Аймақтар • 08 Қараша, 2024

Жасыл энергияға басымдық берген өңір

52 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы жиырма жыл иінінде жаһан жұрты жаңартылған энергия көздерін дамытуға басымдық беріп отыр. Әлемдік деңгейдегі ғалымдар да жыл өткен сайын жаңар­тылған энергия көздеріне деген тәуелділік артатынын нақты деректермен дәйектеп жүр. Олар келтірген мәліметке сенсек, ширек ғасырдан соң әлем елдеріндегі жасыл энергияның үлес салмағы 35 пайызға жетуі бек мүмкін.

Жасыл энергияға басымдық берген өңір

Расында да, жаһан елдерінің басым бөлігі алдағы уақытта жаңартылған энергияға деген тәуелділіктің үстемдік құратынына күмән келтірмейді. Содан болса керек, жаңартылған энергия көздерін көбейту мақсатында біздің елде де ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Өйткені жасыл энергияны өркендету жұмысын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жергілікті атқарушы билік өкілдеріне шегелеп тұрып тапсырды.

Өңірде жаңартылған энергия көздері нысандарын салуға қатысты қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? Бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленген бе? 14 жыл бұрын басталған жобалар же­місін берді ме? Алдағы уақытта өңір­­де қандай нысандар салынады? Кө­кей­де жүрген осындай күлбілтелі сауал­дар­ға облыстық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқарма­сының басшысы Ғалым Исақов жауап берді.

Қолда бар деректерге жүгінсек, жа­ңартылған энергия көздері нысандарын салу жұмысы Жамбыл өңірінде 10 жылдан астам уақыт бұрын басталып кеткен екен. Өңірдің бірнеше ауданында жасыл энергияға көшу бағытында нақты жобалар қолға алынған. Қазіргі кезде атқарылған ауқымды жұмыстар тиімді нәтижесін беріп отыр.

«Біздің өңірде жаңартылған энергия көздерін дамыту, күн, жел, су арқылы электр энергиясын алуға барлық жағдай қарастырылғанын айта кеткен жөн. Соңғы уақытта ірі инвесторлар да осы бағытты қолдауға баса назар аударып отыр. Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы билік өкілдері де білек сыбанып жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда Жамбыл облысында жасыл энергияға басымдық беру жұмысы 2010 жылы басталғанын жергілікті жұрт жақсы біледі. Яғни өңірде 14 жылдан бері жаңартылған энер­гия көздері арқылы электр энергия­сын алуға қатысты жұмыстар жүйелі атқарылып жатыр. Нақты деректермен сөйлейтін болсақ, 2010 жылы жалпы қуаты 2 МВт құрайтын 2 ЖЭК нысаны пайдалануға берілді. 2015 жылы жалпы қуаты 114 МВт құрайтын 9, 2021 жылы жалпы қуаты 387,8 МВт құрайтын 17, 2022 жылы жалпы қуаты 451,3 МВт құрайтын 21 нысан болды. Биылғы жылы жалпы қуаты 571,3 МВт құрайтын нысандардың саны 22-ге жеткізілді», деді Ғ.Исақов.

Жалпы, өңірде жасыл энергия үлесін арттыру жұмысы әуелден қарқынды басталды. Жергілікті атқарушы билік өкілдері қай кезде де уақыт сұранысына сай, ЖЭК стансасын мүмкіндігінше көбірек салуға ерекше ден қойды. Біраз жыл бұрын салынған «Burnoe Solar-1», «Burnoe Solar-2» стансаларының жұмысы көңіл тоғайтады. Ресми деректерге сенсек, Жуалы ауданы аумағында орналасқан, күннен электр энергиясын өндіретін бұл нысандар Орталық Азиядағы ең ірі стансалар санатына енген.

Соңғы деректерге көз жүгіртсек, елімізде 148 жаңартылған энергия көзде­рін өндіретін нысан бар екен. Оның 22-сі Жамбыл облысы аумағында орналасқан. Басқарма басшысының айтуынша, Жамбыл өңірі алдыңғы қатарда тұр.

«Жоғарыда айтқанымыздай, өңірде жалпы өндіріс қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 нысан жұмыс істеп тұр. Олардың 6-ы су электр стансасы болса, 10-ы жел электр стансасы, қалған 6-ы күн электр стан­сасы. Өңір аумағында орналасқан жел электр стансаларынан 275,65 МВт энергия өндірілсе, күн электр стансаларынан 271,25 МВт, су электр стансаларынан 24,4 МВт энергия өндіріліп жатыр. Бұл – ұзақ жыл бойы, табандылықпен атқарылған жұмыстың нәтижесі», дейді Ғ.Исақов өңірде қолға алынған ілкімді істердің нәтижесіне сүйеніп.

Жасыл экономиканы өркендету мәселесі Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты Жолдауында жасыл экономиканы дамыту жұмысы үздіксіз жалғасатынын шегелеп тұрып тапсырғаны белгілі.

