Теңге • 18 Қаңтар, 2025

Шектеу шаралары теңгені нығайта ма?

158 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2024 жылдың соңында теңге бағамы бір долларға шаққанда 500 теңгеден асып, қоғамдық резонанс тудырды. Бұл үрдіс биыл да жалғаса түсті. Осыған байланысты Ұлттық банк қатаң шаралар енгізуге мәжбүр болды. Ең алдымен айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша қолма-қол шетел валютасын сатып алу бағамының шегін белгіледі. Ол енді АҚШ доллары үшін – 7 теңге, еуро үшін – 10 теңге.

Шектеу шаралары теңгені нығайта ма?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков мұндай шешім теңгені құн­сызданудан қорғап, алыпса­тар­лардың тәбетін тежеуі мүмкін дейді.

«Бірақ мерзімін ұзартып алсақ, нарықта екі бухгалтерия құруға жол ашып аламыз. Мысалы, Өзбекстан ондаған жыл осы жүйеге басымдық берді, алайда қазір бас тартты. Себебі дол­лардың қара нарықтағы баға­сы елдегі бас банктің бақы­лауынан шығып кетті. Ресей валютасының құбылуы теңгеге қысым жасап жатыр. Ұлттық банктің шектеу шарасын көрші елдегі жағдай түзелгенше қол­да­ныста болатын уақытша шешім деп қабылдауымыз керек. Себебі валюта нарығында жағдай өте күрделі. Қазіргі бағам жақсы бол­жам айтуға мүмкіндік бермей тұр. Бұл – әзірге шыдауға болатын, бірақ кейін дағдарысқа себеп болатын жағдай. Бірінші кезекте осындай шараларды ұзақ уақыт пайдаланған елдердегі көлеңкелі, қара нарықтың тәуекелін қаперге алуымыз қажет. Ұлттық банк осы қаулысы арқылы қажет кезде шұғыл шешім қабылдай алатынын байқатты», дейді сарапшы.

Қаңтардың алғашқы аптасында доллар 528,71 теңгеден саудаланған еді. Қазір айырбастау пункттерінде шетелдік валюта 529,5–530 теңгеден сатылып жатыр. Валюта нарығындағы сауда көлемі де жыл басынан бері ең үлкен нәтиже көрсетті. Ұлт­тық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың пікірінше, қазір теңгеге әсер етіп отырған екі фактор бар. Бірі – доллардың күшеюі, бірі – рубль динамикасы.

«Ресей рублінің динамикасы бағдар болмауға тиіс және ол нарықтың шамадан тыс реакциясына ықпал етуі мүмкін. Ал бұл жергілікті нарықта бағамның қалыптасуын бұрмалап, артық құбылмалылыққа әкеледі. Қа­зіргі уақытта еліміз на­рығы әр­түрлі жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан осы жағдай­лар­да рубльдің долларға қатысты күрт ауытқуы теңге/доллар айырбас­тау бағамында көрінбеуі керек. Өйткені ол іргелі экономикалық шындыққа сәйкес келмейді», дейді.

Ұлттық банктің валюта нары­ғындағы жағдайды тұрақты негізде қадағалап отыратыны жыл­дың алғашқы айынан-ақ белгілі болып қалды. «Іргелі фак­торларға негізделмеген теңге­ге негізсіз қысым күшейген жағ­дайда Ұлттық банк алтын-валюта резервтері есебінен нарықта валютаны қосымша ұсы­нуды қамтамасыз етуге дайын», деп мәлімдеген еді Әлия Молдабекова. Бұл жерде, әрине, валюталық интервенцияны меңзеп отыр. Тәуелсіз сарап­шы Айдар Әлібаевтың айтуынша, теңгені қолдау сая­саты эко­но­микалық пакетсіз жүр­гі­зілсе, оны қаржыландыруға жет­кілікті қаражат жоқ болып шықса, тең­гені одан әрі әлсіретіп, инф­ля­­цияны ушықтыруы мүмкін. Та­ра­тып айтқанда, теңгені қол­дау­ға жұм­салған доллар отқа жа­ғып жіберген қағазбен бірдей.

«Ақшаны айналымнан алып-салу – бизнестің бір түрі. Бұл ар­қылы елде экономиканы құр­ғатып жіберу үдерісі жүріп жатыр. Сырт қарағанда бәрі дұрыс. Бірақ ешқайсысы дамуға әсер етпейді. Меніңше, басты назар инфляцияның деңгейіне емес, экономиканың қозғалысына ауда­рылуы керек. Біздің жағдайда ұзақ мерзімде интервенция қолданудың шығыны көп және әсері де соншалық ұзақ болмайды», дейді.

Қаржыгер Андрей Чеботарев­тың айтуынша, ақша-кредит сая­сатына деген сенім нығайып, теңгенің құбылуы төмендеу үшін Ұлттық банк жүргізіп отырған сая­сат барынша ашық болуға тиіс.

«Халық сол кезде валюта нары­ғының қалай жұмыс істей­тінін, теңге бағамының қайдан келетінін, қалай саудаланатынын түсінеді. Бізде теңгені қолдау саясатының көпке түсініксіз тұсы көп. Ұлттық банк Ұлттық қорды конвертациялау арқылы курс­ты қолдан реттеп отыр. Бірақ Ұлттық банк интервенциясының қай кезде жағымды, қай кезде жағымсыз әсер еткені – Ұлттық банк пен Үкімет үшін зерттелмеген тақырып. Қаржылық сая­сатымыз бен теңгеміздің өзге валюталармен қарым-қатынасы ең күрделі және жүйеленбеген. «Интервенциялық саясат» өз-өзін ақтады ма?» деген сауалға нарық жауап беруге дайын емес. Себебі теңгеге тірек болатын фактор әзірге интервенциямен шектеліп тұр», дейді ол.

Сарапшы Мұрат Темірха­новтың айтуынша, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамын шектеу туралы дұрыс шешім қабылдап отыр.

«Мұнай бағасы құлдыраған кезде елдің төлем балансы бірден нашарлап, теңгенің әлсіреп қа­латыны – қалыпты жағдай. Мұнай бағасы құбылмалы болып тұр­ған кезде теңге бағамының бекі­тілуі Ұлттық банкті елдің валю­та резервтерін «өртеуге» мәж­бүрлейді. Біз мұны 2014–2015 жылдары көрдік, ол кезде Ұлттық банк бағамды белгілеу үшін 30 млрд доллар шығындады. Қатаң контрциклдік бюджеттік ережелер енгізілгеннен кейін мұнай бағасы мен бюджет сая­сатына байланысты теңгенің құбылмалылығы едәуір азаяды. Меніңше, дамыған қор және валюта нарығы қалыптаспаған кезеңде теңге бағамын күшейту үшін «басқарылатын құбылмалы бағам» мүмкіндігін қарастыру қажет», деп сөзін түйіндеді Мұрат Темірханов.

 

АЛМАТЫ