Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы көрерменге Қоянды, Көкжар, Қараөткел сынды тағылымы мол тарихи жәрмеңкелерді жаңғыртқан жаңа форматтағы «Біздің жәрмеңке» думанды кешін өткізді. Әлқиссасы белгілі күйші Жанғали Жүзбайдың батасымен басталған сарабдал жиын сахна саңлақтарының мазмұнды өнерімен жалғасты. Дәстүрлі өнердің барлық түрін қамтыған шоу-концертте делебесі қозбаған көрермен сирек.
Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құмарбек Қалқатай, Ардақ Балажанова, Елмұра Жаңаберген, Айгүл Елшібаева, Раушан Оразбаева, Айзат Қарабекова, Нұрболат Арзамасұлы, Мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Ерболат Шалдыбеков, Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Күнсұлу Түрікпен, Ардақ Елеусіз, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ақерке Тәжібаева, Дінисламбек Жайлаубай, Біржан Айтахметов, Әлихан Дүйсенбай, Венера Табыс, Дария Бекпенбетова, Аяулым Қамажан өнер көрсетті. Сонымен қатар «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі мен «Бірлік» ән-би ансамблі өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Жетісу дәстүрлі ән мектебінің өкілі, белгілі әнші Ардақ Балажанова қара домбыраның шанағынан саз құйқылжытып, көмейінен кестелі үн төксе, іле-шала Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі тартылып, тізілген биші қыздардың өнерімен үйлесім тапты. Мұнан соң күйшілер Қайрат Айтбаев пен Еділ Басығараев күй тартысқа түсіп, бой шымырлатты. Ал Айгүл Елшібаеваның ерекше дауысы көрерменді баураса, домбыра мен қобыздың күй тартысына тебіренген жұрт қошеметін
білдірді.
Елеулі жәрмеңкеде есті өнер ғана әйгіленді, құнарлы туындылар ғана құлақ құрышына жетті. Орталықтың өнер майталмандары көрермен назарына ұлтымыздың әуелеген бірегей әндерін, күмбірлеген күй мен жыр жауһарларын, төл өнеріміздің үздік үлгілерін паш етті.