Бұл кітаптың алғашқы нұсқасы 1912 жылы 40 бет көлемінде жарық көріп, оқулықтың беташары ретінде автор өзінің «Тарту» атты тақпағын ұсынған екен. Бұл оқулық екінші рет 1913 жылы жарық көрсе, кейінгі жылдары жетілдірілген нұсқалары 1914, 1916, 1921, 1922 (екі рет), 1923 және 1925 жылы басылып шыққан.
Әр басылым сайын кітаптың бірін-ші бетінің үстіңгі оң жағына «Биисми-иллаһи-рахмани-раһим» («Алланың атымен бастаймын») деген Құран аяты жазылып, қазақ əріптері төте жазу нұсқасымен таңбаланып, əрбір әріптің тұсына таңбасы жəне сол таңбаның атауы жазылған. Жəне төменгі жағына оқытушыға түсінік, яғни нұсқаулығы қатар беріліп отырған.
Ал оқулықтағы мәтіндер қысқа əрі нұсқа һәм оқушының ұғымына сай, түсінігіне лайық түрде берілген. Мысалы, онда: туыс-туған атаулары, тұрмысқа қажетті киім-кешек, үй жабдықтары, ыдыс-аяқ, мал және хайуан атаулары, ас-тағамдар мен дене мүшелерінің атаулары, т.б. қамтылыпты.
Ал біз сөз етіп отырған соңғы басылым автордың ұзақ жылғы ізденіс нәтижесінде толық жетіліп, кемелденген түрі екен. Бұл тақырыпты қаузаған жас зерттеуші Әділет Ахметұлы: «1924 жылы Ақаң өзінің әліпбиіне үлкен өзгеріс енгізіп, төте жазудағы әріптерді (қазақтың төл дыбыстарына сай) және емле ережесін тұрақтандырды. Яғни ол ч, ф, х, әріптерін әліпбиден шығарып тастады және «й» мен «у»-ға қатысты дауға нүкте қойды. Бұл жаңалықтарын 1925 жылы жарияланған оқулыққа енгізді», деп жазады.
Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасы – ХХ ғасыр басындағы ұлттық ағартушылықтың ерен үлгісі. Соның бірі – қазақ баласын көр қараңғылықтан құтқаруға ұмтылған «Қазақша әлббә. Оқу құралы».
Қазақ тарихындағы Ахмет Байтұрсынұлы еңбегі – ұлтпен бірге жасайтын өміршең еңбек. Сондықтан да қиын-қыстау заманда туып, халқын ағартып, жаңа биікке бастаған ұлт ұстазы мұрасы қашанда тағылымды.