Қоғам • 16 Қазан, 2024

Туристер қызығатын көшпелілер ойыны

165 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл елімізде өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойынына 5,7 мил­­­лиард теңге жұмсалған екен. Ойын ережесіне сай әр спорт­шы­ның жүріп-тұруына, жататын орны, ішіп-жегеніне шамамен бір адамға 1,5 миллион теңге жаратылады. Ал Моң­ғо­­лияда өткен Көшпелілер ойынына мемлекеттен ­10 миллион төгрөг бөлінген. Ол шамамен 1,5 миллион тең­ге. Әрине, екі іс-шараның деңгейін салыстыра алмайсыз, ­дегенмен туризм саласын көшпелілер құндылықтарына қатысты дамы­ту­да ескеріп-елейтін жайттар бар.

Туристер қызығатын көшпелілер ойыны

Айталық, Моңғолияда кейінгі жылдары өткі­зі­ліп жүрген Көш­пе­лі­лер ойынының шығынын түге­лімен туристер көтереді. Осыдан 25 жыл бұрын алғаш ұйымдастырыл­­ған­да да мемлекеттен мүлде қаражат бөлінбеген екен. Жергілікті қазақ­тардың салт-дәстүрі – күнде­лікті тіршіліктің бір бөлшегі. Қыран баптап, аңға шығатындар көп. Көшпелі өмірдің шынайы көрінісін әлеуметтік желіден көрген туристер бұл жаққа біртіндеп қызығушылық таныта бастайды. Содан соң Баян-Өлгейдегі жергілікті Құсбегілік одағы мемлекетке жыл сайын Бүр­кітшілер фестивалін өткізіп тұру туралы өтініш жасайды. Мем­лекет қолдау көрсетіп, арнайы қаулы қабылдайды. Бүгінде жыл сайын ­2 мыңға жуық турист келетін іс-шара осылай бастау алыпты.

ро

Мұнда келген әрбір турист ­30–50­ доллар төлеп кіреді. Неліктен 30–50 доллар? Өйткені биыл Баян-Өлгей­дегі Бүркітшілер тойы екі жер­де өтті. Өлгейге жақын Бұғыты аумағындағы жарысты Құс­бегі­лер одағы ұйымдастырса, Сары­көл жайлауындағы сайысты Моң­ғо­лияның ішкі туристік ком­паниясы өткізді. Көріп отырғанымыздай, 25 жыл бойы қазақтар өткізіп келе жатқан іс-шараға туристік компаниялар да мүдделілік таныта бастаған. Себебі туристер Моңғолияға тек бүркітшілер то­йында ғана емес, жыл он екі ай бойы арылмайды.

Бұл жақтағы көшпелілер тойы таудың етегіндегі жазық далада өтеді. Қыранды да бүркітшілер шамамен 40–50 метрлік биіктіктен ұшырады. V Дүниежүзілік көш­пе­­лілер ойынында моңғо­лия­лық бүркітшілер тауда ұша­тын бүр­кіттердің жазықты жатыр­қа­ға­нын айтқан еді. Айтса айтатындай айырмашылық бар екен. Бұғыты тойына қыран баптайтын елуге жуық жергілікті қазақ қатысты. Жалпы, бұған дейін Бүркітшілер фестивалі Алтай, Сақсай, Тұлба сияқты бірнеше сұмында да болған. Оларға басы 200, соңы 300-дей ­турист келіпті.

пр

Тойда түйе, тай жетектеп, тіпті бүркітін бауырына басып алып, нәпақасын тауып жүрген балалар көп. Тай, не түйеге отырып әудем жерді бір айналып келсеңіз, 10 000 төгрөг, біздің ақшамен 1 400 тенге. Ал туристер ба­лалар­ды қы­зық көргені сон­ша­лық, қосымша қол ақыларын да беріп жатыр. Бұған біздің де ішіміз жы­лыды. Өйткені жергілікті халық ту­рис­­тердің арқасында жұмыс та­уып, кейбірі кәсіп те жүргізіп жатыр.

Өзін Мұхаммед деп таныс­тырған бала бүркітін биік құздан беліне арқан байлап жүріп, өзі алыпты. Бұл – жасы небәрі он төрт­тегі баланың әрекеті. «Табыл­тай деген жерге ағам екеуміз бардық. Ұяда екі балапан болды, біреуі сарша екен. Ал біз ұрғашысын алдық. Қазір бүркітім бір жаста», дейді.