«Жаңартылған энергетика жобаларын жүзеге асыру жалғасады. Су электр стансаларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен, сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек», деген Президент сөзі жергілікті атқарушы билік өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктегені даусыз.

«Жаңартылған энергия көздері нысандарын салу жұмысы өңірде алдағы уақытта да үздіксіз жалғасады. Нақты дерекке жүгінсек, осы жылдың 10 айында облыс аумағындағы ЖЭК нысандарынан сағатына 588,4 млн КВт электр энергиясы өндірілген. Ал өңірде соңғы үш жылдың бедерінде бірқатар ірі және шағын жобалар іске асырылды. Бір сөзбен айтқанда, қолға алған жобалардың нәтижесін көріп отырмыз.

2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі «Жаңатас» жел электр стансасы пайдалануға берілді. Жалпы құны 49 млрд теңгені құрайтын ірі нысанның жылдық өндіріс қуаты – 100 МВт. Сонымен қатар жылдық қуаты 9,2 МВт электр энергиясын өндіруге қауқарлы «Тасөткел» су қоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі осы жылы іске қосылды», дейді жауапты бас­қарма басшысы мәселенің мәнісін түсіндіріп.

Жалпы алғанда, ЖЭК нысандарын салу жұмысы соңғы жылдары өңірдің бірқатар аудандарында қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс облыс орталығы Тараз қаласының маңында орналасқан Жамбыл, Талас аудандарында да талапқа сай атқарылып келеді. Мәселен, 2022 жылы Жамбыл ауданы аумағында жылдық қуаты 50 МВт құрайтан «AEC ASA» күн электр стан­сасы, Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын «Шеңгелді», «Шеңгелді-2», «Новатэкс ЖЭС» жел электр стансасы жобасы іске асырылды.

«Өңірде жаңартылған энергия көздері нысанын салу жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғасады. Осы жылдың басында Сарысу ауданы аумағында «Шоқпар ЖЭС» нысаны іске қосылды. Бұл нысанның жалпы қуаты 100 МВт құрайды. Білікті мамандар өңірдің барлық қиыры жаңартылған энергия көздері нысанын салуға қолайлы екенін алға тартып отыр. Осы орайда алдағы жылдары өңірде тағы үш ірі жоба іске асырылатынын айта кеткен дұрыс. Облыс орталығынан шалғайда жатқан Мойынқұм ауданы аумағында франциялық «Total Eren» ЖШС жалпы қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасын салуға құлшынып отыр. Бұдан бөлек Сарысу, Талас ауданы аумағында да жасыл энергияға көшу жөнінде нақты жұмыстар қолға алынбақ. Анығырақ айтсақ, «Masdar» компаниясы (БАӘ) жалпы қуаты 500 МВт құрайтын жел электр стансасын салуға қызығушылық танытты. Сондай-ақ қытайлық «China Power International Holding Limited» компаниясы Сарысу ауданы аумағында қуаты 500 МВт құрайтын жел электр стансасын салуға ниетті», дейді Ғ.Исақов алдағы уақытта атқарылатын жұмыс ауқымы туралы әңгімелеп.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде күннен, желден, судан электр энергиясын өндіру, жаңа нысандар салу жұмысы алдағы бірнеше жыл бедерінде тоқтаусыз жүзеге асырылады. Өйткені шетелдік ірі компаниялар осы бағытқа инвестиция салуға ниет білдіріп отыр.

«Жалпы, жаңартылған энергия көз­дерін өндіретін нысандар салу жөнінде өңірге қатысты нақты жоспар бар. Болжам бойынша, 2028 жылға қарай облыс аумағында салынған түрлі стансалар есебінен 2,5 ГВт электр энергиясын өндіруге мүмкіндік туады. Алдағы бірнеше жылдың бедерінде облыс аума­ғындағы нысандардың саны 28-ге жетеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүйелі түрде жүзеге асыру жө­нінде облыс аумағында ауқымды жұ­мыс атқарылып жатқаны даусыз. Біз­дің басқарманың қызметкерлері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері әлеуетті инвесторлармен жұмылған жұды­рықтай бірлесіп еңбек етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі жасыл энер­гия үлесін арттыруда жасалып жат­­қан нақты жұмыстар бар, нәтижесі де сал­мақты», деді басқарма басшысы Ғ.Исақов.

Қалай десек те, Жамбыл өңірінде баламалы энергия көздерін өндіретін стансалар салу жұмысы жылдар бойы қарқынды түрде жалғасып жатқаны күмән тудырмайды. Нәтижесінде, өңір республикада үздіктер қатарына еніп отыр. Алдағы уақытта мұнда тағы бірнеше ірі жоба іске асатынын ескерсек, Жамбыл облысы жасыл энергия өндіруден көшбасшыға айналуы да ықтимал.

 

Жамбыл облысы