Талбесік
Оралда киік қырылып жатқанда, Қостанай облысындағы орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясына Торғай даласынан да киіктің өлексесі табылғандығы жөнінде дабыл қағылды. Алдымен Жангелдин ауданы өңірінен өліп жатқан 8 киік тіркелді, ал Торғай даласына шұғыл аттанған инспекция мамандары тексере келе оның саны 39-ға жеткенін анықтады. Соның екеуі ғана аналық та, қалғанының бәрі текесі. Киіктің отыз шақты текесінің мүйізін қырқып әкеткен.
– Біз Орал өңіріндегі сияқты киіктің Бетпақдала табынына да пастереллез ауруы келген екен деп қауіптенгенбіз. Алайда, киіктер өлген жерге барып көзбен көргеннен кейін мұны суық қолдардың жасаған қылмысы екенін бірден түсіндік, – дейді облыстағы орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы Балғабай Бекмағанбетов. – Киіктер өлген жерден мәшиненің ізі және 12 калибрлі мылтық оғының гильзалары табылды.
Киікті заңсыз аулаған броконьерлер ісіне бұл бірінші айғақ болса, екіншіден, киік өлексесі 25-30 шақырымдық аумақта ғана жатыр. Бір жерде жаппай қырылған көрініс жоқ, әр жерден табылған.
– Бұл оқиға шамамен мамыр айының басында болса керек. Айдың 20 жұлдызында табыла бастаған киік өлекселерінің еті ағып кеткен. Сонда да ол ветеринарлық лабораторияда тексеріледі,–дейді Балғабай Қасымұлы.
Қостанайдан 600-700 шақырым жерде жатқан Жангелдин ауданы аумағында өлген киіктерді облыс орталығындағы “Республикалық ветлаборатория” кәсіпорнының облыстық филиалына жеткізу арнайы көліктің болмауына байланысты кешігіп жатыр. Дегенмен, мамандар Торғайдағы киіктер аурудан емес, суыққолды жандардың заңсыз аулауынан шығын болып отыр деген қорытындыға келіп те қойды.
– Әдетте, пастереллезге киіктердің аналығы мен лақтары шыдас бере алмай алдымен қырылып қалады. Ал Торғайдағы өлген киіктің арасында құралайы жоқ, негізінен текесі. Бетпақдала мен Батыс Қазақстандағы табындар жайылымының арасы алшақ, сондықтан бұл жұқпалы аурудан Торғай даласы әзірге аулақ деп ойлаймыз, – дейді Қостанай облысындағы орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Петр Васильчишен.
Дүние жүзінде киіктің Ресей, Қазақстан, Моңғолия, Түркіменстан, Өзбекстан жерін мекендейтін бес табыны болса, соның үшеуі біздің табиғи байлығымыз болып саналады. Өткен жылғы санақта Орал, Үстірт және Бетпақдала табынындағы киіктің саны 81 мыңға жеткені белгілі болды. Ал Торғай даласында жортып жүрген ақбөкендер Бетпақдала табынына жатады әрі оған Қазақстандағы 81 мың киіктің 45 мыңы тиесілі. Торғай өңіріндегі аң мен құсты Қазақстан биоалуантүрлілігін қорғау ассоциациясына қарасты “Аққұм” аңшылық шаруашылығы қориды. “Шамалы жерден ғана браконьерлер қырық шақты киікті қырып салғанда қорықшылар қайда қараған?” деген сауал тіл ұшына орала береді.
– Бұл аңшы шаруашылығында 6 қорықшы, олардың 4 автокөлігі бар. Ал Бетпақдала табыны 1 миллионға жуық гектар жерді мекендейді. Оның солтүстігі мен оңтүстігі – 150, шығысы мен батысы 100 шақырымдай болады. Бар болғаны алты қорықшының қаржының берілуіне қарай айына он күн ғана даланы аралауға мүмкіндігі бар екен. Ал астарына шетелдік жүрдек мәшине мінген браконьерлер жылдың төрт мезгілінде де тыным таппайды, тыйылмайды да. Даланы кезіп, ақбөкен аулайтындар қарапайым жандар емес, “аңшылықты” құмар тұтқан қалталылар,–дейді Петр Васильчишен.
