Содан екеуміз ұшақпен Мәскеуге жетіп, «Националь» қонақүйіне тоқтап, Кремль көрініп тұратын мейрамханада отырып тамақтандық. Басынан өткен қызықты шақтарын айтып отырған жазушы етене танысы, белгілі қайраткер Тайыр Мансұровқа қоңырау шалып, хабарласуды өтінді. Ол қонақүйге келіп, сол күні Әбе-нің өтінішімен Қазақстанның елшілік үйінің маңындағы Абайға қойылған ескерткішке барып суретке түстік. Елшілік үйінің ішкі құрылысымен танысып, елші Иманғали Тасмағамбетов жасаған өзгерістерге риза болыстық. Сол күні түс мезгілінде КСРО Жазушылар одағының үйіне барып, жазушылар мейрамханасынан түстендік. Әбе онда да жазушылар жиындарында болған оқиғаларды әңгімеледі. Одақтың ауласына орналасқан Лев Толстой ескерткішінің алдында бұрын Мәскеуде жолдастарымен жүрген кезеңдерін еске түсіріп айтты.
Ертеңіне Мәскеу-Лондон рейсімен ұшып Лондонға жеттік, әуежайда елшіліктің қызметкерлері күтіп, қонақүйге орналастырды. Түс мезгілі жақындағанда Лондондағы Қазақстан елшісі Ерлан Ыдырысов Әбеге сәлем беріп, Лордтар түстенетін мейрамханадан түскі ас берді. Немерем Алтынайды Әбе атасымен таныстырдым. Бұл кісі елші Ерланға «Соңғы парыз» кітабын ағылшын тіліне аударатын аудармашы тауып беруді өтінді, ол аудармашы тауып, бізбен кездесу ұйымдастырды.
Ертеңіне Лондонда тұратын жолдасым Медғат Құлжанов бізді түскі асқа мейрамханаға шақырды, ол өзімен бірге жұбайы Айгүлді және қызын ала келіп ағамен таныстырды. Бізбен бірге немерем, магистрант Алтынай да болды. Көңілді отырыста Әбе енді Парижге барғысы келетінін айтты. Кешке жүретін пойызбен Парижге жеттік, алдын ала хабарлап қоюыма байланысты елшілік қызметкерлері қарсы алды. Қаланың орталық көшесіне орналасқан 5 жұлдызды қонақүйге орналастық. Ертеңіне Әбенің ертеректе болған жерлерін араладық. Кешінде Франциядағы елші Әбеге сәлем бере келді. Ертесіне елші жіберген аудармашы мен көлігіне отырып, Парижден 250 шақырым жердегі Шарль де Голльдің зиратына барып суретке түсті, мұражай үйіне соғып, тамашалап, естелік кітабына қолтаңба қалдырды. Сол күні кешке сол жердегі «Мотель» қонақүйіне қонып, ертеңіне Парижге оралдық.
Париж-Мәскеу-Алматы рейсімен елге жетіп, асыл ағаны үйіндегі немерелеріне табыстадым. Бір апталық сапарда Әбенің мінез-құлқын, ішім-жемін, көңіл-күйін, дәрі-дәрмегіне дейін танып-білдім. Қонақүйлерде жеке жатпай, мені жанына алып жататын. Түн ауғанша басынан өткен қызық пен қиындықты, балалық шағынан аталық, абыздық жасқа жеткенге дейінгі өмірінен әңгіме айтатын. Өмірінде мерейтой өткізбегенін, ондайды ұнатпайтынын жеткізді. Мен «алдағы 95 жасыңызда Үкімет тарапынан мерейтойыңызды өткізейік» деп ұсыныс жасадым. Келісім бергендей ыңғай танытты. Содан кейін сол кездегі Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловаға Қазақстанның халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейістің 95 жасқа толуына байланысты мерейтойын өткізіп, көптомдық шығармаларын шығару туралы хат жаздым. Мәдениет министрімен кездесіп, мерейтойды бірлесіп өткізуге келістік, көптомдық еңбектерін мемлекеттік тапсырыспен шығаруға министр ханым уәде берді. Алматының жоғары оқу орындарына кездесулерге бардық. Ел басшысымен кездесуінде көптомдық шығармаларын басып шығаруға нұсқау бергеніне ризалық білдірді. 7 томдығын сый ретінде ұсынуға ықпал етіп, хат жазуына көмектестім. Мәдениет министрлігі және сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Абай атындағы Опера және балет театрында Әбенің 95 жас мерейтойы аталып өтілді. Жиынға Алматының зиялы қауымы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Әбенің алыс-жақындары, мәскеулік достары, әлемге танымал ғалым, жазушы Николай Анастасьев, Анатолий Ким, баспагер Георгий Пряхин қатысты. Сахнада Әбені Мырзатай Жолдасбеков пен Төлен Әбдік қолтықтап отырды. Жиын соңында Қабылдау үйінде 300-дей қонаққа ас беріліп, жазушының көптомдық еңбегі қонақтарға сый ретінде таратылды.
Мәскеуден келген құрметті қонақтар Николай Анастасьев, Георгий Пряхин және Анатолий Кимді жұбайымен Алматыны аралатып, «Салтанат» қонақүйінің мейрамханасында Әбе, жазушы Смағұл Елубай үшеуміз қонақ етіп, шапан жауып шығарып салдық. Әбенің қуанышында шек жоқ. «Өмірімде өткізген тамаша күндерімнің ең биігі осы болды» деп, Смағұл екеумізді құшақтап сүйе берді. Тойдан соң үш күн өткенде Президенттің Әбені Қазақстанның Еңбек Ері атағымен марапаттаған Жарлығы шықты. 30 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп, өз резиденциясында Еңбек Ері жұлдызын тақты. Құттықтау сөзінде Президент жазушыға ризашылығын білдіріп, тілек айтты. Естелік ретінде суретке түстік.
Жанында жүріп, абырой-атағын алуына інілік ізет көрсетіп, ықпал еткеніме шын жүректен алғысын білдірген Әбе маған шапанын жауып, таяғын естелікке ұстатты. Сол бір күндер өмірімнің жарқын беттері ретінде жадымда мәңгіге жатталып қалды.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері