Референдум 2024 • 08 Қазан, 2024

Референдум ашық, еркін әрі заңды деп танылды

57 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Референдумды бастан-аяқ бақылаған халықаралық ұйымдар­дың миссия мүшелері қорытынды брифинг өткізді. Баспасөз мәслихатында шетелдік байқаушылар елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты қоғамдық науқанды жоғары бағалады.

Референдум ашық, еркін әрі заңды деп танылды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

АЭС салу туралы өткен республикалық референдум халықаралық талаптарға сай, ашық түрде өтті. Бұл туралы алғаш болып сөз алған Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары Олег Копылов айтты. Миссия басшысы ШЫҰ-ның 13 өкілі мониторинг жұмыстарын 30-дан аса учаскеде егжей-тегжейлі жүргізгенін жеткізді.

– Миссия Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша рес­пуб­ликалық референдум қол­даныстағы заңнамаға және Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткізілгенін мәлімдейді. Рефе­рендум ашық, еркін әрі заңды деп танылды. Мемле­кеттік органдардың интернет ресурсында толық ақ­парат жарияланды. АЭС салу жақ­тастары халық штабын іске қосты. Мұнда белсенділер тобы болды. АЭС салуға қарсылық білдіргендер азаматтардың өз ойын еркін білдіре алатынын көрсетті. Ел аумағы бойынша барлық мүмкіндік жасалды. Қабылаушы тарап референдумды дайындау мен жүргізуге барлық жағдай жасады деуге болады, – деді О.Копылов.

Жалпы, дауыс беру үде­рісін 40 мыңнан аса ұлттық және 177 халықаралық бақы­лаушы қадағалады. Олар­дың арасындағы Түркі мем­лекеттері ұйымынан келген­дер 24 учаскеде бақылау жүр­гізді. Шетелдік миссия басшы­сы дауыс берушілердің құқық­тары толығымен сақталғанын атап өтті.

– Түркі мемлекеттері ұйы­мы­ның байқау миссиясы референдумның Қазақстан заңнамасына және халықара­лық стандарттарға cай ашық өткенін растайды. Бұл референдум – стратегиялық мәселелер жөнінен қоғам­мен үздіксіз диалогті сақтауға деген ұмтылысын көрсететін маңызды оқиға. Миссия құрамына 11 адам кірді. Мә­селен, ТМҰ хатшылығы, пар­ламентарийлер мен үкімет өкілдері қатысты. Сонымен қатар ОСК өкілдері бар. Миссияны ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров қарсы алды. Айта кету керек, 127 халық­аралық байқаушы аккредитациядан өтіп, 200 шетелдік журналист тіркелген еді. 74 сайлау учаскесі жасақталды. Дауыстарды санау үдерісі бір сайлау учаскесінде бақы­ланды, барлығы Қазақстан заңына сәйкес болды деп сен­ді­реміз. Референдум ашық әрі транспарентті түрде өткізілді. Референдум Үкіметтің азаматтық қоғам­мен стратегиялық мәселелер бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін көрсетті. Халық­пен үнемі диалогте жүре­тіні байқалды, – деді Түркі мемлекеттерінің ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Жафаров.

Қорытынды брифингте Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі мис­сиясы референдумда мүм­кіндігі шектеулі жандарға бар­лық жағдай жасалғанын тағы бір мәрте атап өтті.

– Референдум халықаралық стандарттарға сай өтті. Халық референдумға дайындық пен өткізу іс-шаралары жайлы жақсы ақпараттанған. Мүгедектігі бар адамдардың сайлауға қатысуына да қажет­ті жағдай жасалды. Дауыс беретін орынды жабдықтап, сурдоаудармашылар қызметі ұсынылды. Олар арнайы көлік, инватаксимен сайлау учаскелеріне жеткізілді. Дауыс беруде белсенділік танытқан жастарды атап өту­ге болады. Байқаушыларға ешбір кедергі келтірілмеді. Қоғамдық бақылау ұйымдары да қадағалау жұ­мыс­тарын тыңғылықты түрде жүр­гізді. АӨСШК миссиясы қазақ­стан­дықтарды рефе­рен­думның сәтті өтуі­мен құт­тықтап, Жаңа Қазақ­стан­ның мақсаттарына жетуін тілейді, – деді АӨСШК бас хатшысының орынбасары Чжан Лин.

Сондай-ақ ұйымның заңды кеңесшісі Сұлтан Әмірханов дауыс берушілер тара­пынан, комиссия мүшелері мен өзге де байқаушылардан ешқандай шағым болмағанын айтты.

– Қазақстан референдум­дағы транспаренттілікті қоғам­дық бақылау мен БАҚ көме­гімен жүзеге асырды. Қо­рыта айтқанда, референ­дум Қазақстанның «Респуб­ликалық референдум туралы» Конституциялық заңына сай өтті. Біз барған учаскелерде, жалпы науқан барысында өрескел құқық бұзушылық тіркелмеді. Референдум – Қазақстанда демократиялық үдерістерді одан әрі дамыту жолында маңызды қадам, – деді С.Әмірханов.