Ең көп GenAI технологиялары қай елде ойлап табылған? Дереккөз: WIPO, Generative Artificial Intelligence 2024
Бұл мақалада оқырман назарына биыл Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO – World Intellectual Property Organization) ұсынған зерттеу қорытындысын ұсынамыз. Зерттеуде Генеративті жасанды интеллектінің бүгінгі даму барысы мен компаниялар ұсынып жатқан өнімдерге жан-жақты талдау жүргізілген. Аталған бағыттағы жаһандық дамудың қалыптасқан жағдайы мен жаңа өнімдерге деген мамандар қорытындысы жасалған.
Есепте Генеративті жасанды интеллект туралы ең көп ғылыми жарияланымдарды қай мекемелер шығарғаны туралы атап өтіледі. Деректерге сүйенсек, Қытай ғылым академиясының 2010 жылдан бері 1 100-ден аса жарияланымдары бар әрі саны бойынша әлемде көш бастап тұр. Цинхуа университеті мен Стэнфорд университеттерінің әрқайсысында 600-ден аса жарияланымдары жарыққа шығып, екінші және үшінші орындарды иеленген. Alphabet/Google 556 ғылыми жарияланыммен – төртінші орында. Алайда ғылыми жарияланымдардың нақты әсерін дәйексөздер саны бойынша талдау кезінде Alphabet/Google үлкен маржамен жетекші мекеме ретінде тіркелсе, бұл бағыттағы OpenAI компаниясының жетістіктері де жоғары екені атап өтіледі.
Ең көп GenAI технологиялары қай елде ойлап табылған? Зерттеудегі мамандар қорытындысына сүйенсек, бұл бағытта мемлекеттер рейтингі төмендегідей ретте: Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Үндістан, Ұлыбритания, Германия.
Мамандар патенттерде жарияланған өнертапқыштардың мекенжайларына сүйене отырып, 2014-2023 жылдар аралығында 38 мыңнан аса патенттік жобалар Қытай ғалымдарына тиесілі екенін анықтаған. 2017 жылдан бастап Қытай ғалымдары жыл сайын бұл салада басқа елдерге қарағанда көбірек патенттер өндіріп келеді.
GenAI-де ең көп патенттері бар ұйымдардың қатарында Tencent, Ping An Insurance Group, Baidu, Қытай ғылым академиясы және IBM компаниялары көш бастап келеді.
GenAI-дегі технологиялық жетістіктер патенттеу белсенділігінің күрт артуынан көрінеді. Кейінгі 10 жылда жалпы патенттік жобалардың саны 2014 жылғы 733-тен 2023 жылы 14 мыңнан аса жобаға дейін өскен. Осы кезеңде ғылыми жарияланымдардың саны 2014 жылғы 116-дан 2023 жылы 34 мыңға дейін артқан. Тек 2023 жылдың өзінде ғана барлық патенттің 25%-дан астамы және барша GenAI ғылыми жұмыстарының 45%-дан астамы жарияланған.
Компаниялар арасында Tencent, Ping An Insurance Group және Baidu ең көп GenAI патенттеріне ие. Қазіргі таңда Tencent пайдаланушы тәжірибесін жақсарту үшін Wechat сияқты өнімдеріне GenAI мүмкіндіктерін қосуды жоспарлап отыр. Ping An андеррайтеринг пен тәуекелдерді бағалаудың жалпы үлгілеріне назар аударып жатыр. Baidu жалпы ойыншылардың алғашқыларының бірі болды және жақында LLM негізіндегі ERNIE 4.0 жасанды интеллект чатботын ұсынды. Қытай ғылым академиясы (төртінші) – үздік ондық рейтингіндегі зерттеу ұйымы. Alibaba (алтыншы) және Bytedance (тоғызыншы) – үздік ондыққа кіретін қытайлық компаниялары қатарында.
Есепке сүйенсек, IBM (бесінші), Alphabet/Google (сегізінші) және Microsoft (оныншы) GenAI патенттері бойынша АҚШ-тың жетекші компанияларына жатады. IBM компанияларға деректердің қауіпсіздігі мен сәйкестігіне баса назар аудара отырып, LLM-ді орналастыруға мүмкіндік беретін Watsonx жалпы платформасын әзірледі. Alphabet/Google компаниясының Deepmind жасанды интеллект бөлімшесі жақында Alphabet/Google өнімдері мен қызметтеріне біртіндеп интеграцияланатын Gemini компаниясының соңғы LLM моделін шығарды. Microsoft компаниясы да – нарықтағы негізгі ойыншылардың біріне жатады және OpenAI-дың инвесторы қатарында. Сонымен қатар үздік ондыққа Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics электроника конгломераты (жетінші) кіреді.
Зерттеуге сүйенсек, GenAI патенттерін қолданудың негізгі бағыттарына мыналар жатады: бағдарламалық жасақтама, өмір туралы ғылымдар, құжат айналымы және баспа ісі, бизнес шешімдері, өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі, тасымалдау, қауіпсіздік пен телекоммуникациялар.
Зерттеуде 2022 жылдың қарашасында OpenAI көпшілікке ChatGPT (Chat Generative Pre-trained Transformer) өнімін ұсынғаны атап өтіледі. Бұл әлем халқының GenAI-ге деген ынтасын айтарлықтай арттырғаны анық. Бес күннің ішінде миллионнан аса адам ChatGPT-ді пайдалануға жазылды. 2023 жылы Deloitte аудиторлық және консалтингтік фирмасы жүргізген сауалнама қорытындысы Швейцарияда компьютермен жұмыс істейтін респонденттердің шамамен 61%-ы күнделікті жұмысында ChatGPT немесе басқа GenAI бағдарламаларын қолданатынын көрсетті. ChatGPT шығарылымын көптеген маман, соның ішінде Nvidia бас директоры Джен-Хсун Хуан GenAI үшін «iPhone сәті» ретінде сипаттады. Бүгінде көптеген компания GenAI-ге қомақты қаржы салып отыр және бұл жаңа модельдердің мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді.
Қорыта айтқанда, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы ұсынған есеп жасанды интеллект дамуының бүгінгі жай-күйін талдаған маңызды зерттеу нәтижелерімен, мамандар келтірген ғылыми тұжырымдарымен зерттеушілерге, тақырыпқа қызығушы қауымға қосымша көмекші құрал бола алады.
Сезім ӘУБӘКІРОВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы