Жансарай • 15 Қараша, 2024

Адам Бейімбет

57 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қайбір шығарма автордың көлеңкесі секілді. Жазушы жаратылысына қарай туындысы сондай болмақ. Бейімбет Майлин шығармалары бірде біртоға, бірде салқынқанды, бірде бұрқасынды кепке түседі. Бейімбет болмысы, Бейімбет мінезі, жалпы адам Бейімбеттің тұрпаты оқырманға жұмбақ.

Адам Бейімбет

Сурет: ulys.kz

Ғабит Мүсіреповтің «Біз­дің Би-аға» естелігі жазушы болмысының қырларын етене танытады. Салмақты, қақ-соқпен ісі жоқ, сөзге адал қа­ламгердің тұлғалық тұрпаты тұрлаулы болғанға ұқсайды. Тіп­ті жазуға берілгендігінен бе, әлде дөй қызметті өзіне қол көрмеді ме, жоғары лауазымға келгенде үнемі аяқ тартыпты. Мүсірепов мақаласында неше рет жалынса да ағасын бас редактор болуға көндіре алмағанын жазады. «Бейімбет жиналысқа да президиум сайланып бол­ған соң кіреді екен. Ондағысы – жиналысты басқаруға сайланып қалам ба деп қорқады. Бірдеңеге бастық болуға жоламау – Бейімбеттің ерекше мінезі еді. Өзгеміз ондайдан қашып көрген емеспіз». Мұнан әрі өсек-ғайбатпен үш қайнаса сор­пасы қосылмайтын ірі, мәрт, ерек тұлғасы суреттеледі. Иә, «ірілік қана аңызға айналады». Сасық құдыққа үңілмейтін, тәуелсіз сана, жомарт жүректен ғана жілікті дүниелер туса керек. «Бейімбеттің жаны жек көретін нәрсесі сыбыр-күбір болатын. Ұмытпасам осы тұста Бейімбет маған ұмытылмас бір ескерту жасады: «Осы жылымнан аулақ бол, бұған бір түсіп кетсең, түбі бар екен деп ойлама!», деді. Газет, журнал беттерінде қым-қиғаш айтыстар болып жатқан күндерде Бейімбет бір жазушы туралы жаман сөз айтқан емес. Бет тырнасқа, кеудемсоқ сынға ренжіп қарайтын еді». Ал көпе-көрінеу жөнсіз қызыл сөзден, адам мол жиналатын жерден қашқақтау немесе той-жиынды аса ұната бермеу – кез келген жалғыздығы қалыптанған ойлы адамның белгісі. Батыс ғалымдары ақыл­ды адамның үш белгісі барын айтады. Бірі – үстелі шашылып жатуы, екіншісі – түнгі ұй­қыға шорқақтығы, үшінші­сі – адам көп жерлерде өзін қораш сезінуі. Адам Бейімбет­те осы үш белгі де кездесіпті. «Біздің Би-ағаңда» жазушы­ның оңашаға құмар тұрпаты ашылады. «Түні бойы әңгімеле­сіп отыруға ерінбейтін Бейім­бет, таң атқанша жазып отыру­ға жалықпайтын Бейімбет, іркіс-тартысы байқала бастаған жиналыстарда тез шаршаушы еді. Көзін бұлдыратып, сөзін тұмандатып, қызыл желдетуге шебер ұсақ «саясатшылардан» алыстау жүретін. Жиналыстар­да сондай ыңғай белгі берсе-ақ, «кетпейміз бе?» деген бірауыз сөз жазған бір жапырақ қағаз жібереді маған. Өзі сытылып шығып есік алдында күтіп жүреді».

Адам ретіндегі Бейімбет­тің болмысын тануда ең шынайы сөздер қызы Рәзияның естеліктерінде қылаң береді. Жазушының кісілігіне, кіші­пейілдігіне сол жазбадан тән­ті боласыз. Тіпті төпелей сөй­леген жары Гүлжамалдың долы келбетіне қарап: «Келгенің қандай жақсы болды. Бір шайпау әйелдің бейнесін шығара алмай отыр едім. Құтқардың», деп ары қарай жаза бергенін оқып, сүйсіне жымиясыз. «Ой, маңғазым-ай. Еркек болып дауыс көтерген емес. Жұрт­тың еркектері айқайлап, тіпті боқтап, балағаттап жатады ғой, мұның бірде-біреуі онда жоқ еді» депті жары кейінгі сөзінде.

Мұхтар Әуезов жазушы туралы төбел пікір айтып­ты. «Бейімбет Майлин шы­ғар­­­маларында терең шындық бар. Жалаң қиялға дес бермей, ас­қақ романтикаға да еліктемей, қазақ жазушыларының ішінде реализмге, шындықты суреттеуге, шығарманың көркемдік құндылығына мән берді, өмір шындығын, адамдардың тип­тік бейнесін жасауда Бейім­бет­тей ешбір жазушы шынайы суреттей алған емес». Себебі дер едік біз, Майлин өзі де шынайы өмір сүрді. Өзінен өзге адам жасауға құлшынбады. Ақ сөйледі, тура жолмен жүрді. Өзінен кейін­гіге қамқор болды. Тіпті Ғабит Мүсірепов­тің жазушылық қай­нар бұла­ғын тырнап ашқан да тікелей Бейімбет екені талассыз ақиқат. Өмірінің соңы­на дейін сырбаз, маңғаз, бір қа­лыпты болмы­сынан танбады. Тұрлаусыздықтың түбірсіз шең­геліне іліккен жоқ. Таразы да, қазы да өз бойына орнық­қан шын мәніндегі тұлға болды. Абай бастаған аманатқа адал болып, ұлт рухын үрледі, аз өмірді ат төбеліндей халқына арна­ды.

Адам Бейімбетті, кісілігі асқан арда азаматты сағынатын секілдімін.