Несие • Бүгін, 09:15

Тауарлық несиенің несібесі мол

29 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауылдағы ағайынның ырысын еселеуді мақсат тұтқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының сапалы орындалуын Мемлекет бас­шы­сы халыққа Жолдауында айрықша атап өтті. Бұл әсте те­гін емес. Ауылдың өркендеуі, елдің дамуына серпін беретіні бел­гілі. Ал бағ­дарлама негізінде қолға алынған «Тауарлық несие» жо­басы қарапайым адамдардың кәсіп бастауына жол ашты.

Тауарлық несиенің несібесі мол

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бір жылда елімізде 75 мектеп жабылыпты. Бұл 75 ауылдың тағдыры қыл үстінде дегенді біл­ді­реді. «Тауарлық несие» осындай «дерттің» тамырына балта шапса игі. Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, жоба Ақтөбе облысында кеңінен қолданысқа ене бастады.

«Бір ғана Ақтөбе облысында кейін­гі үш жылда 17 мың адам ауыл­­­дан көшіп кеткен. Солардың 10 па­­йызы Алматыға, 10 пайызы Астанаға, тағы 10 пайы­зы шетел­дер­ге қоныс аударды десек, қал­ған 70 пайызы қайда барады? Әрине, аудан, облыс орталы­ғына келіп ор­наласады. Оның бәріне жұмыс орны керек. Бас­панадан бастап барлық инфра­құ­рылымдық жағдайды жасап беру ләзім. Бұл ауқымды шаруа үлкен қаржыны қажет етеді. 17 мыңның 1 мыңын ғана үй­мен толық қамтамасыз етсек, шағын бір аудан пайда болады. Ал ауылдағы дайын меди­ци­на­­лық амбулатория мен мек­теп, бала­­бақша тағы басқа инф­ра­құ­ры­­лым­дық нысандар қаңы­рап бос қа­лып, ақырында қирап құлайды. Сөй­тіп, ол жерге жұмсалған қыр­уар қаражат ысырап болады», дейді.

Айтуынша «Тауарлық несие» жобасы осындай ахуалды болдырмаудың амалы ретінде қолға алынды.

«Ауыл аманаты» бағдар­ламасымен берілген 2,5 пайыз­дық несие тұрғындардың жаппай жұмыспен қамтылуына мүм­кіндік тудыра алмады. Себебі жеңілдетілген несиені алу үшін де адамның қолында бірқатар тиісті құжат болуы керек. Ауыл халқының 90-95 пайы­зы түрлі несиеге байланған. Сон­дықтан тұрғындардың 70-80 пайызы бағдарламаға қатыса алмай қал­ды. Осы жағдайлар ескеріліп, ешқандай кепілсіз және пайызсыз «Тауарлық несие» жобасы енгізілді», дейді Ералы Тоғжанов.

Тауарлық несие әуелде мал басымен берілді. Ауылдағы ірі кәсіпкер-фермерлер жергілікті азаматпен өзара келісіп, оған 5 немесе 10 бас мал береді. Кәсіп­кер көзсіз тәуекелге ұрын­бауы үшін мемлекеттік кепіл ретінде келісімшартқа сол ауылдың әкімі үшінші жақ болып қол қояды. Бұл облыс әкімінің негіздемесі үшін қажет. Табиғи апат туындаса кәсіпкер шығынын мемлекет қайтарады.

«Тауарлық несиеге қол жет­кіз­ген адам облыс пен аудан әкімін алдауы, әйтпесе олардан ұялмауы мүмкін. Бірақ бір ауыл­да тұратын әкімнен ештеңені жасыра алмайды. Ауыл адамдары бір-бірін жақсы біледі. Құда-жекжат, нағашы-жиен, көрші-қолаң дегендей ілік-ша­ты­сы тағы бар. Сондықтан бұл қайырымды несие­ге кім лайықты, кім бұл жұмысты әрі қарай жалғас­тыруға қабілетті екенін ауыл әкімі мен сондағы қоғамдық кеңес мү­ше­лері анық­тай алады», деді Үкімет басшы­сының кеңесшісі.

Келісімшарт 5 немесе 7 жылға жасалады. Оған қол қоя­­­тын шақта облыс әкімдігі­нің өкілі де қатысып, болған жай­дың бәрін құжатпен рәсім­дейді. Малды кімге беруін фер­мер мен әкім ғана емес, ауыл­­дағы қо­ғамдық кеңеспен кеңе­се отырып шешеді. Сөйтіп, «Тауарлық несиеге» берілген мал бәрінің жауапкершілігінде, бақылауында болады. Келісім бойынша түгел буаз мал жыл­дың бастапқы үш айында берілуі ықтимал. Онда 10 мал көктем шыға 20 малға айналады. Бірінші жыл – демалыс, несие төленбейді. Бір буаз ірі қара мал орта есеппен 450 мың теңге тұрса, бір сәтте ешқандай кепілсіз және пайызсыз 4,5 млн теңге ақша қораға кірген бо­лып саналады. Оны дұрыс ба­ғып-қақса, қара күзде ақшаға шақ­қандағы мал 7-8 млн теңгеге жетпек. Келесі жылдан несиені 3-4 бастан қайтара бастайды. Қазіргі күнде кейбір фермерлер мен алушы тарап бұрынғыдан да тиімді келісімге келіп, несиені сауылған сүтпен де қайтарып жатқан көрінеді.

«Жоба сәтті басталды. Еш­қандай келеңсіздік болған жоқ. Бәрі риза. Біз бұл тәжі­рибені елдің басқа аймақтарына да таратып жатырмыз. Бірақ мұны депутаттар емес, мемле­кет­тік органдар мен әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялар жа­­сауы керек», дейді «Ауыл» пар­тия­­сының төрағасы Серік Егізбаев.

Бір алаңдатарлығы «Тауар­лық несиеге» әлі күнге тұрақты ереже-тәртіп орнықпаған. Бұл туралы сұрағымызға «Ауыл» партиясы Ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Жұманов жауап берді.

«Біріншіден, тауарлық несиеге анықтама беру қажет. Менің ойымша, еліміздің қол­да­ныстағы заңнамаларында тауарлық несие туралы ұғым жоқ. Мәселен, Ресейдің Азамат­тық кодексінде тауарлық несие туралы – «тараптар бір-біріне айқындалған заттарды беру міндетін көздейтін шарт (тауарлық несие шарты) жасасуы мүмкін» делінген. Жалпақ тілмен айтқанда, бірінші тарап екінші тарапқа белгілі бір затты белгіленген мерзімге қолдануға/пайдалануға беріп, белгіленген мерзімде бекітілген шартқа сәйкес сол затты қосымша құны­мен қоса қайтарып алуына болады. Ал біздің елде мұндай әре­кеттер азаматтық-құқықтық шарт арқылы реттеледі», дейді.

Мемлекеттік маңызы зор жо­баның орындалуы Пре­мьер-министрдің жіті қадаға­лауында. Жобаны бар­лық деңгейдегі әкімдер, жергілік­ті билік өкіл­де­рі де аса жауап­кершілікпен қабылдап отыр.