бөлмеде жатсам, құлағыма «Алдай-ау, алдай, алдай-ау» деген бір сарын келеді. Қалтамда блокнотым бар еді, ыңылдап отырмын, жазып отырмын. Сөйтсем, құдай жарылқап, шалдың қолдан шапқан домбырасы бар екен. Сол жерде әнін шығарып, шалға келдім де: «Ән шығардым» деп, дереу орындап бердім. Ол әнді тыңдап болысымен: «сені қысып жүр ғой, қырсығың кесілді деген осы, мұңая берме, екі-үш күн жат осында», деді. Мен нота білмеймін, әлгі әнім ұшып кете ме деп, түні бойы айтып шықтым да, таңертең: «кеттім мен, ақсақал, рақмет» дедім. Содан үйге барып, жаңағы әнді есіл-дертім ауып, ыңылдап отырсам, Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің директоры, шәкіртім Ақан Әбдуәлиев келе қалғаны. Оған орындап беріп едім, бірден қағып алды. Сол күні-ақ тарап кетті ғой «Алдай-ауым». Осы әнге өзімнің бар мұңым мен қасіретімді сыйғызып, төгіп, тазарып шыға келдім» – дейді Есенқұл Жақыпбек.
«Алдай-ау» – мұнаралы ән, халықтық мақам. Әр ұрпақ өз тілінде шырқап, өз жанында қорытар өміршең туынды. Өнердің тұңғиық сыры дегеніміз де осында жатса керек.