Өнер • 11 Қазан, 2024

Саз өнерінің сардары

149 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ ән өнерінде дарынды дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаевтың есімі ерек. «Тойың тойға ұлассын», «Досым» секілді ел жүрегіне қоныстанған таңдаулы әндері халық жадында мәңгі қалмақ. Тіпті шығармалары шетел асып, қазақ өнерін аспандатып келеді. Оған дәлел тұңғыш рет өткен «Елге арнау» халықаралық әнші-вокалистер мен жеке аспапта орындаушылар байқауы.

Саз өнерінің сардары

Қазақстан композиторлар ода­­ғының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған I халықара­лық «Елге арнау» өнер додасына қа­тысқан өнерпаздар тек автордың шығармаларын орындады. Екі күнге созылған өнер бәйгесі ел­дің ерекше ықыласына ие болды. Сазгерліктің азабын татып, сыры мен сыны кетпейтін саз туын­датудың машақатына төзу – үлкен махаббаттан туындаса керек. Осы жолға тұтас өмірін арнап келе жат­қан өнер иесі салтанатты шарада халыққа ризашылығын жеткізді.

«Жетісу жұртына деген ықы­ласым шексіз. Мен сазгерлік, жал­пы музыка өнеріне төтеден ки­лігіп, тосыннан қосылған жан емес­пін деп білемін. Ақ жөргек­ке әнмен оранып, күймен буылып, талбесікте ана әлдиін тың­­дап өстім. Құлындай құлдыраңдап өс­кен шағым бүгінге дейін көз алдымнан кеткен емес. Сол кездегі ауылымның әжелері салған тама­ша әуендер әлі де құлағымда жүр. Сол себепті, өнерге кездейсоқ келмедім деп айтуға тұтастай құқым бар», деді Ә.Алпысбаев.

Байқауға Өзбекстанның халық әртісі Фарух Садыков, Қырғыз­стан­ның халық әртісі Тілек Най­манбаев, Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, қазақ музыка өнерінің майталмандары Жанат Шыбықбаев, Дүйсен Орынбай, Торғын Смайлова қазылық етті. Олар жүзге тарта қатысушының ішінен үздіктерді таңдады.

«Әли Демегенұлы – І.Жан­сүгіров атындағы өнер ордасын басқарғанда, ұжымды қанат­тан­дырып қана қоймай, талай белеске бастаған басшы. Алпыстан асқан ел ағасы бағындырған асулар­дың өзі бір кітапқа арқау боларлық­тай. Бүгінде М.Төлебаев атын­дағы филармонияның оркестріне дирижерлік етіп, кешегі Нұрғиса Тілендиев сынды тұлғалар салған сара жолдың саңлағы екенін дә­лел­деп жүр. Бұл әрине, бір ғана жетіс­тігі», деді Н.Үсенбаева.

Аталған өнер додасында жүл­делі орынға ие болған жеңім­паз­дардың бәріне қаржылай сыйлық берілді. Топты жарған түркі балалары өнерін ортаға салып, жеті­сулықтарды бір желпіндірді.

Жетісу өңірінде «Әли – әуен, Әли – жыр» атты ән бар, осыған орай композитордың артынан ерген аңыз да жетерлік. Оңтүстік жаққа барған композитордың «Досым» деген тамаша әнін тың­даған кәсіпкер азаматтың бірі авторға жеңіл автокөлігін сый­ға берген екен. Мұның өзі ән қана­тында тербелген азаматтың жо­марттығы болса, тыңдарманды сон­дай күйге бөлеген туындыны өмірге әкелген сазгердің талантына жасалған құрмет деп білеміз.

Әли Алпысбаевтың бойында бабадан қалған тектілік бары анық. Оған дәлел, әрқашан мұ­қым елдің мәңгілік мұрасын жиі наси­хаттайтындығында. Сан мәрте концерттік сапармен Қытай, Түркия, Польша, Үндіс­тан, Болгария және Ресейдің ірі қала­ларында болып, көптеген халық­аралық музыкалық форум мен фес­тивальдерге қатысты. Соны­мен қатар дирижер-композитор ретінде отандық ірі сахналарда өзінің өнерін сан мәрте мойындатып, тыңдармандарын сүйсін­діріп келеді. Өзінің айтуынша, жүз­деген әннің, әлденеше ірі күй-поэма­лардың және домбыраға арнап жазылған 3 бөлімді концерттің авторы. Театрда сахналанған 10-ға жуық қойылымға музыка жазып, әндері мен шығармалары­нан құралған «Ауылдағы той», «Әнім­ді сізге арнадым» атты жи­нақ­­тары жарық көрген. Бұл ертеңге аңыз болар бір адамның шығарма­шы­лық әлеуетінің көрсет­кіші, есі­мін әйгілеп тұратын д­арынның ғұмырнамасы.

 

Жетісу облысы