Сурет: kazgazeta.kz
Осы жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағы бірлесіп, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» атты жоба ұйымдастырды. Аталған бірегей жоба – жас ақын-жазушыларды қолдауға және қаламгерлер шығармашылығын дамытуға бағытталған іргелі бастама. Жобаның негізгі мақсаты ретінде шығармашыл жастардың әдеби әлеуетін арттыру, қоғамдағы рөлін күшейту, ұлттық әдебиеттің жаңа бағыттарын қалыптастыру көзделген. Шынында, бірегей бастама қалам ұстаған таланттардың қанатына дым бүркіп, орамды ойлануға, шеберлікке, жазуға ынталандырады. Атап айтсақ, еліміздің әр өңірінен 20 жас қаламгер іріктеліп, байқау шарты бойынша өзіне тиесілі облыстар мен қалаларды аралап, Ұлы даланың қыр-сырын, жұмбағы мен тылсымын туындыға айналдырған. Аталған бағдарлама аясында әріптестеріміз Жәнібек Әлиманның «Алтын тұңғиық», Бақытбек Қадырдың «Жайлаукөл» кітабы, сонымен бірге Саян Есжанның «Жайық жырлары», Ғылымнұр Кәдірбайдың «Тау ішінде», Айдын Байыстың «Алтын қазық», Біржан Ахмердің «Мың бояулы мекен», Есбол Нұрахметтің «Қызылжар дәптері», Әлішер Рахаттың «Күз. Жел. Бұлттар. Ғажайып», Әлихан Жақсылықтың «Ескі вокзалдың жолаушылары», Қуаныш Жазайұлының «Жыр-дария», Мәрлен Ғилымханның «Төбелер стихиясы» – барлығы 20 жас ақын-жазушының жаңа жинақтары жарық көрді.
«Әдеби панорама» – ұлттық әдебиеттің ілгерілеуіне серпін беріп, болашаққа құнды мұра қалдыруға ұйытқы болатыны талассыз. Іргелі жоба елдің мәдениеті мен әдебиетінің жаңа биікке көтерілуіне ықпал етеріне сеніміміз мол.