Сайыстың екінші күні Сарыкөл жайлауында да бүркітшілер көп болды. Кореялық банктің жарнамасына түскен Аймөлдір деген бүркітші қызды осы жерде көрдік. Бүркітшілер арасындағы жалғыз қыз бүркітшіні фотоға түсіріп, әңгімеге тартқан турис­тердің қарасы мол.

Баян-Өлгейдегі көшпелілер ойынында бізді ерекше таңғал­дыр­ғаны – кез келген моңғол аза­ма­тының қазақша сөйлей жө­не­ле­тін­дігі. Жергілікті халық «моң­ғол» де­ген сөз­ді мүлде қол­дан­байды. Сый­ластықпен «үлкен ауыл­дың адам­дары» дейді. Сондай бір үлкен ауыл­дың адамы, таза қазақша сөйлеп тұрған дөрбет Байра ағамызбен танысып, бұғы мүйізінен жасалған асық­тарын көріп тамашаладық. Жалпы, қалқалар асықты бұғының мүйізінен жасаса, дөрбеттер түйе­нің сүйегінен жонып жасайды екен. Халқымыз асық жіліктегі дайынын жинайтыны белгілі. Ол асықтармен салыстырғанда бұғының мүйізінен жасалған асық кішкентай, әппақ.

ро

Байра Гунзе ұйымдастырып тұрған асық ойынына кез келген адам қатысып, жүлделі ақшалай сый­­лық ұтып алуына болады. «Қа­зір­­дің өзінде 27 адам тіркелді, оның ішін­де қазақ, уранқай, өбір моңғол, тывалар бар», дейді ағамыз. Жалпы, түр­кі тектес халықтар ішінде асық ойын­дары әртүрлі ойналады. Бұл жерде байқағанымыз, ортаңғы саусақпен шертіп ойнайды екен. Тағы бір қызығы, Моңғолияда қыста мұздың үстінде асықты сыр­ғанатып ойнайтын ұлттық чемпио­нат өтеді екен. 5–6 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жарысқа түркітектес халықтардың барлығы қатысатын көрінеді.

Дөрбет Байра Гунзе – Өлгей­дің тумасы. Қазақша жақсы білуі­нің де себебі осында. Балабақ­шадағы 35 қазақ баланың ішіндегі 5 моңғол «қазақ» болып шыға келдік деп қалжыңдайды. Әңгіме барысында Ноғонорда қызықты күндерді бірге өткерген Өмірбек Сақай деген досына сәлем айтты. Павлодарға көшіп кеткелі сағынып жүргенін де айтып қалды.

Жалпы, көшпелілер ойынын қай ел ұйымдастырып, қай жерде өткені маңызды емес. Оның ауқымы туристердің қанша кел­генімен де өлшенбейді. Біздегі көшпелілер ойынынан түскен пайда жұм­сал­­ған қаражаттан 20 есеге аз болды. Туристерді небір бейнежазбалар түсіріп, алдын ала шақырып кел­тірген сияқтымыз. Бірақ олар­дың қайта қайырылып соғуы екі­талай. Себебі көшпелі мәдениет күн­делікті өмірімізден алшақтап кеткен. Ал Моңғолияда көшпелілер ойынының құнды­лы­ғын арттырып отырған – жер­гі­лікті қазақтар. Өйткені олар әлі де ежелгі тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптан алыстаған жоқ. Күн­де­лікті тіршілігі жайлауда мал бағып, арасында саятшылық жасаумен өтіп жатыр. Тіпті шағын қалаларда тұратындардың үйіне барсаңыз да қабырғада кестелі тұс­киіз, кигендері шапан, қазақы желетке. Қазір туристер тарапынан қызығушылық, сұраныс болған соң, тұскиіз, қарсақ тымақ, шапан тігуді қолға алған. Оның ішінде заманауи үлгіде тігіп сататындар көп. Көшпелілер өмірін насихаттау­да кімнің көші озады, оны уақыт көрсетеді. Ал біз жазық далада, жай­лауда өткен әрі турис­тер тамсанып тұрып, тамаша баға берген бұл көшпелілер ойынынан ғажап әсер алдық.

 

Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ,

журналист

Баян-Өлгей аймағы