Таным • 06 Қараша, 2024

Джойстан Хан Ганға дейін...

334 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әдеби сауалнамамыздың ке­зек­­ті қонағы – сыншы-әде­биет­­ші Амангелді Кеңшілік­ұлы. Дәстүрлі сұрақ: не оқып жүрсіз?

Джойстан Хан Ганға дейін...

– Кітап оқымаған күнім болмаса да, алдағы айда бәленбей шығар­ма оқимын деп алдын ала жос­пар жасамаймын. Өйткені оқитын шығармалардың көлемі де әртүрлі болады. Айталық, Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар», Томас Манның «Будденброктар», Герман Мел­виллдің «Моби Дик» немесе Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің «Қан мен тер» сияқты көлемі кере қарыс романдарын оқып шығуға бір апта уақыт кетеді. Ал Марсель Прусстың «Сван бағытына қарай», Джеймс Джойстың «Улисс», Уильям Фолк­нердің «Айғай мен ашу», Асқар Сүлей­меновтің «Адасқақ» сияқты модернистік мәтіндерін түсініп оқу төзім­ділікті қажет етеді. Оларға кемі бір ай уақытыңды жұмсайсың. Тез оқы­латын туындылар да, сонымен бірге күрделі шығармалар да бар. Шығарма мәтінінің жеңіл немесе күрделі болуы туынды нашар немесе керемет деген ұғымды білдірмейді.

Кейінгі жылдары мәтіндері аса күр­делі емес туындыларды аудионұсқадан тыңдап жүрмін. Кормак Маккартидің «Жол», Хан Ганның «Вегетариан әйел» сияқты көлемі шағын (150–200 бет) романдары аудионұсқасының ұзақтығы 5–6 сағат, ал Стендальдің «Қызыл мен қарасын» тыңдап шығуға 24 сағат, Толстойдың «Анна Каренинасын» тың­дауға 34 сағат уақыт табуың керек.

Таяуда мына кітаптарды оқып шық­тым. Стефан Цвейг «Три певца своей жизни. Казанова, Стендаль, Толстой». Үш эссесі де ұнады. Кормак Маккарти «Дорога». Антиутопиялық роман. Бұл роман жөнінде уақыт тапсам, мақала жазу ойымда бар. Бүгінгі күннің шындығын жазған Светлана Алексиевичтің «У вой­ны не женское лицо», «Время сэконд ханд» кітаптары ерекше ұнады. Джеймс Джойстың «Портрет художника в юнос­ти». Бұл романды бұрын да оқығанмын. Дәріс оқитын болған соң, тағы бір шолып шықтым. Романның аудионұсқасын да «Литрескниги» сайтынан сатып алып, тыңдауға уақыт таптым. «Литрескниги» сайтынан жақында ғана Нобель сый­лығын еншілеген Хан Ганның екі романын бір түн ұйықтамай оқып тастадым. Екі роман да қатты әсер етті.

Марқұм болып кеткен Ғалым­бек Елубай шынында да талантты жазушы екен. Көзі тірісінде бағалай алмағанымыз қандай өкініш­ті. «Жүз жетінші көктемі» менің жанымды тебірентті. Уақыт тауып, Ерболат Әбікенұлының «Ояну» әңгімелер жинағын оқып, риза болдым. Әдебиетімізге Бейімбет Майлиннің ізін басуға лайық суреткер келген екен. Соған шын қуандым.

Тап қазір Джеймс Джойстың «Улисс» романын осымен үшінші мәрте оқи бастадым. Ең алғаш рет бұл күрделі туындыны 1988 жылы әскер қатарында жүргенде шолып шыққанмын. «Ино­странная литература» журналынан. Ол кезде атақты Шыңғыс Айтматов бұл басы­лымның бас редакторы болды. Қырғыз қаламгері сіресіп қалған сеңді бұзып, журнал бетіне әлемге әйгілі модернист суреткерлердің туындыларын бере бастады. Өйткені Батыстың модер­нистік әде­бие­тінен сусындаған, жаңа­­шыл­­дыққа жаны құмар Айт­матов шығар­машылығының кемел­денуіне Джойстың сана ағы­сындағы құбылыс­тарды сан түрлі қырынан суреттейтін күрделі мәтін­­дерінің ықпалы зор болды.

 «Улисс» – өте үлкен кітап, Виктор Хинкис пен Сергей Хоружийдің аудармасында 800 бет. Оған кітапқа берілген 300 бет түсініктемені қосыңыз. Мың бет кітапты оқып шығу оңай олжа емес. Егер де сіз бұл романды қабылдай алмасаңыз, оқымай-ақ қойыңыз. Өйткені Ричард Олдингтон, Бернард Шоу сияқты ұлы қаламгерлердің өзде­рі оны оқи алмаған. Алайда төзі­міңіз жетіп, оны соңына дейін оқып шықсаңыз, Уильям Фолкнер, Вирд­жиния Вулф сияқты әлемге әйгілі суреткер шығармаларындағы модер­нис­тік прозаның ғажайып үлгілерінің қалай дүниеге келгенінің сырын түсі­не бас­тайсыз. «Улисс» прозаға ғана емес, модернистік поэзияның жаңа үлгі­ле­рінің дүниеге келуіне де игі ықпалын тигізді. Егер «Улисстің» алтыншы эпизоды болмаса, Томас Элиоттың «Құнарсыз жер» («Безплодная земля») поэмасы жазылмас еді.

«Улисс» 18 эпизодтан тұрады. Әр эпизод бір-біріне ұқсамайтын стиль­мен өрнектелген. Джойс әр эпизодты жаңа стильмен жа­зып, оны кемеліне жеткізіп, келесі эпизодта шығармасын мүлде бөлек стильмен жазып кетеді. Шығармадағы формамен, маз­мұнмен ойнайтын күр­делі экс­пе­ри­менттерді түсіне алмасаңыз, стиль жаңартудың үлгісі ретінде де романды оқып шығуға бола­ды. Бірақ бұл туын­ды­­ның жалғыз ерек­шелігі осы екен деп ойламаңыз.

Бүгін таңертең Владимир Набо­­ков­тың, Мераб Мамардашвилидің, Ан­дрей Аствацатуровтың «Улисс­ті» талдаған ең­бектерін оқып шық­тым. Күр­делі тақы­рыпқа сүң­гіп кет­кен­діктен Джойс тура­лы дәріс­­терімде жан-жақты ізденіп, қо­лым­нан келгенше оқыр­манға суреткер дүниетанымының қалай қалыптасқанын түсіндіріп беруге тырысып жатырмын.

– Шығармашылық ой-пікі­рі­ңіз­бен бөліскеніңізге рахмет.