“Түлкі мен үкі әдемілігінен жазады” дегендей, дала сұлуы ақбөкеннің мүйізі де өзінің сорына жаралғандай болып тұр. Қытай медицинасында дәрі жасайтын киік мүйізінің “қара базардағы” бір килосының бағасы 30-40 мың теңге тұратын көрінеді. Ақбөкеннің Қазақстанда ерекше қорғалатынын біле тұра, оны мүйізіне бола атуды кәсіп қылуға ұмтылған пысықайлар ауыл ішінен табыла бастады. Сондайлардың бірін Балғабай Бекмағанбетов ерте көктемде қарға тамған қанның ізімен жүріп отырып, Тәуіш ауылынан тапты. Мемлекеттік инспектордың бұлтартпас айғағына қарамастан, Төлеген Садырбаев деген азамат сарайына тығып қойған екі ақбөкеннің басын бермеуге қарсыласты. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
2008 жылы “Алтын дала” резерватының жобасы жасалып, оған Торғай даласының нақ киіктер жайылатын, қыстайтын жерлері кіргізілген болатын. Резерват 2011 жылы күшіне енеді деген үміт бар. Егер Торғай даласы резерват болса, онда қорықшылар, ғылыми және басқа да қызметкерлер саны 150-ге жетуі керектігін айтады мамандар. Қорықтың бұл құрылымы үшін қаржы бөлінетіндіктен, қорықшылардың жұмыс істеуіне қолайлы техникалар саны да арта түсетіні аян. Мүмкін сонда ғана сахараның мөлдіреген қара көзіне мылтық кезеніп, оның көбеюіне кедергі келтіріп отырған тағыдан жаман қаскөйлер аяғын тартатын болар.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.
ҚАЙРАН ЖАҒАЖАЙ ... ЖАУ ШАПҚАНДАЙ
Орал қаласының солтүстік-шығыс жақ бетінде, осы маңайдағы Желаев кенті іргесінде айналасы айнадай жарқыраған тамаша айдын бар. Суы таза, мөлдір, жұмсақ. Шабағы күнмен шағылысып шоршып ойнап жатады. Ертеректе бұл жерден құрылысқа қажетті құм өндірілген. Сондықтан да жергілікті тұрғындар аталмыш су айдынын карьер деп атайды. Оның айналасын сыңсыған тал-теректер қоршап тұр.
Карьердің деңгейі бір кезде бүгінгісінен де терең арналы болатын. Соңғы жылдары оның суы тартыла бастағанда, су айдынының жағалауында іздесең таптырмайтын сусыған күміс құм пайда болды. Сөйтіп, қайран табиғаттың өзгерісінің өзі бұл араны әп-әзір жағажайға айналдырып тастады. Яғни, жағажай жасау үшін көк тиын қаржы жұмсаудың қажеті болмай қалды.
Сөйтіп, карьер жағалауы жаз кезінде тұрғындардың бой сергітіп, суға түсіп шомылатын орнына айналды. Әттең, тек ол жергілікті билік органдарының араласуынсыз жабайы, стихиялы түрде жүріп жатыр. Сондықтан да бұл жерде тәртіп пен тазалық туралы айтудың өзі артық.
Қайран жағажай бүгінде жау шапқандай күйде. Жекеменшік автокөлік иелері ызғытып, жүйткітіп келіп, құмға бауырын төсеп жатқандарды қағып-соғып жағалауға көліктерінің тұмсығын бір-ақ тірейді. Содан соң ойына келгендерін істеп бағады, әрине. Автокөлігін жуады, итін суға түсіреді дегендей.
Бүгінде су жағасындағы тұрмыстық қалдықтар мен шыны-шөлмектерден тау тұрғызуға болады. Осы тау күн сайын биіктеп келеді. Ең бастысы – осы аумақтағы сыны бұзылмаған әсем табиғат ажарынан айырылып барады. Автокөліктердің қалдық майы араласқан тұнық су ластанып бозғылт тартқан.
Табиғатқа деген осындай айуандық көзқарастың басты сыры – иесіздікте ме деген ой келеді. Бұл аралықтан жергілікті билік органдарының өкілдерін, табиғат жанашырлары мен экологтарды, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі департамент мамандарын шам алып жүріп іздесеңіз де кездестіре алмайсыз. Полиция қызметкерлері жөнінде де осылай деуге болады. Осындай астан-кестені шыққан су жағалауына тұрғындар баруын, суға түсіп шомылуын әлі тоқтатар емес.
Халық қаласа, хан түйесін сояды демей ме? Халық осы жерден жанына сая іздеп, бойын сергіткісі келеді екен, ендеше, атқарушы органдар, қала және облыс әкімдіктері соған сай икемделіп, оны өркениетті демалыс орнына айналдыруға ықпал жасағандары жөн. Әрі бұған көп қаражаттың да қажеті шамалы екенін, ең бастысы – олардың тарапынан оң көзқарас болса жетіп жататынын да айта кеткіміз келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН, ОРАЛ.
