Жәдігер • 07 Желтоқсан, 2024

Сыр жәдігерліктері

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Сыр – Алаштың анасы» десек, тарихы шұңғыма өңірдің бет-бедері бүгінде айшықталып келеді. Қойнауына қадау-қадау мұра жасырған қазыналы мекеннің айтары бөлек, астары бай.

Сыр жәдігерліктері

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қол­дауымен Ұлттық музейде Қызылорда облыстық та­рихи-өлкетану музейінің 85 жыл­дығы аясында «Сыр өңірі – Түр­кі өркениетінің алтын бесігі» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет коми­тетінің төрағасы Күміс Сейітова, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, елордалық қаламгерлер мен әншілер қатысты.

– Сыр өңірінің рухани жәдігерлерін насихаттау мақ­сатында 2023 жылы Астана қаласының 25 жылдығына арналған облысымыздың елордада өнер күндері өткізілсе, 2024 жылы Алматы қаласында да Сыр елінің мәдени күндері өткізілген болатын. Өңірлер арасындағы рухани байланысты арттыру, тәжірибе алмасуды көздейтін бұл игі бастамалар бүгінде елордамызда жүзеге асып жатыр. Міне, көрмеге археологиялық қазба жұмысы кезінде табылған экспонаттар, сақ өркениетіне жататын Шірік Рабаттан табылған алтын жапсырмалар, сонымен бірге С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы қорында сақталған қылқалам шеберлерінің 40-қа жуық картинасы көпшілік назарына ұсынылмақ, – деді Шахмардан Асқарұлы.

пр

Мұнан соң жыршы, термеші, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Күнсұлу Тү­рікпен «Толғау» термесін орындап, көрерменге Сыр өнер­­­паздарының мұрасынан шашу шашты. Келген қонақтар көрме залына өтіп, тарихы терең өңірдің этнографиялық бұйымдарын, музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясын тамашалады. Сонымен қатар көрмеге тарихи тұлғалар Бұқарбай батыр Естекбайұлының, Қалмұхаммед ишан Маралұлының, Ер Сейіт­пенбет әулиенің, Сердалы би Бекшораұлының, Құлболды ишан Сұлтанұлының қару-жарақ, мөр, кітап, қолжазба, шежіре сияқты пайдаланған жәдігерлері әкелінген. «Сығанақ ханшайымы» реконструкциясы қонақтардың назарын аударды. Маржан көзді алтын сырғалар, көгілдір ақық көзді цилиндр формасындағы тұмар, тамшы түріндегі түймелер және маржан моншақ­тардың түпнұсқа коллекциясы, қыш ыдыстар мен глазурлі қаптамалар, әртүрлі құмыралар көрермен көзайымына айналды.