Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып өтті. Оған Премьер-Министр, Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Сот төрағалары, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, министрліктер мен ведомстволар басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.
Оның алғашқысын, яғни Конституциялық Кеңестің “Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы” атты жыл сайынғы жолдауын Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов оқып берді. Қазақстан Республикасының Президенті Конституция мызғымастығының нышаны әрі кепілі, мемлекеттік билік жүйесінің түпқазығы болып табылады, ол бүкіл мемлекеттік қызметтің бірлігі мен үйлесімділігін, билік тармақтарының өзара келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, деді И.Рогов. Конституциялық Кеңес Төрағасының пайымынша, қуатты да жауапты президенттік билік институтының болуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың қызметі арқасында Қазақстан адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазынасы болып табылатын егемен, бейбіт және тұрақты, беделді, гүлденген және өмір сүруге тиімді мемлекетке айналды. Республика қызметінің мемлекеттік практикада көрініс тапқан конституциялық қағидаттары бүгінгі және келер ұрпақтың ертеңгі күнге деген сенімін, еліміздің халықаралық аренадағы саясатының дәйектілігін қамтамасыз етеді.
И.Рогов, сонымен қатар, өткен 15 жыл ішінде Парламент Конституция негізінде және оның ережелерін дамыту мақсатында қоғамдық қатынастардың түрлі салаларын реттейтін 1700-ден астам заң қабылдағандығын ерекше атап өтті. Осы ретте Конституциялық Кеңес өзі құрылғаннан бастап 180-ге жуық өтініш қараса, солардың 70-ке жуығы Парламентке тиесілі екен. Сондай-ақ соттардан – 64, Премьер-Министрден –23 және Конституциялық Кеңестің қаулыларын қосымша түсіндіру туралы 8 өтініш келіп түскен. Осы өтініштер бойынша 140-тан астам нормативтік қаулылар қабылданғаны да назардан тыс қалмады. Бұл ретте 25 заң және халықаралық шарт толығымен немесе бір бөлігінде конституциялық емес деп танылған. Парламентке елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы 12 жолдау жіберілген. Конституциялық Кеңестің құқықтық позицияларына сәйкес 65 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліпті. Конституциялық бақылау практикасы мен елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйін талдай келе, Конституциялық Кеңес еліміздің Ата Заңы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп шықты, оның әлеуеті азайған жоқ және Конституцияда баянды етілген құқықтық идеялар, принциптер мен нормалар мемлекет пен қоғам дамыған сайын, сол үшін қажетті саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасалған сайын ашыла түсуге тиіс деп пайымдайды.
Күн тәртібінде екінші болып Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды. Үкімет тарапынан баяндаманы Қаржы министрі Болат Жәмішев жасады. Ол өткен жыл бюджетінің атқарылуы Президент Жолдауын жүзеге асыру және дүниежүзілік дағдарыс салдарын еңсерумен байланысты жүргізілгендігін айта келіп, нәтижесінде Елбасының барлық әлеуметтік тапсырмалары орындалғанын ерекше атады. Болат Бидахметұлы өткен жылдың екінші жартысында әлемдік экономика рецессиядан шыға бастағанын, әйтсе де көптеген елдер үшін ол созылмалы сипат алғандығын қаперге салды. Ал елімізде сол кездің өзінде оң үрдістер байқалған. Сөйтіп, республикалық бюджетке түсуі тиіс салықтар мен түсімдер сомасы 2 триллион 800 миллиард теңгені құраса, бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға 3 триллион 311 миллиард теңге жұмсалған. Тапшылық 510 миллиард теңгені құраған. Осы орайда екінші деңгейдегі банктерге үлескерлерді, агроөнеркәсіп секторын, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға 10 миллиард АҚШ доллары бөлінген. Б.Жәмішевтің айтуынша, банктерді капиталдандыру есебінен кредиттік ставкалар төмендеп, 43 мың жұмыс орны сақталып қалған. Ипотекалық кредитті қайта қаржыландыру арқасында 30 мың қаржы салушының өз төлемдерін 30 пайызға төмендетуіне мүмкіндік туғызылыпты. Банктер 144 миллиард теңгеге 2,5 мыңнан астам қарыз алушыны қаржыландырып, көптеген жұмыс орындарын сақтауға қол жеткізілген.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың баяндамасы қатқыл шықты. Оның мәліметіне қарағанда, бірқатар пайдаланылмаған резервтерге жол берілген. Мәселен, Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы келісім бойынша ядролық өнімдерді кәдеге жарату қызметінен түскен қаражат 1996 жылдан бері жеке құрылым есеп-шотында жатыпты. Тек тексеру нәтижесінде 31,1 миллиард теңге бюджетке қайтарылған. Осы ретте О.Өксікбаев еліміз қорғанысын жақсарту үшін жыл сайын қару-жарақ сатып алуға қыруар қаржы бөлінгенімен, оның пайдаланылмай жатқанына қынжылыс білдірді. Шетелдік инвесторлар отандық мамандарды даярлауға жыл сайын 20-30 миллиард теңге бөліп келсе, мұндай қаражаттарды бюджеттен де қарастыру қажет, деп санайды комитет төрағасы.
Үкімет, сонымен қатар, мемлекеттік активтердің тиімді тетігін әзірлеу жөнінде толық шара қолдана алмай келеді. Комитет төрағасы соңғы 5 жылда құрылған 116 акционерлік қоғамның 51-і бүгінгі таңда залалды қызмет атқаруда екендігіне өкініш білдірді. Сондай-ақ көптеген даму институттарының қаржысы депозиттерде шоғырланса, одан түсетін дивиденттер тек белгілі бір топқа ғана қызмет жасауда екендігі де алға тартылды. Енді осы қаржылар бюджетке түсуі тиіс, деп санайды О.Өксікбаев. Ол, сонымен бірге, жыл сайын Үкімет қарыздарына қызмет көрсету көлемінің артып отырғандығын да назарға салды. 2009 жылы қызмет көрсету қаржысы 69 миллиард теңгеге жеткен. Сол сияқты жергілікті атқарушы органдардың нысаналы трансферттерді игере алмауы да сынға ұшырады. Игере алмау салдарынан қаржылар қайта бөлуге түскен. Мұндай жағдай өз кезегінде өңірлерде қаржылардың қордаланып қалуына алып келеді екен. Мысалы, нысаналы трансферттер көлемі 2008 жылмен салыстырғанда былтыр 4 есеге артып, 39,7 миллиард теңгені құрағаны белгілі болды. Соның 63 пайызы бюджет әкімшілеріне, ал қалған бөлігі жергілікті атқарушы органдарға тиесілі көрінеді. Комитет төрағасы жергілікті жерлерде жасырын резервтердің де барлығын тілге тиек ете келіп, соларды пайдалану арқылы республикалық бюджет жүктемесін төмендетуге болар еді, деген пайымын да ортаға салды.
Бұдан кейін Сенат пен Мәжілістің Бюджет және қаржы комитеттерінің мүшелері Жансейіт Сәрсенқұлов және Аманжол Жазин қосымша баяндама жасады. Екі баяндамашы да Үкімет пен Есеп комитетінің есебін бекітуді ұсынды.
Бірлескен отырыста Премьер-Министр Кәрім Мәсімов депутаттардың бірқатар сұрақтарына орай түсінік берді. Онда көптеген өзекті деген мәселелерге нақты жауаптар алынды. Артынан Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту туралы қаулы қабылдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.