Жалпы, «Disney» компаниясында фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – бұрыннан бар үрдіс. «Disney» жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай таңдаулы тілдер қатарына қосылып, әлемге әйгілі кейіпкерлердің қазақ көрерменімен бір тілде сөйлеуі, әрине, айтулы оқиға.
Еске салсақ, кішкентай көрерменнің көңілінен шыққан «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің басты кейіпкері Райлиді Ақерке Естайқызы, Қуанышты – Гүлнар Тлебалды, Мұңды – Алма Қылмұқан, Қорқынышты – Рүстем Жаныаманов дыбыстаған болатын. «Ninety One» бойз-бэндының солистері – Азамат Ашмақын мен Батырхан Маликов, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев та жобаға үлес қосқан еді.
Ал көптен күткен шытырман оқиғаларға толы «Моана 2» анимациялық фильмінің режиссері – кіші Дэйв Деррик, музыка авторы – «Грэмми» сыйлығының жүлдегерлері Эбигейл Барлоу мен Эмили Беар, «Грэмми» номинанты Опетайя Фоая мен үш дүркін «Грэмми» жүлдесінің иегері Марк Манчина.
Қазақ тілінде көрсетілген келесі туынды – «Муфаса: Арыстан патша». 2019 жылғы «Арыстан патша» фильмінде қолданылған заманауи технологиялардың көмегімен түсірілген бұл картина Муфасаның балалық және жастық шағын, бауыры Шраммен арадағы өшпенділіктің түпкі тарихын баяндайды. Фильм режиссері – Барри Дженкинс («Ай сәулесі»), сценарийін Джефф Натансон («Терминал») жазған.
Ұсынылған фильмдердің қазақ тіліндегі дубляжы отандық «Movie Dalen» студиясында жасалды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы «Disney» студиясының бұл бастамасына қолдау білдірді. Жалпы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыты «Disney» компаниясының ұстанымымен үндес келеді. «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қорын арттыруға басымдық береді.