МАРҚАКӨЛ ҚОРЫҒЫ – ТАБИҒИ БАЙЛЫҒЫМЫЗ
Еліміздің ең шалғайында орналасқан Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы – Қазақстанның ең көрікті де әдемі жерлерінің бірі.
Аумағы 102979 гектар алқаптың әрбір түп ағашы мен аң-құсын, көлдегі балықты бой тасалап торуылдап жүрген браконьерлерден күндіз-түні қызғыштай қору оңай ма?!
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы – Оңтүстік Алтайдың флора мен фаунасын, сондай-ақ Марқакөл көлі маңайында сирек кездесетін бағалы аңдар мен құстарды, көктемде балық уылдырық шашатын өзендер арналарын, жанға сая болатын орманын, ақ шабағы шоршыған айдын көлі мен өткел бермейтін асау өзендерін табиғи қалыпта сақтау мақсатымен құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
Марқакөл көлінде балықтардың негізгі бес түрі бар. Олар албырттар (лососевые) тұқымына жататын, жергілікті тұрғындар “қызыл қашаған” деп атап кеткен майқан немесе қаяз балығы, хариус, талма, теңге балық. Майқанның тұрқы 46-70 см, шоғырланбай, бытырап жүріп тіршілік ететін балық. Мұндағы хариус та тұщы су балығы, қаяз балығы сияқты мұз ерісімен уылдырық шашып көбейеді, дене тұрқы 20-30 см, салмағы 450-500 грамға дейін барады.
Марқакөл қорығындағы ең қауырт кезең – балық уылдырық шашатын кезең. Жыл сайын осы кезеңге байланысты 10 мамырдан 10 шілдеге дейін айлық өткізіліп келеді. Осыған орай 2010 жылдың жоспары белгіленіп, қорық мекемесі алдын ала бірнеше мекемелермен келісім-шартқа отырды. Олардың ішінде Шығыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстарды пайдалану және реттеу басқармасы, Шығыс Қазақстан облысының ветеринарлық полициясы, Шығыс Қазақстан облыстық өсімдіктер мен жануарларды оперативтік қорғау бөлімі, Күршім ауданының ішкі істер бөлімі, Марқакөл орман шаруашылығы мекемесі бар.
Қорықтағы табиғи кешендер мен объектілерді қорғау бөлімінің негізгі міндеті де қорық аумағындағы табиғи байлықтарды қорғау. Әсіресе, көктемде балық уылдырық шашатын өзендер арналарын қорғау – қорық күзетшілерінің міндеті. Бұл күндіз-түні қырағылық танытумен қатар, үй-жайынан алыста бірнеше күндеп, көлдің айналасын бақылап тынымсыз еңбек етуді талап етеді. Қорықтағы әрбір инспектор жаңа рация қондырғыларымен, жиналмалы үй-жаймен қамтамасыз етілген.
Осы бөлім 2009 жылдың қорытындысы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақ заңын бұзушыларға 100-ден аса хаттама толтырып, салған айыппұл көлемі 1 131 500 теңгені құраса, бұл қаржы жергілікті бюджетке аударылды. Соның ішінде: ерекше қорғалатын табиғи аумағына кіру шартын бұзғандығы үшін – 41, балық аулау ережесін бұзу және балық қорын сақтау ережелерін сақтамағандығы туралы 59 хаттама толтырылды. 2010 жылдың басынан бері ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіру шартын бұзған 15 адамға хаттама толтырылды.
– Сырт көзге біздің атқаратын қызметіміз аса ауыр емес көрінуі әбден мүмкін. Бірақ адамның да “ала-құласы” болады ғой. Олардың барлығымен тіл табысып, қамқорлығымыздағы қорықтың осы реңін сақтап, ұрпағымызға мұра етіп қалдырар ең асыл байлығымыз екендігін жиі айтып жүрсек те, соны түйсіне білмейтіндердің кездесетіндігі кейде жаныңа батады. Бірақ оған мойып, атқарып келе жатқан қызметімізден бой алшақтатқан емеспіз. Қайта осы ісімізді халық арасында, демалуға келушілердің арасында насихаттап, осы бағытта жұмыстар жүргізе бермекпіз, – дейді 20 жылға жуық қорықшы қызметін атқаратын Н.Краснопеев.
Ойымызды түйіндесек, адам мен табиғат әрқашанда егіз. Әр адам табиғат тазалығын бұзатындарға төзбестікпен қарап, табиғат байлығын молайту саласындағы істерге белсенді түрде қатысуға міндетті. Сондықтан, қоршаған ортаны қорғайтын, табиғатты аялайтын экологиялық мәдениетке тәрбиелеу – әрбір адамның міндеті болуы тиіс.
Ж.АРХАБАЕВ, Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының директоры.
Шығыс Қазақстан облысы.