Сонау тым әрі де емес, Америка атты алып құрлықта ертегіге ұқсас оқиға болыпты. Естігендер көзге жас іркіпті, көргендер қаршадай қыздың қайсарлығына қол соғыпты. Әлқисса, 1997 жылы Джулия Хилл атты жас ару тосын шешімге бас бұрады. Әріректен сабақтасақ, өмірге құштар бойжеткен бірде ауыр жағдайға тап болып, қатерлі жол-көлік апатына ұшырайды. Көп ұзамай денсаулығы қалыпқа келген қызын ата-анасы орманға, шоқ тоғай арасына апарып психологиялық, физикалық жағынан сауығуын қадағалайды. Осылайша, бала күнінен-ақ табиғат құдіретін сезінген Джулияның санасы өзгеріп, қоршаған ортаға деген терең сүйіспеншілігі оянады. Әрі қоңырсалқын орман тынысы денсаулығына оң әсер етіп, құлантаза айығуына сеп болады. Осы шақта бойжеткеннің кеудесіне табиғат ананың аялы алақаны өз анасындай сезіліп, оны қорғауды өзіне басты мұрат, биік ұстанымы етеді.
1997 жылы әлдебір америкалық мекеме кең аумақты орман шебін қарамағына алып, ондағы зәулім ағаштардарды кесуге қамданады. Бұл аумақ – жүзжылдық алып қарағайларға қалқан болған, жапырағы жайқалып, бұтасы бұлтқа жеткен жұмақ мекен еді. Ақкербез табиғаттың ерекше перзентінің бірі – 500 жыл өмір сүрген, бойы 60 метрден асатын «Ай» есімді ағаш болатын. 23 жастағы Джулия қасақана қолдың ұрын келе жатқанын аңдап, осы бір алып ағашты қорғамаққа бел буады, «Айдың» құзар шыңына өрмелеп, төмен түсуден бас тартады. Қарсылық қағидасы бақандай 738 күн табанды Джулия «Айды» күзетіп ұшар басында отырады. Екі жылға жуық уақыт бұтадан тоқылған 50 метр биіктіктегі шағын үйшікте өмір сүрген ол көпшіліктің қызығушылығын тудыра бастайды. Қайсар қызды қолдаушылар тобы жасақталып, бойжеткенді азық-түлікпен, жылы көрпе-жастықпен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді. Мақсатқа жетер жол қай кезде де оңай болмасы екібастан анық, Джулия қиындық өтінде қар төсеніп, мұз шайнайды. Бұзып-жарғыш дауылдар, төзгісіз суық, төпелеген нөсерлер легі оның үйшігіне залал келтіріп, азық-түлік тапшылығына ұшыратады. Сонда да алған бетінен қайтпаған арудың темірдей табандылығыАмерика жұртының ақыл-ойын айран-асыр етіп, бұқаралық ақпарат құралдары, танымал журналистер, шоумендер мен әртістер легі арнайы келіп, қайсар қыздың қолын алып, фотоға түседі. Адам сенгісіз танымалдылыққа ие болған Джулия соңынан халық ерген алып күшке айналады. Ендігі жерде орманды жайпауға ниетті америкалық мекеме онымен санасып, талап-тілектерін орындауға мәжбүр болады. Ақыры «Ай» мен оның маңайындағы 60 метрлік ағаштарды сақтау туралы шешім қабылданып, табиғат бөлшегі оталудан аман қалады.
Міне, табандылық, міне, нәтиже, айдарлы тілек. Кейіннен журналистерге берген сұхбатында Джулия «Ай» ағашымен туған бауырдай болып кеткенін, оның талай мехнатты кезеңдерде өміріне араша түскенін жеткізеді. Ондағы әр бұта мен сансыз жәндіктермен достасып үлгерген бойжеткен келер ұрпақтың ұранына айналады. Бүгінде Табиғат- ананы қорғауға аттанған жастар Джулияның ерен ерлігіне соқпай өтпейді, атын адақтамай артық баспайды деседі.
Табиғат – қамқор ана, табиғат – өзіндей сан құбылысты жаратушы. Джулияның жоғарғы ерлігі бұлжымас ұғымды тағы бір дәлелдей түскендей.